• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Оразбек СӘРСЕНБАЙ

1499 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 77 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбай дүние салды. Оразбек Сәрсенбайұлы 1938 жылы 20 тамызда Қызыл­­­орда облысы, Шиелі ауданы, Жаңа тұрмыс ауылын­да дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік универси­те­ті­нің филология факультетін бітіргеннен кейін, Шиелідегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Одан соң «Лениншіл жас» басылымында (қазіргі «Жас Алаш») әдеби қызметкер, 1968-1973 жылдары «Жұлдыз» жур­налында, 1974-1982 жылдар аралығында «Қазақ әдебие­ті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1982-1986 жылдары Қазақ­стан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1987-1993 жылда­ры «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1993-1995 жыл­дары ішінде «Өнер» баспасының директоры, 1996 жылдан өмірінің соңына дейін «Қайнар» баспасына басшылық жасады. Қаламгердің тырнақалды туындылары, өлеңдері мен әңгімелері республикалық басылымдарда алпысыншы жылдары жарық көрген болатын. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде басылған «1961» атты публицистикалық дастаны әдеби және қоғамдық ортада үлкен дүрбелең туғызып, әділетсіз сынға ұшырады. Бар ғұмырын жазушылыққа арнаған ақсақал қаламгердің осы уақытқа дейін жиырмадан астам кітабы жарық көрді. Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия бағытындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Сондай-ақ, ол баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырман арасында насихаттау ісінде қажырлы еңбек етті. «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сиқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», «Мұхтасар» сынды ондаған кітаптарды қазақшаға аудару ісіне тікелей қатысты. Ол әр жылдарда В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искандер секілді өзге ұлт өкілдерінің таңдаулы әңгімелерін қазақ тілінде сөйлетті. О.Сәрсенбай қаламынан туған әңгімелер негізінде «Долана» атты («Қазақфильм», 1981, режиссері С.Нарымбетов) көркемсуретті фильм түсірілді. Жазушының жекелеген шығармалары украин, орыс, эстон, якут, мары, тыва, венгер, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар сынды алыс-жақын елдердің тілдеріне ­аударылды. Оразбек Сәрсенбай жаңа дәуір, бүгінгі заман тақырыбына талмай қалам тартқан суреткерлеріміздің бірі. «Шамшырақ», «Шеңбер» романдары кешегі социализм заманында өмір сүрген ұрпақтың басынан өткерген қилы-қилы тағдырын сөз еткен көркем тілді кестелі туындылар ретінде әдебиетіміздің алтын қорына қосылды. Оның «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы (1987), «Шамшырақ» романына халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы (1994), ал «Шеңбер» романы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы (2000) берілді. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері». Тәжірибелі баспагер ретінде О.Сәрсенбай «Қайнарға» басшылық жасаған тұста ұлттық әдебиетіміздің дамуына елеулі ықпал етіп, нарықтық заманның талаптарына лайық жаңа жобаларды іске қосып, баспалардың тақырыптық өрісін кеңейтуге зор үлес қосты. Қазақ сөз өнерінің білгірі, көрнекті мәдениет қайрат­кері, аяулы азамат Оразбек Сәрсенбайдың есімі халық жадында әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы. Жатқан жерің жарық болсын Дүниеде жайсыз хабар жата ма?! Көзімді ашпай жатып, су­маңдап жетіп келгені. Бұл жал­ғаннан Оразбек те өтіпті. Жа­­қында ғана Шара­ны жө­нелтіп, жалғыз қалып, қоңыл­тақ­сып жүр еді. Шыдамаған ғой. Сері­гінің соңынан сапар шегіпті ғой. Университет қабырғасында алғаш танысқан жолдасым еді. Терезе жақтағы соңғы қатарда отырған менің қасыма келіп: «Бола ма екен?» – деп, бір жігіт жайғасып