Білім 28 Наурыз, 2025

«Біртұтас тәрбие» – адал азаматты қалыптастыратын бағдарлама

317 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек көңіл бөлініп келгенін, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болмағанын, бұл бағытқа тиісті деңгейде ден қойылмай отырғанын сынға алып, біліммен бірге тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды екенін айтты. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде мектепке дейінгі, орта білім, кәсіптік-техникалық білім ұйымдарындағы тәрбие мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ ОСПАН, Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан ҚАЛМАҚОВ, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр КҮЗЕМБАЙ, А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының аға тәлімгері Данияр ИХСАН, М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Арсланбек МАРАТҰЛЫ қатысып, орнықты ой-пікірлерін ортаға салды.

Еділ ОСПАН:

– Соңғы жылдары Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударып, педагогтер мен ата-аналарды өскелең ұрпақтың адал азамат ретінде қалыптасуына жұмылдыруға баса мән беріп отыр. Оқу-ағарту министрлігі қоғам өкілдері, сала мамандары, білікті педагогтер мен тәрбие саласында еңбек етіп жүрген білім қызметкерлерінің қатысуымен «Біртұтас тәрбие» бағдар­ламасын әзірледі. Бұл жұмыстарды жүйе­лі түрде ұйымдастыруға тікелей жауапты министрліктің Тәрбие ісі жөніндегі департаменті құрылды. Бағдарлама 2023 жылы қанатқақты режімде енгізіліп, 2024 жылы мазмұны толықтай жаңартылып, барлық білім ұйымында іске асырыла бастады. Бұл жұмыстарға еліміздегі Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, жүйеленген тәрбие жұмыстарында өзіндік тәжірибесі бар «Білім-инновация лицейі» мектептерінің желісі белсенді қатысты. Қазір еліміздегі 20 мыңға жуық балабақша, 7000-нан аса мектеп, 700-ден аса колледж осы бағдарламаны жүзеге асырып келеді.

Бағдарламаның өзегі «Әділетті Қазақ­стан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеологиялық үштағанымен астасып жатыр. Оның мазмұны ел Президенті атап көрсеткен, ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын алты құндылыққа сәйкес жүйеленді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында Мемлекет басшысы құрылтай мүшелерінің бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынғанын, осымен толық келісетінін айтты. Алдағы уақытта «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы еліміздегі барлық мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымына ен­гізіледі. Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауап­кершілік пен еңбексүйгіштіктің ай­қын бейнесі болатын Адал азамат қа­лыптастыру. Бағдарлама мазмұнына сәйкес білім ұйымдарындағы тәрбие үдерісі құндылыққа, құзыреттілікке бағдарланған тәсілдер арқылы іске аса­ды. Құндылықтарды бала бойына сіңіру олардың жас ерекшеліктеріне сай танымдық, тәжірибелік, эмоционалды компоненттерді қамтиды. Танымдық компонент әрбір құндылықтың мәні мен мазмұнын ұғынуды қамтамасыз етеді. Тәжірибелік компонент балалардың осы құндылықтарды іс жүзінде нақты әрекеттер бойынша іске асыруына мүм­кіндік береді. Ал эмоционалды компонент құндылықтардың өмірлік әдетке, күн­делікті дағдыға айналдыруға ықпал етеді. Осы мақсатта құндылықтар пән мазмұнына, сынып сағаттары мен сыныптан тыс тәрбие шараларына жүйелі түрде интеграцияланған. Жаңадан бекітілген Жалпыға міндетті білім беру стандартында бағдарлама құндылықтары базалық құндылықтар ретінде айқындалған. Бүгінде біздің министрлік мәдениет және ақпарат, туризм және спорт, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, ішкі істер министр­ліктері, т.б. мемлекеттік органдар ұсы­натын шаралардың барлығын тәрбие бағдар­ламасына сәйкестендіріп, жүйелеп жатыр.

