Көреген Президентіміз бүкіл әлемді жайлаған дағдарыс зардабының кете қоймаған, геосаяси эпицентр аймағындағы тұрақсыздық текетіресінің шиеленісе бастауы, экспорттық шикізат бағасының төмендеуі біздің елімізге де өз қатерін төндіру мүмкіндігін ескере отырып, жылдағыдан ертерек «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» – Жаңа Экономикалық Саясаты туралы Жолдауын жариялады. Аталған қатерлерді ескере отырып жасалған бұл Жолдау партиямыздың сайлауалды тұғырнамасының орындалуын қамтамасыз ете отырып, еліміздің экономикасын көтеруге ықпал етері сөзсіз.
Халқымыздың көңілінен шығып жүрген Елбасының өткен жылдардағы Жолдауларының, әсіресе, алдымызға ұлы мақсат қойған «Қазақстан жолы – 2050» атты Жолдауындағы әлемнің ең үздік дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатының қозғаушы күші, демеушісі десек артық айтқандық емес.
Сөзіміз дәлелді болу үшін, білекке қуат, жүрекке шуақ сыйлаған бұл Жолдаудың мәні терең, мақсаты кемел барлық бағдарынан халқымыздың әлеуметтік саласының және ел экономикасының жаһандық талапқа сай өркендеу мүмкіндіктеріне үлкен ықпал тигізетіні сезіліп тұрғандығын айтсақ та жеткілікті.
Бұл талаптардың орындалу жолын Президентіміз ертеректе Ұлттық қор құру арқылы жүйеге келтіріп қойған, енді сол қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тірнектеп жинаған қаражатты дағдарыс кезінде ел экономикасының тұрақты дамуына бағыттап отыр. Елбасымыздың бұл көрегендік саясатының пайдасын 2007-2009 жылдардағы бүкіл әлемді жайлаған дағдарыс кезінде көргенбіз, тәнті болғанбыз.
Мен миллиондаған ауыл тұрғыны жердің төсін емген диқан ретінде кәсіпкерлікті шағын және орта бизнесті дамыту мақсатындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының орта жолда қалып қоймай, қарқынды дамитындығына сенімім нығая түскенін жасырмаймын. Еліміз аграрлы мемлекет болғандықтан, халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту осы бағдарламалар жүзеге асқанда ғана орындалатыны сөзсіз.
Тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымдарды нығайту мақсатын инвестиция тарту арқылы қажеттіліктерді қалпына келтіру, оның ішінде аз пайызбен көпжылдық несие беру, бастапқы жарнаның болмауы, жалға беру тетіктері әрбір үйі жоқ, күйі жоқ қазақстандық азаматтың жүрегіне нұр құяры сөзсіз.
Қазіргі орын алып отырған жағдайларға байланысты, енді қаржыны келешекте табыс әкелетін, ал осы кезеңде халықты жұмыспен қамтамасыз ететін салаларға бөліп отыр. Ол көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамыту бағыттары. Яғни, Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі жол қатынастары арқылы тауар айналымының кедергісіз байланысуын қамтамасыз ету, мүмкіндік туғызу.
Жолдаудың әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту тарауындағы «Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту проблемасын шешу, мектепке дейінгі мекемелердегі орындар тапшылығын қысқарту», деп, ғылым саласын индустрияландыру мақсатында жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қомақты қаржы бөлуді Үкіметке тапсырды.
Осындай әлеуметтік реформаларды ретке келтіре отырып, Президентіміз «Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді», «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы біздің ауқымды қадамымыз», деп бағдарламаның жалғаса беретіндігін, алдағы мақсаттарымызға жету жолдарын тағы да бір айқындап берді.
Қазақ елінің небәрі ширек ғасырға жуық уақытта күллі әлемге танылуы, экономикасының қарыштап өсуі еліміздегі ынтымақ пен татулықтың арқасы екенін айтып, ата-бабаларымыздың салған сара жолын, «Мәңгілік Ел» идеясын табыспен жалғастыра беруге шақырды.
Мен де «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде Елбасы Жолдауының терең мағыналы екенін түйсініп қана қоймай, оны болашағымыздың жарқын көрінісі ретінде қабылдадым.
Тұрғанбек ҚАНАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері, «Ақ орда» шаруа қожалығының төрағасы.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Шардара ауданы,
Алатау батыр ауылы.