жатты. Жүріс-тұрысы, қимылы тым емін-еркін. Көзі көрген нәрсе туралы лебізін де көп көлкештемей, ашық айтып салып отырады екен. Көп нәрсеге көңілі толмайды. Сампылдаған шешендерді әрі тыңдап, бері тыңдап отырады да, қолын бір-ақ сілтейді. Көп ұзамай өлең жазатыны да белгілі болды. Сәл нәрсеге мардамсымайтын мұңы мен уайымы көп, ойлы ақын екендігін танытты. Бірден бауыр басысып, дос болып кеттік. Өзі өскен Сыр бойының табиғаты, мінез-құлықтары, ақ пейілі өн бойынан түп-түгел көрініп тұратын еді. Кейін ауылына барғанда, ата-анасын, ауызынан тастамайтын Ахат көкесін ағайын-тумасынан сұрамай-ақ бірден таныдым. Жүрген ортасын дәл байқап, дәл жеткізіпті. Алғашқы әңгімелері мен повестерінен-ақ бет-жүзіңе қарамайтын турашылдығы мен шыншылдығы көзге ұрады. Ол кездегі әдебиет бойлай қой­майтын терең иірімдер бірден баурап, тұңғиығына шым батырып жүре береді. Соғыс тұ­сындағы Сыр бойының шын­дығын өз басым алғаш Ораз­бектен таныдым. Уақыт өткен сайын осы мінезі үдей түсті. Бірде мон­шақтай тізіп жазған бір бума қағаз ұсынды «1961». Бұрын-соңды қазақ әдебие­тін­де кездеспеген әдеби құбылыс. Қазақстан комсо­молы Орталық Комитеті жанында жаңа ұйымдасып жат­қан әдеби бірлестік бар еді. Сонда талқыладық. Алпысын­шы жылдарғы жас буынның алғаш рет тізгін үзіп бой көрсет­кені осыдан басталды. Одан бері де көп уақыт өтті. Бүгінгі әдебиеттің қалып­тасуына, орнығуына бірте-бірте бел алып, бой көтеруіне айта қаларлықтай әсер еткен бұл оқиғаны бүгінгі таңда айрықша еске алуды қасиетті парыз деп білемін. Құдайға шүкір, қаулап өсіп жатқан әдебиет орманында өз бағыт, өз бағдарын түзеп, қазақ руханиятында бүгін бар, ертең жоғалып кетпейтіндей баянды жол сала алған азғантай әдебиет сүлейлерінің бірі Оразбек екені даусыз. Оған ол жазып қал­дырған романдар, хикаяттар, әңгімелер, тәмсілдері, хиссалар, мақалалар куә. Бұл арада біз Сәрсенбаев моралис­тикасы жөр­­гегінен дарыған имангершілік тәрбиеден өрбіп жатқанын айтуға борыш­тармыз. Бұл қасиет кеңес кезе­ңінің өзінде ол жазған шығар­маларды ерекшелеп тұрды. Ал тәуелсіздік заманында мұны арнайы тақырып, дербес ағымға айналдырып алған бірден бір қаламгер Оразбек екенін айрықша бөліп айтуымыз керек. Ол Мұстафа Шоқайдың еңбектерін насихаттауға да мейлінше жан салды. Береке-бірлікті, ар-ұжданды, обал-сауапты, пәтуа-парасатты демі таусылғанынша әспеттеп өткен Оразбек Сәрсенбаевқа бүгінгі қазақ қауымының ай­рықша ризагер екендігі сөзсіз. Өзіңмен де қоштасатын кез келді. Жатқан жерің жарық болсын, Оразбек! Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ. Ойлы сөздің өріс кеңейтер өкілі Әдебиетке атой сап, айқай­лап келгенімен, айқайының төр­­кінінде ұлыс пен ұлт тұтастығын түгендер ақыл мен парасат жатқан алпысыншы жылғылардың қатары сетінеп келеді. Қазақ көркем ойы мен көр­кем сөзіне олжа салған осынау тебінгілі, текті буынның көр­некті өкілдерінің бірі – Оразбек Сәрсенбай өмірден озды дегенде жан-жүрегім күйзеліп, ішім ұлып сала берді... Сөз дей­тін ұлы кеңістіктен қазаққа жарасар үлгі-нышан іздеуден жалық­­­пай, көркемдіктің алуан-алуан ізде­ністеріне батыл барып, ойы мен бойын ұлтты сүюге, ұлтқа қызмет етуге саналы түрде бағыттай біл­ген осы бір тақуа мінезді, таби­ғаты таза жанмен кездескен, сыр­ласқан сәттерім еске түсті... Жасы үлкен аға, әдебиет үшін отқа да, суға да түсуден тартынбайтын қа­бырғалы қаламдас, қажетті же­рінде Алаштың жоғын жоқтап, қазақ­тың амандығын сұрар, ескі мен жаңаның арасына жалғау боп тартылар жайдары замандас, сұң­­­ғыла мінезді суреткер сөздің де, ойдың да, ортаның да көркі еді... Өкінішті... Алматы дейтін ұлы шаһардың төріне жараса қонған, арыстар мен алыптардың көзіндей болған қаламгерлер үйінің есігін айқара ашып, еркін кірер әріптес-ағамен соңғы кездескенімде дүниеден өткен жеңешемізді айтып, қатты