«Адал азамат» ұзақмерзімді біртұтас тәрбие бағдарламасын дамыту бірнеше кезеңнен тұрады. Осы жылы бағдарлама аясында барлық қатысушыны тартып, жекеменшік мектептермен жұмысты күшейтеміз. 2026 жылы бағдарламаны қоғамға кеңінен тарату үшін пәрменді шаралар қабылданады. «Адал азамат» тұжырымдамасының құндылықтарына сай мектептердің бірыңғай дизайн-коды әзірленеді. Сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыра отырып, оқушымен, ата-аналармен жұмысты одан әрі нығайту қолға алынады. Бұл ретте ата-аналармен жұмыс маңызды рөл атқаратынын атап өту қажет. Қазіргі таңда 6 800 мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылған.

 

Ерлан ҚАЛМАҚОВ:

– Бағдарламаның негізгі тетігі – күнделікті, апта және ай сайын жүйелі іске асырылатын қадамдар. Мысалы, білім алушылардың үзіліс кезіндегі бос уақытын асық, тоғызқұмалақ, бес тас ойнап өткізуін ұйымдастыру, қоңырауды күймен күмбірлету мәдени мұраны сезінуге жол ашады. Ал «Үнемді тұтыну» жөніндегі күнделікті жадынамалар білім алушылардың экологиялық мәдениетін дамытады. Әр оқу аптасын Әнұранмен бастау тәуелсіздік пен отаншылдық рухын бекемдей түседі. Апта дәйексөздері білім алушыларды нақты құндылыққа үндеп, сабақтан тыс уақыттағы әрекетін соған бағдарлайды. Сондай-ақ әр сынып сағатының 10 минуты білім алушылардың жеке қауіпсіздігіне арналып, «Қауіпсіздік сабақтары» аясында техногендік, табиғи апаттардан, интернет, басқа да денсаулыққа төнетін қатерлерден қорғану дағдыларын дамытады. Ай сайын зиянды әдеттердің алдын алу шаралары ұйымдастырылады.

Сабақтан тыс тәрбие жұмысы жүйеле-ніп, 6 жобаны іске асыруға бағытталды. Білім алушыларды жауапкершілік пен мейірімділікке баулитын «Қамқор» жобасы шеңберінде еліміздің 3 млн-нан аса оқушысы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, 2,1 млн-ға жуық көшет отырғызды. Шығармашылық пен өнердің әлеуеті арқылы тәрбиелеуді көздейтін «Шабыт» жобасымен 1 млн білім алушы домбырада күй күмбірлетсе, 6–18 жас арасындағы 13 мыңнан көп бала «Әншуақ» фестиваліне қатысты. Жеткіншектерді түрлі мамандыққа баулып, еңбексүйгіштік дағдыларды қалыптастыратын «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы аясында 1,3 млн шәкірт қатысқан «Мамандықтар әлемі», «Мамандықтар марафоны» бай­қаулары ұйымдастырылды. Сондай-ақ 719 мың оқушыны қамтыған «Күзгі асар» жәрмеңкесі өткізілді. Жаңашылдыққа жетелеп, инновацияға ынталандыратын «Smart bala» жобасы бойынша білім алушылар инновациялық өнімдер әзірлеп, ұсынып жүр. «Балалар кітапханасы» шәкірттердің оқу сауаттылығы мен оқырман мәдениетін қалыптастырып, рухани кемелдікке бас­тайды. Жоба аясында жас оқырмандарға ұсынылатын 2 580 кітап іріктеліп, тізімі бекітілді. Қазіргі уақытта осы тізімге сай кітапхана қоры толықтырылып жатыр. Бағдарлама шеңберінде мектеп кітапханасының қорын жыл сайын 2 млн данаға ұлғайту көзделіп отыр (2023 жылы 131 млн болса, 2024 жылы 139 млн, 2025 жылы 141 млн данаға арттыру жоспарланды). Былтырдан бас­тап балалар кітапханасы порталы іске қосылды. Каникул уақытында мектептерде үйірмелер мен секциялар жұмыс істеп, қосымша шаралар өткізіледі. Балалар әр айдың үшінші жексенбісі мен каникул уақытында музейлерге тегін бара алады. Оған қоса, театрларда балаларға арналған қойылымдар қойылады. Осы көктемгі демалыстың басты ерекшелігі – «Қазақфильмнің» алтын қорындағы фильм­дер, анимациялық фильмдерді мәдениет, білім ұйымдарында тегін тамашайлатыны.

