• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Тыл

405 рет
көрсетілді

майданнан бір де кем болған жоқ 1941 жылы, Ұлы Отан соғысы басталып Садық ағамды соғысқа алып кетті. Жәнікүл жеңгем алты айлық Абай атты сәбиі құшағында жылап қала берді. Бізде «Бұрынғы күнім – күн екен, ендігі күнім – жыр болды»,  дегендей, ауыр еңбекке жегілдік. Соғысқа кеткен азаматтардың ауыр да қиын қол еңбектерін алмастыратын, колхозшы жұмыскер болып шыға келдім.  Бұл – менің 13 пен 14 жастың арасындағы шағым. Қыста жер кепе, қора сияқты үйді паналаймыз, жазда киіз үйде тұрамыз. Таң білініп келе жатқанда, бригадир айғайлап оятады. Бір үзім нан мен торсыққа айран құйып алып, соны кешке шейін талшық етіп, шаршап, қалжырап қонаға әрең үйге келіп жығыламыз. Үзіліс, демалыс дегенді естіген емеспіз. Осындай ауыр еңбектің астында жүрсем де бір ауырған емеспіз. 1944 жылдың сәуір айында, менен 1-2 жас ересек Егінбек Рақышев деген жасөспіріммен екеумізді колхоз бастығы шақырып алып: «Өткен жылы колхоздың егініне, ұсақ қара шегіртке қаптап кетіп, егінді жеп қойды, биыл болдырмау үшін, уланып қалмай, шегірткеге у шашуды үйреніп келесіңдер!» деп аудан орталығына жіберді. Төте жолмен жүргеннің өзінде аудан орталығы 50-55 шақырым жерде. «Көлік жоқ, салт аттылардың ізімен жаяу барып, жаяу қайтасыңдар», деді. Ол кезде бастық түгілі үлкен кісінің сөзі екі айтылмайтын. Егінбек екеумізге резинка етік тауып әкеп берді. Етікке киізден ұлтарақ салып шұлғаумен киіп алып, екеуміз қолымызға таяқ алып жолға шықтық. Дала әппақ қар, жол жоқ. 50-55 шақырым жерді бетке алып, омбы қарды кешіп, екі тәулік жаяу жүрдік. Бірінші күні «Аққуыз» деп аталатын жердегі, жалғыз үй малшыға келіп қондық, ал екінші күні кештетіп, аудан орталығына жеттік. Үш күн бойы противогаз киіп шегірткеге қалай у шашу керектігін үйрендік. Жұмыс біткен соң, келген ізімізбен екі күн жаяу жүріп ауылға атбасын тіредік. Бұл жылы мен әлі 16-ға толмасам да өзімнен 2-3 жас үлкендермен бірдей еңбек ететінмін. Біздің бағымызға қарай, сол жылы шегіртке болмады.  Себебі, сол 1944 жылдың жазы мен қысы мен үшін өмір мен өлімнің ортасындағы кезең болды. Әлі есімде сол жылдың шілде айы еді. Шөп шабатын шалғыны өгізге жегіп, шөп шауып келе жатқанбыз. Мен шалғының тұтқасын ұстап отырамын. Акельдеков Елқұтты деген азамат бала өгізге мініп ілгері жүргізеді. Үнемі ұйқымыз қанбайды. Шаршап ұйықтап кеткен болуым керек, шалғыға құлап түсіппін. Шалғы бас терімді, екі құлағымның түбінен кесіп, сыпырып төбеме жинап жіберіпті. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», деген сөз рас екен. Бір үлкен қария әже қансырап жатқан менің бас терімді, қолымен сыйпап орнына жапсырып, құрым киізді күйдіріп тақия етіп кигізіп, орап тастапты. Сорғалап аққан қан біраздан соң тыйылыпты. Бірақ мен өлім аузында 4-5 күн жатыппын. Аузыма су тамызып күзетіп отырғанда көзімді ашыппын. Дәрі-дәрмек атымен жоқ, жараның маңайына май жаға беріпті. Ата-анам жоқ тұл жетім болсам да ағайын-туыстардың ортасында болғандықтан, аштан