• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2015

Фобия

4803 рет
көрсетілді

Көпшілік фобия атауының мағынасын «қорқу» деп түсінеді. Ал қорқыныштың кез келген адамның бойында болатын табиғи құбылыс екендігін ескерсек, онда бұл туралы әңгіме қозғаудың не керегі бар дерсіз. Бірақ, қозғауға түрлі себеп болып тұр және оның салдары адамзат тірлігінің шырқын бұзуы мүмкін екендігін де айтқымыз келеді. Фобия грек тілінде қорқыныш деген мағынаны береді. Тар­қатып айтар болсақ, невроз ауруы­ның адамды ығыр қылатын түр­лерінің бірі. Фобиялық қорқу ұзақ­тығымен, тұрақтылығымен ай­қындалады. Ол белгілі бір жағ­дайға немесе затқа байланысты адамның саналы түрде, бірақ, негіз­сіз қорқуы. Қорқынышының дәлелі жоқ екендігін өзі біле тұра үрейдің алдында қарсы тұра алмау сезімі. Әрине, қазір қоғамда ешнәрсеге таңғалуға болмайды. Мың сан өзгерістер қалай болып жатса, тап солай жаңа аурулардың атаулары да қосылуда. Мәселен, күнделікті өмірде лифтіге мінген кезде де бірқатар адамдардың бойында қорқыныш тұрады. Бірінің ойында лифт тоқтап қалса не болады деген ой болса, екіншісі лифтінің есігі екі ортада ашылып қала ма деп сескенеді. Мұндай ойға не түрткі? Жауап қарапайым. Күнде көріп немесе естіп жүрген интернеттегі жайсыз хабарлар. Мида сақталып қалған ақпарат тап сол кезде ойға сап ете түседі. Адамда қорқыныш сезімі іске қосылады. Лифт діт­те­ген жеріне жеткенше адам маза­с­ы­з күй кешеді. Бұл, әрине, уақыт­ша фобия. Ал одан да бөлек, адамның өткенімен байланысты болатын, яғни психологиялық тұрғыда санада сақталып қалатын фобиялар да бар. Олардың жайы тіпті бөлек. Фобиялар невроздар, психоздар және мидың органикалық аурулары кезінде пайда болады. Невроздық фобиялар кезінде адамдар, әдетте, өз қорқыныштарының негізі жоқ екенін ұғынады, оларға өзін қи­най­тын субъективтік, бақылай алмайтын кінәраттар деп қарайды. Фобия кезінде адамда жалпы мазасыздану, тамырдың соғуы мен тыныс алудың жиілеуі, бозару немесе тез қызару сияқты белгілер болады. Ал «уақытша тұрақсыз фобия» көп шаршағаннан немесе ауыр психикалық қатерден кейін дені сау адамдарда да болуы ықти­мал екен. Егер адам өз қорқы­ныштарының негізсіздігін, ақылға сыймайтынын сыни тұрғыдан анық ұғынбайтын болса, онда мұның өзі көбіне фобиялар емес, патологиялық күмәндар (қауіп­­­тенулер), болып шығады. Нев­роздық фобиялар бейнелі ойлауға бейім, жандүниесі енжар, веге­тациялық орнықтылығы кем адам­дарда көбірек байқалады. Көбіне білікті психотерапевтік шаралар арқылы мұндай кінәрат­тардан арылуға болады. Бір деректерде әлемде 10 мил­­лионнан астам адам фобия дертіне ұрынған дейді. Бәлкім, одан да көп болуы мүмкін. Сон­дай-ақ, фобияның 40 мыңға жуық түрі бар екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қанша жаңа­лық болса, сонша фобиялық тіркеспен аталатын аурулар бар. Оның 10 мыңға жуығы кеңінен таралған, қалған бөлігі бірен-саран адамдарда болуы мүмкін. Жалпы атағанда, фобияны әлеуметтік және дара деп екіге бөліп қарастыруға болады. Ал оның ішінде түрлеріне қарай құбылыстардан, заттардан, жануарлардан деп тізіліп кете береді. Мысалы, адамзат арасында кең таралған қорқудың түр­леріне тоқталсақ, солардың