 

Анар ТӘҢІРБЕРГЕНОВА:

– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының құрылымы, мазмұны, іске асыру тетіктері тәрбиенің экожүйесіне негізделеді. Бағдарлама үш деңгей арқылы, яғни білім беру ұйымы, педагогтер және отбасы ынтымақтастығымен іске асырылады. Мысалы, 2013 жылғы «Groff, J.» зерттеулерінде мектеп өміріне отбасы, қоғамдық қауымдастықтың қатысуы құндылыққа негізделген білімді күшейтіп, этикалық мінез-құлық пен әлеуметтік жауапкершілікті арттырады десе, бұл тұжырымға қайшы пікірді «Van den Akker, J.» өз зерттеулерінде отбасы мен мектеп арасындағы құндылықтардың (мәдениетаралық, конфессияаралық, әлеуметтік әртүрлілік, т.б.) өзара сәйкес келмеуі, яғни құндылыққа негізделген білімнің толыққанды жүзеге асуына қиындық келтіретінін ескеруді ұсынады. Бала тәрбиесінде ортақ ұстаным болу үшін 2023 жылдан бері барлық білім ұйымының жанында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» ашылды. Қазірде жеті мыңға жуық мектепте табысты қызмет етіп тұр. Халықаралық зерттеулерде мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастық, ата-ананы мектептегі тәрбие жұмысына тарту баланың академиялық үлгеріміне оң ықпалы бар екені айтылады. Мысалы, «PIRLS-2016» халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес ата-аналары балаларымен жүйелі түрде айналысатын оқушылардың балы ата-аналары балаға сирек көңіл бөлетін оқушыларға қарағанда 24 балға, оның оқуына қатыспағандарға қарағанда 110 балға жоғары болды. «PIRLS-2021» зерттеуінде мектеп өміріне белсенді араласқан ата-аналардың балала­рының көрсеткіші 16 балға жоғары болса, «TIMSS-2023» 37 балға жоғары екенін көрсетеді.

Біртұтас тәрбие бағдарламасының іске асырылуын жүйелі бағалау мақсатында педагогтер мен ата-аналар арасында сауалнама жүргізіледі. Бірінші және екінші тоқсан қорытындысы бойынша сауалнамаға 270 мыңға жуық ата-ана мен 50 мың педагог қатысты. Сауал­намаға қатысқан педагогтердің 82%-ы – бағдарлама сынып жетекшісі ретінде кәсіби дамуына оң әсерін тигізетінін атап өткен. 84%-ы бағдарлама оқушылар белсенділігінің артуына ықпал еткенін, 71%-ы мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықтың нығая түскенін көрсеткен. Ал сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 67%-ы бағдарламаға оң көзқарасы қалыптасқанын, 89%-ы бағ­дарламаның бала мінез-құлқына жағымды әсер еткенін айтқан. Жалпы, сауал­намаға қатысқан ата-аналардың 61%-ы бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін мектеппен бірлесіп әрекет етуге ынталы екенін көрсетті. Осы уақытқа дейінгі зерттеулерге қарағанда ата-аналардың мектеппен бірлесіп әрекет етуі 20%-ға артқан.