өлмей кезектесіп күтімде болып тірі қалыппын. Әкеміз бір, шешеміз бөлек Оспан деген үлкен ағам, өз балалары көп болса да төсек тартып қалған мені өз үйіне апарып бағыпты. Оспанның үйінде жүріп ептеп басымды көтеріп жүре бастағанымды көріп, колхоз бастығы, өгізге мініп қайыра егін салу үшін соқаға шығарды. Бұл 1945 жылдың көктемі еді. Бізде егін егуді аяқтап, енді шөп шабуға дайындық жасап, шалғы қайрап жатқанда соғыстың аяқталғанын естіп, қуандық. Елдің бәрі соғыстан туған-туыстарын, жақындарын күтіп жолға қараумен болды. Мен де Садық ағамды күттім. Бірақ Садық ағам соғыстан оралмады. Қолым қалт еткенде, Абайды мойныма мінгізіп: «Менен сен жақсысың, анаң бар, тұл жетім емессің...» деген ойдың жетегінде көп жылайтын едім. Соғыс майданы аяқталғанымен, еңбек майданы еш өзгеріссіз жалғаса берді. 1946 жылдың желтоқсан айында ауданнан өкілдер келіп, ФЗУ-ға жасөспірімдерді жинады. Сол жиналған жасөспірімдердің ішінде мен де кеттім. 1947 жылдың жаңа жылын ФЗУ мектебінде қарсы алғаным әлі есімде. Екі-үш ай «Поезд-вагон шебері» деген кәсіпті оқытып, үйретті де, қалған екі жарым жылда қара жұмысқа салды. Бертіс стансасы деген жерде вагон артамыз, шпалдар түсіреміз. Рельс вагон құрастыратын темір-терсек, саймандар жасаумен айналысып, бір тыныс алмаймыз. Ауыр темір, рельс көтеру секілді жұмыстың бәрі екі қолмен атқарылады. Қара күшті талап етеді. Осы жұмыста жүргенде де, талай қатерден аман қалдым. Бұл жерде де басты тамағымыз ржаной ұннан пісірілген нан болды. Ал киіміміз ауылдағыдан гөрі біршама жақсы, фуфайка, қалың шалбар, аяғымызға ботинка, не керзі етік. Әйтеуір шоқпыт пен биттен құтылдық-ау...   1949 жылдың жазында ауданымыздағы «Вагонный участокке» келіп, жолдамамен жұмысқа орналастым. Ең бірінші рет еңбегім үшін, қолыма ақша ұстағаным осы мекеме еді. Есім кіргеннен ақша түгілі, рахмет те естіген жоқ едім. Еңбегім үшін, қолыма ақша ұстаған сол сәт мәңгілік есімде. 1951 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылдым. Ол тұста әскерге 3 жылға алатын. Ал мен үш жарым жыл Қиыр Шығыстағы «Советский гавань» деген қалада азаматтық борышымды өтеп, еліме оралдым. Осы уақытта мені іздеген ешкім болған жоқ. ФЗУ-да жүргенде де, әскерде жүрген жылдарда да басқаларға хат келіп жатады. Ал маған бірде-бір хат келген жоқ. Бір Алладан басқа ешкімге керек емес екенімді сонда білдім. Біреуді іздеуге мен де құштарланған емеспін, бірақ туған жерге деген сағыныш жеңбей қоймайды екен. Туған жеріме, Қарағашқа, бір барып келгім келіп, жолға шықтым. Баяғы Егінбек екеуміз келіп қайтқан жолмен өзім ғана жаяу жүріп кеттім. Күн – жаз, әуе – ашық, жалғыз аяқ жол сайрап жатыр. Таңертең ерте шығып кетіп, кешке ауылға жеттім. Үстімде солдат киімі. Ауылдың көз көрген үлкендері мені танып, жылап бетімнен сүйіп, қуанды. Мен болмаған жылдардан бері бұл жақта өзгерістер көп екен. Мені ФЗУ-ға аттандырған жеңгей басқа біреуге тұрмысқа шығып кетіпті. Садық ағам туралы: «Смоленск қаласы үшін шайқаста қаза болды», – деген қара қағаз