бірі – «клаустрофобия». Ол – оңашаланған, тар жерде жал­ғыз қалу қорқынышы. Айтып кет­кенімдей, бұған лифтіге мінуден қорқу да кіреді. Статистика бо­йын­ша фобияның бұл түрі кең тарал­ған. Ол адамзат баласының 6-7 пайызында кездеседі. Бұл, әсіресе, нәзік жандыларда жиі болады екен. Сонымен қатар, «зоофобия» деген бар. Ол – жан-жануарлардан, бауырымен жорғалаушылардан қорқу. Бұл баршаға тән жағдай, көбінде адамдардың 65 пайызында кездеседі. Келесі, – «акрофобия», яғни биіктіктен қорқу. Сонымен қатар, «никтофобия» деген бар, ол – қараңғыдан қорқу сезімі. Үрейдің бұл түрі жас та, жыныс та талғамайды. Жасөспірім балаларда да, алпысты алқымдаған ерлер мен әйелдерде де кездеседі. Және бір түрі – «диспсихофобия», яғни естен адасудан қорқу болып табылады. Бұл көбінесе жасы келген адам­дарда болады. Сонымен қатар, «дистихифобия» деген бар, ол – қайғылы жайтқа душар болудан қорқу. Және әсіресе, ұшақта ұшуға тура келетіндерде «авиафобия» болады екен. Олар қандай жағдай болмасын, ұшақтан бас тартып, діттеген жеріне пойыз немесе автокөлікпен жетуді ойлайтын көрінеді. Сондай-ақ, «танатофобия» деген бар, ол – өлім­нен қорқу. Бұл қорқыныш сезімі бүкіл адамзат баласының бойын­да бар, баршаның да өлімнен қорқатыны хақ. Ал енді фобияның «біртүрлі» түрлері де болатындығын айта кетсек, «катотрофобия» деген бар, ол адамның кәдімгі айна­дан қорқуы. Айнаға қарамақ тү­гіл, оны қолға ұстамайтын жан­­дар бар екен өмірде. Және «фо­бо­фобия» деген бар екен, ол – фо­бияның өзінен қорқу, яғ­ни бір­демеден қорқудан қорқу сезі­мі. Және қорқудың бұл түрімен таны­мал адамдардың біршамасы ауыр­ған көрінеді. Айта берсек, тау­­сыл­майтын «дендрофобия» – ағаш-талдардан қорқу, «хоро­фо­­бия» – билеуден қорқу, «хоми­хлофобия» – тұманнан қорқу, «спек­­тро­фобия» – елестерден қор­қу, «ка­лигинефобия» – әдемі әйел­­д­ер­­­­ден қорқу секілді санаға сый­­май­­тын қорқудың түрлері де бар. АҚШ психологиялық ассо­циациясы фобия – психикалық ауытқудың кең таралған түрі екендігін және оның бүкіл жер шарында 11 пайыз адамдардың өміріне қатты әсер ететіндігін айтады. Сөзімізге дәлел ретін­де, фобияның адам өміріне қан­ша­лықты әсері бар екендігіне тоқ­талсақ. Атақты орыс жазушысы Николай Гоголь өмір бойы «тірідей көмілуден» қатты қорқып өмір сүрген. Бұл қорқынышқа оның жас кезінде безгекпен ауырғандығы себеп болған деседі. Сол ауру өмір бойы атақты жазушымен бірге болып, оның салдары ұзақ уақыт ұйықтау мен ылғи талып қалуға апарғандықтан, Николай Васильевич осындай кезекті талмасының бірінде оны өлдіге санап, тірідей жерлену­ден қорыққан. Өмірінің соңғы күндерінде тіптен қорқынышы жеңіп кеткен ол ұйықтамауға бекінген. Келесі бір – «тафе­фобиямен», яғни тірідей жер­ленуден қорыққан АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтон болған. Ол үнемі өз жақындарына өзі өлген соң тек екі күн өткеннен кейін ғана жерлеуді тапсырған көрінеді. Сонымен қатар, танымал ақын Владимир Маяковскийдің өмірі тіптен қызық. Ол «гермафобия», яғни инфекция жұқтырудан қатты қорқатын болғандықтан арнайы қолғап киіп жүретін болған. Қаламмен өмірі өрбіген ақынға қалам ұстау ауырлық қылған көрінеді, ол қаламды