Қазіргі уақытта білім беру ұйы­мындағы тәрбие жұмысын сапалы іске асыру үшін бағдарламаның мазмұнын ашып көрсететін әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр. Әдістемелік ұсынымдар мектеп әкімшілігіне, педагогтерге, ата-аналарға арналған. Мұнда бағдарламаны нақты іске асырудың тиімді тәсілдері ұсынылады, бірлескен әрекеттегі рөлдер мен жауапкершілікті айқындайды. Мұндай құралдар әр қатысушыға тәрбие үдерісінің мақсаты мен мазмұнын ортақ түсінуге, өзара тәжірибе алмасып, ба­­ла­лар­дың жан-жақты дамуына мейлінше қо­лайлы жағдай жасауға мүмкіндік бере­ді.

 

Бекдайыр КҮЗЕМБАЙ:

– Бағдарлама мектептерге енгі­зілді. Шынында бала тәрбиесінде әр жаққа тартуға болмайды. Шетелдік тәжі­рибелерге көз жүгіртсек, мемлекет деңгейінде бекітілген бала тәрбиесіне қатысты бағдарлама бар. Мұның әр елдегі атауы әртүрлі, бірақ түпкі мақсаты – өнегелі ұрпақ тәрбиелеу. Сол себепті бізде осы бағдарлама аясында бірлесіп әрекет етуге, өз ісімізбен үлгі болуға шешім қабылдадық. Себебі бағдарламаны тәрбие жұмысының жүйелі, мақсатты, ұзақмерзімді стратегиясына айналдырсақ, бала тәрбиесі жақсарады.

Осы ретте әкелер мектептің тәрбие жұмысына белсене үлес қоса бастағанын айта кеткім келеді. Мысалы, біз 2024 жылдың желтоқсан айында «100 әке – 1000 бала» деп бастама көтердік, мектеп ауласының қарын күреп, басқа өңірдің әкелерін де осыған шақырдық. Әкелер сынып сағаттарын өткізіп жүр, бұл – керемет мүмкіндік. Бұрын біз бір-бірімізді білетін ортада өстік, қазір еліміздегі балалардың 57% қалалық мектепте білім алады. Ал ата-аналар – жұмысбасты. Демек баламыздың айналасындағы достарын тани бермейміз деген сөз. «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтайы­н» дегендей, мен осы сынып сағатында баламды басқа қырынан көрдім, балам мені басқа қырымнан таныды әрі өзара жақындық пайда болды. Жуырда Астанадағы Алматы ауданының әкелері жиналып, балаларымызбен бірге волейбол турнирін өткіздік, Есіл ауданының әкелеріне жолдадық. Осылайша, әкелер баланы спортқа тартып, бос уақытты тиімді ұйымдастырудың үлгісін көрсетті. Тағы бір мысал: өткен жылы бір ана Астана қаласы әкімдігі жанындағы жасөспірім балалар құқығын қорғау комиссиясына жүгініп, көмек сұрады. Біз жағдайды зерделеп, мемлекеттік бағдарлама арқылы мұқтаж ананы оқуға жібердік. Ол грант жеңіп алып, кәсіби білім алды. Қазір өзінің перде салонын ашуға дайындалып жатыр. Бұл – мемлекеттік органдар, бизнес және қоғамдық ұйымдардың бірлесе жұмыс істеуі нақты адамдардың өмірін қалай өзгерте алатынының дәлелі.

