Оқиға 02 Сәуір, 2025

Шетелдік ұйымдарға қатаң шара қолдану керек - депутат

127 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Үкіметке арнайы депутаттық сауал жолдап, елдегі ұлттық құндылықтарға қарсы әрекет ететін ұйымдардың жұмысына тыйым салуды талап етті. Депутат ЛГБТ насихатының кеңінен таралып, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге бағытталуы Қазақстанның дәстүрлі моральдық құндылықтарына қауіп төндіретінін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Жанарбек Әшімжанов өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ЛГБТ идеологиясының көптеген елдерге күштеп таңылып келгенін және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттердің ішкі ісіне араласқанын ашық айтқанын еске салды.

«Жастарды аздырып, отбасын ойран етуді көздейтін бұл ұйымдардың жымысқы әрекеттері сырттан, яғни шетелдерден қаржыландырылуда. Олар бұл бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға түрлі гранттар беру арқылы еліміздің ішкі ісіне араласып, ұлттық болмысымызға жат дүниелерді таратуда. Осылайша, қоғамды іштен ірітіп, мемлекетімізге қауіп төндіруде», деді депутат.

Депутат елде белсенділік танытып жүрген бірқатар ұйымдардың қызметін сынға алды. Ол «Феминита» ұйымының мектеп оқушылары арасында ЛГБТ-ны насихаттап, «қалай гомосексуалист, лесбиянка болу жолдарын үйрететін» іс-шараларға шақырулар таратқанын мәлімдеді.

«Расында да, соңғы жылдары әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызға жат құбылыстарды, ЛГБТ-ны насихаттайтын ұйымдардың белсенді әрекеті иманымызды үйіріп, жанымызды шүберекке түюде. Әсіресе, олар TikTok, өзге де платформалар арқылы өскелең ұрпақты азғындыққа үгіттеуде. Аса жоғары технологиялық әдіс-айламен қаруланған мұндай қитұрқы үгіт-насихатқа әлі кәмелеттік жасқа толмаған, жақсы мен жаманды айыра білмейтін, бұғанасы бекімеген, рухани діңгегі қатпаған балалар мен жасөспірімдеріміз тез бой алдыратыны анық. Бұл әрекет БҰҰ-ның Балалар құқығы жөніндегі конвенциясына да қайшы келеді. Яғни олар халықаралық нормалардың өзін белден басып, адамдықтан да, ардан да аттауда», деді ол.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін АҚШ-тың USAID (АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі) қоры арқылы Қазақстанға бөлінген қаржының тоқтағанына қарамастан, Батыстан қаржыландырылатын ұйымдар әлі де жұмысын жалғастырып жатыр.Жанарбек Әшімжанов Үкіметке бірқатар нақты талаптар қойып, қоғамды ұлттық құндылықтарға жат идеологиялардан қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауды сұрады.

«Бүкіл әлеуметтік желілерді қатаң сүзгіден өткізіп, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында ұлттық дәстүріміз бен дүниетанымызға жат құбылыстарды насихаттайтын азғын ақпараттарға тосқауыл қою. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ЛГБТ қозғалысының кәмелеттік жасқа толмағандарға әсері туралы зерттеуін аяқтап, жариялау. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес дәстүрлі моральдық құндылықтарымызды нығайту жөнінде арнайы тұжырымдама әзірлеу. Сырттан қаржыландырылатын, түрлі гранттар алатын, ұлттық салт-дәстүрімізді мансұқ ететін үкіметтік емес ұйымдарды тексеріп, олардың кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс істеуіне тосқауыл қою», деді Ж.Әшімжанов.

Депутат бұған дейін бұл мәселенің Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтерілгенін, алайда Үкіметтен нақты қолдау таппай келе жатқанын айтты.

«Былтыр бастамашыл азаматтар ЛГБТ-ға қарсы  жариялаған петицияға екі аптаның ішінде 50 мыңнан астам адамның қолдап дауыс беруі қоғамның да бұған барынша қарсы екенін білдіреді. Дегенмен, қоғамның бұл орынды талабы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ішінара ғана қолдау тауып, зерттейміз дегенмен ғана шектелді. Ұрпағыңды аздыратын, дәстүріңді тоздыратын, алауыздықты қоздыратын, рухыңды сындыратын, сөйтіп елдігіңді тындыратын «демокартиялық үрдістердің» атасына нәлет! Аузымен құс тістеген алыс-жақындағы елдердің өзі етектерін  қымтап, есіктеріне қарауыл қоя бастады. Ал, біз көңілімізді күпті қылып, жаратылысымызды байқап, шаранамызды шайқап тұрған құбылыстарды көзімізбен көріп тұрып қам-қарекетсіз отырмыз. Жанымыз шырылдап, тәніміз күйіп барады», деді ол.