• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2015

Мерейтойда түрлі мәдени іс-шаралар өтеді

410 рет
көрсетілді

Биыл хакім Абайдың туғанына – 170 жыл. Шығыс өңірі бұл мерейтойға жан-жақты әзірленуде. Қазақтың бас ақынының тойы Семей қаласы мен Абай ауданында кеңінен аталып өтеді. «Мерекелік іс-шара барысындағы жұмыстардың әрқайсысы қазақтың жазба әдебиетіндегі тұңғыш классигінің өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан танытады деп күтілуде», – дейді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. 

Тойға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, ғалымдар, түркологтар, аудармашылар келеді. Іс-шара 5 тамызда Семей қаласында сағат 18.00-де музыкалық кешпен ашылады. Оған Абай атындағы академиялық опера және балет театрының әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шаһимардан Әбілов, белгілі абайтанушы Ғарифолла Есімов қатысады. 6 тамызда бабаның өмірі мен шығармашылығының беймәлім қырлары баяндалатын «Абайдың ұлы жұмбағы» атты деректі фильмі ұсынылады. Ұлы ойшыл туралы рухани-ағартушылық бағыттағы интернет-энциклопедия Президенттің бастамасы бойынша Елбасына берілген «Жібек жолы» әлемдік сыйлығының қаржысына түсірілді. Аталған фильмді мемлекеттік «Дарын» және «Серпер» сыйлықтарының лауреаты Ақберен Елгезек «Tengri Films» кинокомпаниясымен бірге түсірді. Тапсырыс беруші – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

Қазақстан қоғамын ұлы ойшыл мұраларымен таныстыру арқылы жаңғырту бүгінгі заман ағымы үшін өте өзекті. Осы мақсатты көздеген «Абай және әлем өркениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция сағат 10.00-де Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде өтеді. Бұл жиынға алыс және жақын шет-елдерден, Қазақстаннан белгілі әдебиеттанушылар, тіл мамандары, Абай шығармаларын аударушылар, тарихшылар, педагогтер қатысады. Сағат 14.30-да Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абайы» салтанатты шарасы өтіп, ақын туындылары бойынша театрландырылған қойылым, концерт ұсынылады. 7 тамызда ақын мерейтойы Абай ауданында жалпыхалықтық мерекелеуге ұласады. Меймандар «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешені, ақынның музей-үйі, «Еңлік-Кебек» мазарында болып, аудандағы этноауылды тамашалайды. Бұл күні сағат 10.30-да Қарауыл ауылында Мамай батыр ескерткішінің ашылуы, 10.45-те «Қазақ күресінен» ел чемпионаты, 11.00-де «Абай тойы – халық тойы» мерекелік іс-шарасы, 12.00-де «Жорға» жарысы өтпек. Ал сағат 15.00-де аудандық мәдениет үйінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты ақындар айтысы өтеді. Оған Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазы, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева сынды еліміздің әр өңірінен келген 12 ақын қатыспақ. Содан кейін Қарауылтөбеде аламан бәйге ұйымдастырылса, кешке жақын «Абай тойының бас балуаны» атты күрес өтпек. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, биыл ақынның мерейтойын жалпыхалықтық деңгейде атап өтудің ауқымы ұлғайып қана қоймай, пішіні де өзгерді. Әсіресе, дала данышпанының беймәлім қырларын ашуға және насихаттауға зор көңіл бөлініп отыр. – Абай – біздің ғана мақтанышымыз емес. Ұлы ойшылды әлемнің көптеген елдерінің әдебиетшілері, ғалымдары, тіл білгірлері ұзақ жылдар бойы зерттеп келеді. Еліміздің мәдени және тарихи орталығы саналатын Семейге түрлі сала, түрлі ұлт, түрлі дін өкілдері келсе де, олардың барлығын бір дүние біріктіріп тұр. Бұл – ұлы ақынның, ойшылдың даралығының тамыры қайдан бастау алатынын зерделеу. Олардың әрқайсысы Семейде, Жидебай мен Бөріліде болып, ұлттық мәдениет пен тарихтың бірегей ескерткіштерімен танысып, таным көкжиегін кеңейтіп қайтады, – деді Жақсылық Омар.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы.