Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде елімізде этносаралық татулық пен келісімді нығайтудағы этносаясатты насихаттауға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары қауымдастығының екінші отырысы өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында ұйымдастырылған бұл басқосуда еліміздегі этносаралық ынтымақ пен бірліктің ел дамуына қосып келе жатқан үлесі аталып, жаңадан ашылған кафедралардың жұмысы, олардың оқу бағдарламалары талқыланды. Отырысқа жетекшілік еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Еуразия ұлттық университетіндегі ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаковтың атап өтуінше, 2013 жылдан бастап Ассамблея еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында әдістемелік алаңдар құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде Ассамблеяның еліміздегі университеттері жанынан он бір кафедрасы ашылыпты.
Осы университеттегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгеруші Ғаділбек Шалахметовтің айтуынша, жетекші оқу орындарының базасында ашылып, жұмыс істеп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының студент жастар арасында толеранттылықты қалыптастыруда алатын орны ерекше. Бейбітшілік және келісім орталықтарының, ғылыми-зерттеу институттарының құрылуы елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімге ерекше маңыз беріліп отырғанын көрсетеді. «Қазақ халқының ғасырлар бойы бойына сіңірген қасиеттерінің бірі – адамгершілік, – деді келесі кезекте сөз алған Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова. – Сол асыл қасиеттерімізді қазірден бастап жастарымыздың бойына дарытып, қалыптастыра білсек, сонда біздің еңбегіміздің жанғаны болып табылады».
Отырыста, сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметі де таныстырылды. Осы мекеменің ғылыми-сараптау және әдістемелік қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі Нұрбек Шаяхметовтің хабардар еткеніндей, «Қоғамдық келісім» мекемесі Президенттің 2014 жылғы 17 маусымдағы жарлығы бойынша құрылған. Барлық облыста мекеменің өңірлік құрылымдары жұмыс істейді. «Қоғамдық келісім» коммерциялық емес ұйым болып табылады. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының қызмет функциясын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін құрылып отыр.
Ал ҚХА кафедралары қауымдастығының ережесі жөнінде Еуразия ұлттық университетінің ҚХА кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Махаббат Қозыбаева айтып берді. Оның айтуынша, Кафедралар қауымдастығы өз қызметін екі бағыт – ғылыми-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жүзеге асырмақ. Ғылыми-әдістемелік жұмыстарға Ассамблея кафедраларының оқу үдерістерінің үйлестіру және оның сапасына бақылау жасау, оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысты ұсыныстар енгізу, ал ғылыми-зерттеу жұмыстарына отандық және шетелдік қорлардың гранттарын алу мүмкіндіктерін іздестіру, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ықпал ету, тағы басқа да мәселелер кіреді.
Отырыс қорытындысында ҚХА кафедрасы қауымдастығы туралы ереже бекітілді, сондай-ақ, ҚХА кафедрасы қауымдастығы кеңесінің құрамы сайланды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.