Өткен аптада Мәскеу қаласында Еуразия елдері көркем әдебиет аудармашыларының Халықаралық ана тілі күніне және Ресейдегі әдебиет жылына арналған – дөңгелек үстел форумы өтті.
Осынау айтулы жиынға Қазақстаннан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жалпы тілтану мен аударма кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Нұрсұлу Шәймерденова мен көкшетаулық жазушы-аудармашы, ҚХА Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұл арнайы шақырылды. Біз осы салада жемісті қызмет атқарып жүрген жерлесімізден сапар әсері туралы ой бөлісуін өтінген едік. Ол былай деді:
– Дөңгелек үстелде көркем аударманың осы заманғы ахуалы, жалпыресейлік азаматтық сәйкестілікті нығайту және ТМД, Еуразия халықтарының рухани ортақтығын қалыптастыру мақсатында көркем аударманы пайдалану, көркем әдебиет аудармашыларының шығармашылығын дамытуға септесу сияқты мәселелер қарастырылды.
Форумның жұмысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекеттік билік органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, Ресей Жазушылар одағының мүшелері, әдебиетшілер, көркем әдебиет аудармашылары, жоғары оқу орындарының ұстаздары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Форумды кіріспе сөзбен Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрайымы, саясаттану ғылымдарының докторы Светлана Смирнова ашты. Ресей Ассамблеясының біздің Ассамблеядан көп айырмашылығы бар, өйткені, ол – таза қоғамдық ұйым. Жиынға қатысушыларды Қырғызстан халқы Ассамблеясының атынан оның төрағасы, осы ел Ұлттық ғылым академиясының академигі Бектемір Мурзубраимов құттықтады. Содан соң алғашқы сөзді Жазушылар одақтарының халықаралық қауымдастығы атқару комитетінің төрағасы, Ресей Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, РФ еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын Иван Переверзин алды. Ол әдебиеттер мен мәдениеттердің, халықтардың арасын байланыстыратын маңызды көпір саналатын – аударма ісіне арналған осынау форумның тұңғыш рет өтіп отырғанын, мұның түрлі елдер қаламгерлерін одан әрі топтастыруға бағышталатынын тілге тиек етті. Әріптестердің Жазушылар одақтарының халықаралық қауымдастығы үйінде бас қосуының өзінде символдық нышаны бар, деді ол, өйткені, бұл ғимарат XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы қалалық усадьбаның кешені, мәскеулік классицизм сәулет өнерінің бағалы ескерткіші болып табылады; ол кезінде ұлы жазушы Л.Н.Толстойға «Соғыс және бейбітшілік» романын жазғанда Ростовтардың үйін суреттеуге негіз болған; қазіргі біз отырған залда ақсүйектердің би кештері (бал) өтетін болған, солардың бірінде бойжеткен Наташа Ростова алғаш рет Пьер Безуховпен танысқан... Бір кезде мұнда Ресей Жазушылар одағы да орналасыпты.
М.Горький атындағы Әдебиет институты ректорының міндетін атқарушы, РФ Президентінің жанындағы Мәдениет пен өнер жөніндегі кеңес президиумының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алексей Варламов аталмыш оқу орнында Еуропа тілдерінен де, Азия тілдерінен де көркем аударма жасайтын мамандар даярлау жөнінде атқарылып жатқан жұмыс туралы, осыған қатысты проблемалар жайлы әңгімеледі. Бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан келу керектігіне назар аударды, осы орайда, мәселен, Арменияда бұрыннан аударма бойынша мемлекеттік дәрежедегі мереке бар екенін еске салды.
Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы, аудармашы Владимир Бояриновтың «Жолма-жол аударма – әдебиеттердің өзара бір-біріне кірігуінің негізі» деп аталатын баяндамасы өте қызықты әрі практикалық маңызы зор болды.
«Дружба народов» журналының бас редакторы Александр Эбаноидзе өз сөзінде Шыңғыс Айтматовтың «аз халықтың әдебиеті үлкен әлемге аударма атты сәйгүлікке мініп қана шыға алады» деген пікірін келтірді.
РФ Президенті Әкімшілігінің ұлт саясаты мәселелері жөніндегі департаментінің бастығы Михаил Васильевтің, РХА Кеңесіндегі Орыс халқының этномәдени дамуы жөніндегі комитетінің төрағасы Игорь Круговыхтың, Насир Қамбаровтың (Өзбекстан), Нұрсұлу Шәймерденованың (Қазақстан), Хизри Асадулаевтың (Беларусь), Мирослава Метляеваның (Молдова), Лиля Газизованың (Татарстан), Сұлтан Раевтың (Қырғызстан) және басқаларының сөздері де мағыналы, тың ұсыныстарға толы болды. Мәселен, М.А.Васильевтің айтуынша, Мәскеудегі аударма институты орыс әдебиетін басқа халықтардың тілдеріне тәржімалау бойынша ұдайы грант жариялайды, ал мұның өзі орыс әдебиетінің үздік нұсқаларын насихаттау үшін де, аудармашылардың шығармашылық тұрғыдан өсуі үшін де ықпалы зор. Заңгер профессор, ғылым мен өнер бойынша Петр академиясының академигі, қарашай халқының халық ақыны Азрет Акбаев аударма ісінің қыр-сырлары туралы айта келіп, өзінің досы Расул Ғамзатов шығармашылығынан бір дерек келтірді. Оның «Тырналар» деп аталатын белгілі өлеңін авар тілінен орысшаға аударғанда алғашқы жолы «Мне кажется порою, что джигиты...» болған екен. Кейін композитор Ян Френкель бұған музыка жазғанда автормен келісе отырып, шығарманың мәнін, ауқымдылығын, салмағын арттыру мақсатында «джигиты» сөзі «солдаты» сөзіне ауыстырылыпты. Міне, дөңгелек үстел барысында осындай қызғылықты дүниелер көп айтылды, бұл оның маңыздылығын да, пайдалылығын да тереңдете түсті.
Бізге де осынау биік мінберден сөйлеу мүмкіндігі беріліп, шығармаларды қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға аудару мәселесі бойынша тәжірибемізбен бөлістік.
Форум өз жұмысын қорытындылай келіп, тиісті ұсынымдар қабылдады. Құжатта көркем аударманың ұлтаралық қатынастарды тұрақтандырудағы және үйлестірудегі маңызды ықпалы, Еуразия халықтары өмірінің рухани-ізгілік негіздерін топтастырудағы мәдениеттің ерекше рөлі атап көрсетілген. Осынау жасампаздық міндетті жүзеге асыруда А.С.Пушкин бейнелі түрде «ағарту ісінің лаушылары» деп сипаттаған аудармашыларға көп дүние жүктеледі. Аударманың арқасында ғана бір халықтың мәдени мұрасы мен рухани байлықтары өзге халықтардың игілігіне айналады, олардың рухани әлемін байытады. Бұл іс одан әрі жалғасын таба беретіні, ал аталмыш форум осынау қиын, бірақ аса қажет әрі игілікті жолда біздің халықтарымыз үшін жасалған алғашқы қадам екендігі анық.
Жазып алған
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Көкшетау.