 

Данияр ИХСАН:

– Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда жүргізіліп жатқан тәрбие жұмысы туралы баяндасам деймін. Мектебіміздегі тәрбие жұмыстары тәрбие бағдарламасына негіз болған «Толық адам» ілімімен, «Адал азамат» тұжырымдамасының құн­дылықтарымен үндесіп жатыр. Абай мектебінің миссиясы – «білімді, тәрбиелі «толық адам» қалыптастыру». Мектеп құндылықтары: «Бес асыл іс қағидасы», яғни талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Ұстаз бен шәкірттің бойынан, тұтас білімнен көрінуге тиіс бес асыл іс мектеп құндылығына айналған. Абайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын «Абай» музейі бар. Ата-аналардың қолдауымен тоқсанына бір рет «Абай нұры» газеті жарық көріп тұрады. Бұл ретте «Балалар кітапханасы» жобасын ерекше айтқым келеді. Мақсаты – кітап оқуға, білім алуға қызығушылықты қалыптастыру. Осы арқылы оқушының кітап оқуға деген қызығушылығын арттырдық. Аталған жоба аясында «8 минуттық оқуды» да жүйелеп ал­дық. Астана қаласы мектептерінің оқу­шылары сабаққа дейін 8 минут кітап оқиды. «Балалар кітапханасы» жобасымен «Ғибрат» бағдарламасы, «Үздік оқырман» оқырмандар клубы сынды іс-шараларымыз тұрақты түрде іске асты. Әлеуметтік желілерге түрлі контенттер әзірлеп, оқыған кітаптарын талдайды. «Шын жүректен кітап сыйла» челленджі бойынша мұғалімдер мен оқушылар бір-біріне көркем әдебиет сыйлап, ерекше көңілге бөленді. «Кітаптар айналымы» акциясында кітап алмасатын арнайы бұрыш ашылды. Абай мектебінің «Әнді сүйсең, менше сүй», «Зерделі зейін», «Ғибрат», «Ұстаз like», «46-сөз: өз сөзім өзімдікі», «Абай бол» дебат фракциясы, «10 минуттық ән айту», «Абайша ойлан», «Абай құндылықтары негізінде оқыту және тәрбиелеу», «Құнанбай» әкелер мек­те­бі, «Зере» әжелер мектебі сынды жо­ба­лар осы тәрбие бағдарламасына кірік­тірілді.

 

Арсланбек МАРАТҰЛЫ:

– Осы мүмкіндікті пайдаланып бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан «Смарт бала» жобасына қатысып, өзім үшін өте маңызды оқиғаны бөліскім келеді. Бір күні ұстазымыз бізге: «Егер сендер өздеріңе көмекші таңдай алатын мүмкіндіктерің болса, ол не істей алар еді?», деп сұрақ қойды. Біз біраз ойланып, «қазақ тілінде еркін жауап беретін көмекші керек» деген ортақ пікірге келдік. Кейде интернеттен ақпарат іздейміз, орысша немесе ағылшынша ақпараттар жылдам табылады. Ал ана тілімізде сұрақ қойып, түсінікті жауап алатын көмек­ші болса жақсы болар еді. Сол кезде ұста­зы­мыз: «Неге сендер осындай көмекші жасап көрмейсіңдер?» деп, бізге робот жасау идеясын ұсынды. Алғашында бұл өте қиын болып көрінді. Бірақ біртіндеп роботтың қалай жұмыс істейтінін зерттей бастадық, оған сөздер үйреттік, қазақ тілінде сөйлей алатын жүйе жасадық. Осылайша «Темірбек» деген ақылды робот дүниеге келді. Қазір «Темірбек» әр дүйсенбі сайын сынып сағаттарында аптаның дәйексөздерін айтып, бізбен пікір алмасады. Біз оның айтқан сөзін талқылап, ой бөлісеміз. Ол тек сөйлеп қана қоймай, бізге қосымша сұрақ қойып, ойлануға мүмкіндік береді. Бұл жоба IT-технологияға деген қызығушылығымды оятты. Біз жасанды интеллектіні ана тілімізде дамытуға үлесімізді қосып жат­қа­нымызға қуанамыз. Мен болашақта роботтың мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны сабақ­тарда да пайдалануға болатын дең­гейге жеткізгім келеді. Өйткені білім тек оқу­­лықпен ғана шектелмеуі керек, оны жаңа технологиялармен ұштастыра білу маңызды.

 

Дайындаған –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»