толқып еді... Толқып отырып, жас шағын, Сыр бойынан Ала­тау­ға келіп, Алматыға қалай орнық­қанын, қаламды қатар ұстап, сөз дейтін сыры мен жұмбағы мол әлем­ге бірге келген құрбы-құр­дас­­тарын еске алып еді... Ол осы бір соңғы кездескенімізде өнер дей­тін өлшем мен шеңберге сия бермес өлкеге тағдырын қалай байлағанын да әңгімеге арқау етіп еді... Жайшылықта сөзге сараң, сыр­ға берік, қайран Орекем, сол күні заман, қоғам, адам жайлы әрі­ден қозғап, тереңнен тартып, тау­сыла сөйлегені жадымда жаң­ғырып отыр. Аға қалам­­­дастың сабырлы қал­пы көзіме елестеп, саха­раның суы­рып соғар жұмсақ сама­лындай бол­ған сырбаз дауысы құлағыма келді. Дегенмен... Дос-жар адамдардың өкіні­шін басып, өксігін сейілтер бір ақиқат бар. Орекең Алланың алдында сөзінен де, ісінен де жа­ңыл­­­май жүріп, қазақтың ұлы әдебие­тін өзінің өрісті, өркенді дүние­ле­рі­мен толықтырды. Ұрпақ өсірді. Ұлтының Тәуел­сіздікке жетіп, терезесі теңел­ге­нін көрді. Осынау ұлы жолда сөзін жасқанбай айтып, туған халқы­­­ның рухани тұғырының биіктей түсуіне өзінің үлесін қосты. Биігін төмендетпеді. Алғанын аласартпады. Иә... Уәдеге берік, досқа адал, қа­зақ десе қабырғасын сөгіп беруге дайын, әдебиетті ары санаған нар тұлғанаң тағы бірі, бірегейі, қазақтың хас сипатты қаламгері, шынайы жазушысы өмірден өтті... Алла артына амандық берсін! Қазақ әдебиетінің қайып­бере­ні, ойлы сөздің өріс кеңейтер өкілі, бақұл бол! Қош, Ореке! Нұрлан Оразалин, сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. Биік өлшемнің адамы Қазақтың аса белгілі қалам­­­­гері өтті дүниеден. Ол повесть, әңгіме жазудан бас­тап үлкен романдар тудырды. Одан қала берді, эпикалық, филосо­фиялық рисалалар жазып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол өмір бойы әдебиетке адалдығынан, әдебиеттің қамы­нан ауытқымай, ұлт руханиятын дүниежүзілік деңгейге шы­ғуға барынша атсалысқан адам. Талабы биік, талғамы зор еді. Әдебиет әлеміне әдеби дары­ны­ның бір қанаты саналған сын­шы­лығымен кірді. Сондықтан, оның әдеби өмірге көзқарасы, жалпы өнерге, шығармашылыққа деген көзқарасы мен ұстанымы сын­шыл­дықпен астасып жататын. Оре­кеңнің қаламгерлік болмысы осылай қалыптасты. Ешкімді ешуақытта өтірік мақтамайтын. Ешкімнің шығар­масын мынау досым екен деп бостан-бос дәріптемейтін. Қимас жолдасы болса да шығармасының олқылығын, кемшілігін бетке айтып отыратын сондай биік өлшемнің адамы еді. Сонысымен біреуге жақса, біреуге жақпады. Бірақ өзінің әдебиетке деген адалдығында мінсіздікпен, кір­шіксіздікпен өтті бұл өмірден. Алғашқы туындыларына келер болсақ, «Жалғыз күрке», сонан кейін «Шамшырақ», «Жиде гүл­дегенде», «Даңқ» дейтін әңгіме-хикаяттары, кітаптары бірінен соң бірі шықты. «Шеңбер» романы биік белестен көрінді. Өз басым Орекеңнің әңгіме-повестерін өте жоғары бағалаймын. Ілкі қадамдарында «1961» деген поэма жазып айды аспанға шығарғаны бар. Сонда оған формалист, тағы сондай айдарлар тағылып, ағаш атқа таңылып, талай сынға да ұшыраған. Талай мақала тұздығына айналып, талқыға түсті. Әлбетте мұндай сын оны шынықтырды, шың­дады. Ақыр соңында үлкен па­­­расат иесі қаламгер болып қалыптасты. Қазақ әдебиетіне әкелген оның дүниелерінің көбі өлмейтініне мен кепілдік бере аламын. Ораз­­­­­­бек Сәрсенбаев шын мәнінде халқымыздың қажетіне жарайтын туындылар жасады деп ойлаймын. Біз жасымыздан әдебиетке бірге келіп, әдебиет туралы ой-пікір, көзқарастарымыз үйлескен, осы орайда, тіл табысқан жолдас­тармыз. Дәл осы кезде өмірден өтіп кетеді деп үш ұйықтасам қаперіме кірген жоқ еді. Осындай болады, жолдас қазасында қаралы сөз айтамын деп мүлдем ойламаппын. Амал не, ауыр қазаға тап болып отырмыз. Біреуге ерте, біреуге кеш келетін ажал ғой бұл. Бақидағы жолы оң болсын дейміз. Ореке артыңа қалдырған мұраларыңды өлместей қылып өзің жазып кеттің. Жұбанып медет ететініміз де сол. Әнес САРАЙ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. АЛМАТЫ. Кәдуілгі өмірде кіршіксіз таза еді Тағдыр бізді 1957 жылы табыстырды. Соколов-Сарыбай ком­бинатының құрылысында істеп келген мен КазГу-дің журналис­тика бөліміне қабылдансам да, филология бөліміндігі жігіт­тер­дің бірталайымен тез таныс­тым. Солардың бірі Оразбек еді. Әңгімеміздің жарасуына менің 1948 жылы ала жаздай ол туған ауданның «Үлгілі» кол­хозын­да масақ тергенім, күріш отағын жұ­лысқаным түрткі болды ғой деймін. Нақ сол жылы «Жұлдыздың» 11-санында өлеңі жарияланды. Өзіме ұнады. «Жатақхана маған қолайсыз екен, пәтер іздеп жүрмін», деді Ораз­­­­бек менің өлеңі туралы лебізімді елемегендей. «Қаламақыға пәтер жалдағың келген екен ғой», деп күлдім. Содан былай араласып кеттік. Баспасөзде жарияланған шығармаларын құр жібермейтін болдым. Оразбек кәдуілгі өмірде кір­шіксіз таза еді. Әдебиетте де со­ны істеді. Жазғаны сол өмір­дің­­ қос­­пасыз шындығы болатын.­ Ат­қарған қызметтерінде де со­нысынан таймады. Бұл жал­ған­нан­ былғанбай өттің, ОРАЗБЕК! Алдыңнан жарылқасын. Нұрмахан ОРАЗБЕК, журналист. Тағы бір асылымыздан айырылдық Оразбек Сәрсенбаев ағамыз өмірден өтіпті деген суық хабар жүректі дір еткізді.  Араны толмас ажал қазақтың біртуарларын арамыздан алып кетіп жатыр. Өкініші көп. Оразбек ағамыз  туған жері – Шиелімен кіндігін үзген жоқ. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін  аудан орталығындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Оразбек Сәрсенбаевтың  артында үлкен мұра қалды.  Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия саласындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Сондай-ақ,  ол баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырмандар арасында тарату ісінде көп жұмыс істеді. «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сыйқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аудару ісіне тікелей қатысты. Жазушының  шығармалары украин, орыс, эстон, якут, мары, тува, венгер, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тілдеріне аударылған. «Шамшырақ», «Шеңбер»  романдары нағыз көркем, кестелі туындылар ретінде әдебиетіміздің алтын қорына қосылған дүниелер болды. Оразбек ағамыз жыл сайын туған жеріне бірнеше рет келіп кететін. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүргенімде ағамызды  күтіп алып, ел мен жерді бірге аралаған кездеріміз болып еді.   Сондай сапарларында үнемі елдік, мемлекеттік, рухани, имани әңгімелерді айтатын. Бір сөзінде  «Бүгінгі аға ұрпақ – мәдениеттің, кітаптың ордасымен біте қайнасып өскен буынның өкілдері. Ол кездері бәріміздің мемлекетке, ұлтқа, кітапқа шын жанымыз ашитын. Ал қазір кітап жөнінде бірқатар мәселелер жиналып, қордаланды. Кітапсіздік деген заман туды. Сол кітапсіздікті пайдаланып, кім көрінген – саудагерлер, пысықайлар оны күнкөріс көзіне айналдырғанын жұрттың бәрі біледі. Сенің атыңды, затыңды, еңбегіңді, байырғылығыңды сыйлайтын адамдар азайып бара жатыр. Қызметке, мансапқа қазақ мектебін бітірмеген, қазақтың әдебиетінен, мәдениетінен хабары жоқ адамдар келіп жатыр», – деп мұңайған болатын. Орағаңның жаны таза, иманы күшті адам еді. Әкесінен жақсы тәлім-тәрбие алған. Талай рет әкесі туралы тебіреніп жазды да. Қашанда жақсылық пен ізгі­­лікке жаны құмартып, қуанышты нәрсе болса балаша тебіреніп қалушы еді. Жеңгеміз өмірден өткелі ағамыздың да қайғысы қалыңдап кетіп еді. Міне, Орекең де сүйікті жарының артынан бақилыққа аттанды. Қазақтың рухани әлемі тағы да бір асылынан айырылды. Асыл аға! Алла алдыңызды жа­рық қылсын! Иманыңыз жолдас бол­сын! Қаралы хабарға байланысты жазушының туған өңіріндегі бауыр­ларға да қайғырып көңіл айтамын. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,  сенатор.