АҚТАУ. 5 мамыр. Ақтау қаласында бизнесті қолдау мен дамытуға арналған бірегей бағдарлама аясында әлеуетті қатысушылармен кездесу өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарушы директоры, аймақтағы филиалдардың дамуы мен үйлестігі жөніндегі директоры С.Ахылбеков және «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның субсидиялау департаментінің директоры Р.Тюллегенов іссапармен Маңғыстау облысына келген болатын.
Ақтау қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның құрылымдық бөлімше басшылары бірегей бағдарламаның шарттарын түсіндіру мақсатында екінші деңгейлі банктердің филиал директорлары және өкілдерімен кездесу өткізді.
Маңғыстау облысы бойынша аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Ж.Доспаевпен кездесіп, облыстағы кәсіпкерлікті дамыту жайында сұрақтар талқыланды. Сондай-ақ, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның құрылымдық бөлімше басшылары Ақтау қаласының кәсіпкерлерімен жақын танысу үшін, бірегей бағдарламаның әлеуетті қатысушыларының бірнеше объектілерінде болды.
Маңғыстау облысындағы көптеген ірі компанияларға мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілген, осы жобалардың ішінде өнім өндірумен айналысатын BUTA production ЖШС бар. Бұл компания пайыз бөлігінің мөлшерлемесін төмендету үшін субсидия және несие бойынша кепілдеме алған. Компания басшысы М.Афандиев өндірісін кеңейту мақсатында «Даму-Өндіріс III» бағдарламасына қатысуға бел буып отыр.
Бірегей бағдарламаның әлеуетті қатысушыларының бірі «Достар Компани» компаниясы. Бұл компания Каспий теңізінің жағалауында қонақ үйлер мен демалыс орындарының құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысады. Компания басшысы Т.Әбдікәрімовтің облыста туризмнің дамуына салынып жатқан нысандардың ықпалы тиетініне сенімі мол. Ол бірегей бағдарламадағы пайыз бөлігінің мөлшерлемесін төмендету мақсатында мемлекеттік субсидияны алуға қатысатындығын айтты.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек, сурет egemen.kz.