келіпті. Ал бесікте қалған Абайды Садықтың туған ағасы, Сәдуақас алып қалыпты. Абай сөмкесін сүйретіп, мектепке барып жүр екен. Сәдуақас ағайдың үйінде жүрген Абайды көріп, еріксіз көңілім босады, ондағы ойым: «Әкеңді соғыс жалмады, анаңды бөтен біреу иеленіп кетті, сен де менің сыңарым болдың ба, біздер неге жазалана бердік?!.» деген өксік пен налу. Бір жұмадан соң, енді ауданға барып, баяғы әскерге кеткенше, еңбек еткен жеріме барып, жұмысқа тұруды ойлап, дайындалып жатқанымда, үйге екі салт атты келіп түсті. Танымасам да кішілік ілтипатпен орнымнан тұрып, сәлем бердім. Қымыз іше отырып, бұл кісінің бірі – колхоз басшысы, екіншісі – бөлім басшысы екенін білдім. Арнайы маған келген екен: «Жігітім сен осы ауылдың тумасы екенсің, бізге сен сияқты азаматтар ауадай қажет. Келешекте колхозымызға машина, трактор аламыз, соларға жүргізуші, механик, слесарь, тағы басқа, техникаға байланысты мамандық иесі керек. Біз сені өз қаражатымызбен оқытамыз, қай мамандықты таңдасаң соған бар. Қарағандыға жолдамамен жібереміз, бір жыл оқып, маман болып келген соң, жұмысың дайын», деп қалуға көндірді. Колхоз бастығының тілегін Сәдуақас ағай да құптады. Үлкенді тыңдап өскен ұрпақпыз ғой, қалаға барып, бір жыл оқып, тәжірибеден өтіп, жүргізуші мамандығын меңгеріп, ауылға келдім. Колхоз әлі де машина ала қоймапты. Бастық маған: «Аудандық тұтынушылар қоғамына жүргізуші керек екен, сонда барып, тәжірибеңді шыңдай бер, машина келгенде, өзім шақырып аламын», деді. Сол кездегі тұтынушылар  қоғамының бастығы Сейітқұл Тәттімбеков деген азамат мені құшақ жая қарсы алып, өзі аяқ артып жүретін жеңіл машинасына жүргізуші етіп алды. Бұл 1956 жылдың жазы болатын. Кейін колхоз, совхоздардың дүкендеріне жүк таситын ауыр машиналарға ауыстым. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіргендер – менің замандас­тарым екені анық. Ұлы Жеңіс жаумен соғысқандардың жанымен, қанымен келгені анық. Әйтсе де, тылдағылардың адам төзгісіз ауыр тауқыметі, жан аямай жұмсаған күш жігері жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қоспады – деп кім айта алады? Иә, жан-жағыма қарасам, менің де замандастарымның өзі саусақпен санарлық болып қалған екен. Жоғарыдағы айтқан тағдырым, тартқан азабым мен көрген бейнетімді «соғысқа қатысқаннан төмен» – ешкім айта қоймас. Елбасымыз бен заң шығарушы депутаттарымыз  осы жайында ойланса деген тілегім бар. Біз сияқтыларға қаражат жағымен қоса, рухани жағынан да көтермелесе, қамқорлық танытса,қане! Соғысқа кеткен азаматтардың тылдағы ауыр еңбегін алмастырған мен сияқты сол кездегі жасөспірімдерге, соғысқа қатысқандармен тең құқық берілсе, әділдік болған болар еді. Құдайға шүкір, 86 жасқа келіппін. Кәрілік болмаса, мүгедек емеспін. Алты баланың әкесімін, 10 шақты немеренің атасымын. Құдайдан басқа сүйенішсіз болсам да, ерен еңбегімнің арқасында, қатарымнан қалмай, ғұмыр кештім. Соған тәубе деймін. Жетпісбай РЫСМАҒАМБЕТОВ, зейнеткер, тыл және еңбек ардагері. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы.