• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2015

Дамудың айқын бағыты

233 рет
көрсетілді

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын Президент Н.Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауымен Жаңа Экономикалық Саясатқа ұштастырды. Осыған орай біз экономика ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВТЫҢ Жаңа Экономикалық Саясаттың ерекшеліктері туралы пікірлерін білген едік. – Көптеген сарапшылар Қазақстанның «Нұр­лы Жол» Жаңа Эко­номи­калық Саяса­тын ХХ ғасырдың 30-шы жыл­дар­ындағы АҚШ-та президент Ф.Рузвельт қолға ал­ған экономикалық сая­сатқа ұқсатады. Сіздіңше осындай ұқсастық бар ма, бар болса ол қай жерден көрінеді? – Франклин Рузвельт Америка Құрама Штат­тары­ның тарихында қата­рынан төрт мерзімге сай­ланған жалғыз президент. Осы Рузвельттің кезінен қазіргі АҚШ орнады деп айтуға болады. Елді «Ұлы күйзелістен» алып шыққан оның «Жаңа бағыты» осыған қол жеткізді. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен «Жаңа бағыттың» арасында ұқсастықтар сөзсіз көп. Мәселен, біздің Жаңа Экономикалық Саясаттың тірегі инфрақұрылымдарды дамыту болса, Рузвельт те аса ірі инфрақұрылымдық жобаларға көңіл бөлген. Соның ішінде АҚШ-тың артта қалған аудандарының бірі – Теннесиде гидротехникалық құрылыс пен электр стансасы кешенін салуды қолға алған. Осының арқасында электр қуатының мол қоры жасалып, энергия қажет ететін өндірістер қаулап дамыған. Оның арасында азот, тыңайтқыш және жарылыс заттарын шығарумен байланысты химия саласының зауыттары бар. Сондай-ақ, «Жаңа бағытында» Рузвельт ауыл шаруашылығының дамуына қатты көңіл бөлді. Бізде де «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 20 млрд. теңге қарастырылып отыр. Рузвельт тұрғын үй құрылысын ынталандыруға да көңіл аударды, соның арқасында меншік үйі бар америкалықтар саны 40 пайыздан 66 пайызға дейін көтерілген. «Нұрлы Жол» бағдарламасы да жаңадан 487 мың шаршы метр немесе 9 740 пәтер салуды қарастырып отыр. Міне, осы және басқа да ұқсастықтарға қарап екі бағдарламаның да мақсаты бір екенін көруге болады. – Рузвельттің экономикалық саясаты теориялық тұрғыдан белгілі ғалым Кейнстің идеяларын басшылыққа алған деседі. Кейнстік жол мемлекеттік шығындар ұлттық өнімнің өсіміне әкелгені дұрыс екенін дәлелдеді. Біздегі мемлекеттік шығындар көбінесе ұлттық өнім жасамайтын, тек қозғалыс тудырып, жұмыспен қамтитын инфра­құрылымдарға жұмсалып жатыр ғой. Осыған қарағанда біздегі экономикалық саясат Рузвельттікінен бөлек сияқты көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз? – Кейнстің теориясының біздің экономикалық саясаттан айырмашылығы сол, ол экономикаға жаңа ақша эмиссиясының құйылуына қарсылық білдірмейді. Ал бұл инфляцияға соқтыратынын біз жақсы білеміз. Инфрақұрылымдық құрылыстарға бағытталған «Нұрлы Жол» инфляциялық үлкен тәуекелдерге бармайды. Бірақ бұдан оның мультипликативті тиімділігі төмендемейді. Бағдарламаны іске асыру үшін 2015 жылы ғана 686 млрд. теңге қаражат бөлінбек, соның 423,5 млрд. теңгесі бюджеттен, қалғаны «Бәйтерек» холдингі арқылы қарастырылады. Бюджеттен бөлінетін қаражат экономикаға құйыла бастады, оның алғашқы 23 млрд. теңгесі автожолдар салуға бағытталып отыр. Осы автожолдар салу барысында ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны ашылатыны белгіленген, бұл дегеніңіз халықтың әл-қуатын арттыруға орасан зор пайда келтірері сөзсіз. Ал мультипликативті тиімділік цемент, металл, техника, битум, жабдықтар мен тиісті қызметтер көрсету салаларында жасалады. Жүк тасымалының жылдамдығы мен көлемі де арттырылады. Сөйтіп, Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін молынан іске қосатын болады. – Сіз өкіметтің монетарлық саясатын қалай бағалайсыз? Бізде шығыстар кірістердің ауқымында ғана анықталуы керек деген монетарлық саясаттың принциптері ұсталына ма? – Экономиканың даму қарқынының төмендеуі, экспорт пен импорттың азаюы, энергиялық ресурстар бағасының төмендеуі, мұнайдың 1 тоннасына экспорттық БАЖ салығының 80-нен 60 АҚШ долларына түсуі және мұнай экспортының салық салынатын көлемінің төмендеуі – міне, осының бәрі бюджеттің түсім бөлігінің деңгейіне қысым түсіретін факторлар. Сондықтан 2015 жылы бюджеттің кіріс бөлігі белгіленген жоспардан 939,6 млрд. теңгеге азайтылып, 3 219,9 млрд. теңге болып белгіленді. Бюджеттің болжанған шығындарын жалпы шығыс бөліктің көлемін оңтайландырып, оны 700 млрд. теңгеге, яғни 10 пайызға азайту арқылы жабу көзделген. Шығыстарды қысқарту кезінде мынадай қағидаттар ұсталынды: – жаңа жобалар мен бағдарламаларды қысқарту (немесе іске асыруды кейінге қалдыру); – әлеуметтік саладағы жаңа бастамалардың іске асырылу мерзімін 2016 жылға шегеру; – тиімділігі төмен немесе анықталмаған бағыттар мен бағдарламаларды қысқарту; – әкімшілік шығындарды азайту, іссапарлар мен өкілдік шығындарын қысқарту, ақпараттандыру мен күрделі шығыстар саласындағы сараптық және консалтингтік шығындарды азайту. Ал «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға қажетті қаражат Ұлттық қордан бөлінеді. Экономиканың қарышты дамыған жылдары шикізаттың экспортынан түскен түсімдердің бір бөлігін біз нақ осындай қиыншылық кезеңдерде «қауіпсіздік жастығын» жасау үшін Ұлттық қорға жинақтаған болатынбыз. Енді сол резервтеріміз қазіргі қиындықтан шығарып, экономиканың өсімін ынталандыруға жұмсалып отыр.  – Бізде инфрақұрылымдық мегажобаларды іске асыру қолға алынып жатыр. Мәселен, ұзындығы 2500 шақырым, құны 8 млрд. доллар болатын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралі. Осындай мегажобалар біздің экономикамызға қашан түсім әкелетін болады? – Техникалық-экономикалық негіздеме бойынша бұл жобаның өзін- өзі ақтауы 8 жылға созылады. Демек, 8 жылдан кейін пайдалануға берілген бұл жол түсім әкеле бастайды. Сонымен бірге, бұл жоба Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы аса ірі аймақаралық транзиттік хаб болуына қол жеткізеді. Қазір Қытайдан Еуропаға теңіз жолы арқылы жеткізілетін жүк 45 тәулік, теміржол арқылы 14 тәулік жүрсе, бұл жол арқылы ол 10 тәулік қана жүретін болады. Сонымен қатар, жолды салу барысында ондаған мың жұмыс орындары ашылады, басқа құрамдас салалардың дамуына да мультипликативті тиімділік жасайды. Атап айтқанда, шағын бизнестің, жол бойы қызметінің, көліктік-логистикалық орталықтардың дамуына ықпал ететін болады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысына зерттеу жүргізілгенде 2020 жылы жүк тасымалы 2,5 есе арттырылатыны анықталған. Жолдың қысқаруына байланысты болатын жылдық орташа тиімділік 33,9 млрд. теңгені құрайды деп болжанып отыр. Сондай-ақ, жол жақсы болғандықтан азаятын жол-көлік оқиғасының шығыны 49,9 млн. теңгеге төмендейтіні де болжанған. – Әрине, мегажобалардың қолға алын­ғаны жақсы, алайда біздің ауданаралық ішкі жолдарымыз қашан жөнделетін болады? Әлі күнге қыста қардан, жазда жауыннан шыға алмай, аудан орталығына жете алмайтын ауылдар бар емес пе? – Бұл сөзіңе мен де қосыламын. Жергілікті жолдардың жағдайын анықтаған комиссияның 2014 жылғы қорытындысына қарағанда барлық 73,2 мың шақырым болатын жергілікті жолдардың 37 пайызы қанағаттанарлық емес деп бағаланыпты. Ал Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары жолдарының бұл көрсеткіші тіпті 50 пайыздан асқан. Қазақстан Бүкіләлемдік экономикалық форумның автожолдарға жасаған әлемдік рейтингі бойынша қазір 117-ші (барлық ел 144) орын алады. 2006 жылы 98-ші орында едік. Осы мәселеге байланысты мен былтыр Үкіметке депутаттық сауал да жасадым. 2001 жылдан бастап біздегі аймақтық жолдар жергілікті атқарушы органдарға қарайды және жөндеу жұмыстарын да солар жасайды. Бұл жұмыстар өте нашар, заңдарды бұзумен жүргізіледі. Жөнделу сапасы да әр аймақта әртүрлі. Өйткені, жалпыға бірдей талап, тексеріс жоқ. Қаражаттарды да өздерінің қалаған көлемінде бөледі. Сондықтан бір облыстың бір шақырым жолын жөндеуге бәлен, екіншісіне түген көлемде қаражат жұмсалады. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң қадағалауға алып, белсенді жүргізетін кез келді. 2015 жылға жергілікті жолдарды салу және жөндеу үшін республикалық бюджеттен 80 млрд. теңге қаражат қарастырылды. Соның 17,5 млрд. теңгесі республикалық бюджеттің мақсатты трансферті, жалпы сипаттағы трансферт 25,3 млрд. теңге. Ал жергілікті бюджеттердің қоса қаржыландыруы 37,5 млрд. теңге көлемінде қарастырылды. Үкімет осы қаражаттар рес­публика көлеміндегі ұзындығы 2,5 мың шақырым болатын жолдарды жөндеуге жетеді деп отыр. Әрине, тиімді жұмсалатын болса, биыл біршама жолдар жөнделіп қалар деген үміттеміз. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».