ашық қолмен ұстаудан аулақ болған. Қайда барса да өзімен бірге сабын, йод және бірнеше таза шүберек алып жүретін болған екен. Осындай фобиямен ауырған тағы бір таны­мал тұлға бар. Ол туралы бүкіл әлем біледі десек, артық айт­қандық емес. Ол поп музыка өнерінің королі – Майкл Джексон. Сахнада әншінің ақ қолғаппен жүруін өзінің стилі, не киім кию үлгісімен шатастыруға әбден болады. Ал француз жазушысы Оноре де Бальзак фобияның қандай түрімен дертті болған дейсіз ғой? Ол «гамофобия» — некелесуден немесе үйленуден қорыққан деседі. Ол көптеген жылдар бойы тұрмыстағы әйел графиня Эвелина Ганскаяға ғашық болған. Арада 10 жыл өткен соң графиня жесір қалып, екеуінің бірге болуына мүмкіндік туады. Дегенмен, сол кезеңдерде Бальзак тағы да 8 жылдай үйленуге ұсыныс жасамай, қарсылық танытып баққан. Дегенмен, жігері мықты графиня оны үйленуге көндірген сыңайлы, сонда қатты мазасызданған Бальзак графиняға хат жазған екен. Онда ол: «Менің денсаулығым сыр беріп жүр, сіз мені жақын арада табытқа салып, шығарып саласыз, өзіңізге менің атымды жаздыруға үлгермейтін болуыңыз керек», деген екен. Бірақ, той болыпты. Дегенмен, Оноре де Бальзак өз аяғымен емес, денсаулығы нашар болғандығы сондай, оны арнайы орындықпен көтеріп алып келген. Осыдан кейін 5 айдан соң көз жұмған... Десек те, фобиядан арылуға мүмкіндіктер көп. Ешқандай дәрі-дәрмексіз, саналы түрде пси­холог, психотерапевт маман­да­рымен кеңесе отырып, бойдағы әлсіздіктерді жеңуге болады. Бұл тұрғыда психолог Ботакөз Бе­кежанова фобияны, көбінесе шиеленістің бір көрінісі деп тү­сіндіреді. Ол кезде фобияның өзін емес, оған себеп болған жағдайды қарастырып, сол мәселе бойынша жұмыс жасайтынын айтады. Маманның айтуы бо­йынша, бойында белгілі бір фобия­сы бар адамға тап сол қорқатын затымен байланыстыра отырып, мысалы, иттен қорқатын балаға күшік сый­лап, кейін оның жақсы жануар екендігін үйрете бастау керек деген сияқты тәсілдерді ұсынады. Және оның айтуынша, фобияны дер кезінде емдемесе, ол әлеуметтік проблемаға ай­налып қана қоймай, адамның қоршаған ортаға зиянын және өз денсаулығына үлкен қатер төндіретіндігін айтады. Бұл тұста тағы бір психолог Салтанат Орынбетова, өзінің пациенті гер­мафобиямен ауырып, тіпті, өліп қала жаздағанын да айтады. Ин­фекциядан қатты қорыққан ол, өзін ауруға санап, ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын жағдайға жеткен. Ұзақ психологиялық сеанстардан кейін ғана есін жинаған пациентінің фобиясы, сол кездерде оның ден­саулығына қатты әсер еткендігін жасырмайды. Адам қай кезде де қорқып өмір сүреді, бірақ қорқу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін қорқады. Осы тұрғыда қазақтың батыры Бауыржан Момышұлынан бір журналист: «Соғыс кезінде қорықтыңыз ба?» деп сұраған екен, сонда батыр атамыз: «Қо­рық­паған болсам, осылай алдың­да отырар ма едім?» деп жауап берген. Уақытша қорқу мен ығыр қылатын тұрақты қорқудың арасында үлкен айырмашылық бар екендігін айтқымыз келеді. Саналы түрде қорқу адамның ілгері басуына үлкен септігін тигізсе, негізсіз қорқудың ауқымды ауыртпалықтарға соқтыратынын ескерген жөн. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».