• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2015

Ел туын ұстаған ерен тұлға

406 рет
көрсетілді

Қазақ мемлекеттілігінің бір буыны – ауыл. Ол киіз үйдің керегесі сияқты әманда мықты болуы керек. Мұнда біздің ұлық тарихымыз, қазақы қалпымыз, кең мағынадағы тұнық табиғатымыз, мәдениетіміз бен мәуелі болашағымыздың негізі қалыптасқан. Бүгінгі күні ауыл ұлан-ғайыр өзгерістер құшағында. Президентіміз Н.Назарбаевтың өзі жыл сайын егін орағы кезінде Көкше диқандарына, қалың қауымға арнайы келіп, сәттілік тілейтін жақсы дәстүр қалыптасқан. Бұл – Ел мен Елбасының тұтастығын дәріптейтін тәлімдік қасиет. Мемлекет басшысының аузынан «Көкшетауға қуанып келемін» деген сөзді жиі естиміз. Үлкен қуаныш, жоғары баға. Осы ретте, ауыл ақсақалы, даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері Сартай ЖҰМАҒАЛИЕВ ағамызбен кездесіп, заман ағымы жайлы толғанысын қағазға түсіріп алып едік. – Міне, біз де сексенді жағалап қалдық, – деп бастап еді әңгімесін ардагер аға. – Азсынатын да, көпсінетін де жағдай емес. Мәселе, басып өткен жолдардың қайда алып келгендігінде. Бүгінін биіктетпейтін адам жоқ. Кешегіні де күстәналап тастай алмаспыз. Қалай десек те, бүгініміз ыстық. Іргеміз сөгілмеген Тәуелсіз елміз. Халық ырыздығын теріп, үрім-бұтағын алаңсыз өсіріп отыр. Осының бәрін бір ауыз сөзге сыйдырып айтамыз. Өйткені, өресі терең елде астамшылдық болмайды. Үнемі алға ұмтылып, өмір жолының, қазақстандық жолдың жарасымды жалғасын тілейтіндер солай етеді. Әрине, халық пен адам талайында тақтайдай сүрлеу жоқ. Күркірей де, дүркірей де күн кешетін сабақтастық бұл. Биік мақсаты, байыпты бағыты бар ел ешқашан адаспайды. Адаспадық та. Бірақ, жеңіл келген дүние бар ма? Жұлдызды сәттердің қымбаттығы да сонда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қалып­тас­қан мем­лекетке» қаһармандық күрес­кер­лікпен, лапылдаған отан­сүй­гіштікпен, ерен еңбекпен жет­кен­біз. Біз маңдайында бақыты бар халықпыз. Оны Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлына қара­тып айтамыз. Бұл кісінің бастама­шылдығы, батылдығы, сарабдал саясаткерлігі, елді ұйыстырар қайраткерлігі мен біліктілігі бүгінгі жарқын күндерге жеткізді десек, бәрібір қысқа қайырғандай сезімде боламыз. Өйткені, Елбасымыз Қазақстанды әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарына бастап бара жатыр. «Мәңгілік Елдің» салтанатты ауанындамыз. Баршамызды «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейтін жақсы ниет желпіндіруде. Жүрер жолымыз бүге-шігесіне дейін айқындалған. Қадамымыз құтты, игілігіміз мәуелі. Бұл – бүкілхалықтық сенімнің жемісі. Ал сенімге ешқандай өлшем бағам бола алмайды. Осы орайда, адам ғұмыры жұл­дызды сәттермен мәнді екендігін еске алған жөн. Мен үшін сонау 1982 жыл сондай кезең болды. Өз ауылымда он жеті жасымнан тапжылмастан атқарған диқаншылық еңбегім ескеріліп, Социалистік Еңбек Ері атағын алдым. Бұрынғыма тағы бір Ленин ордені қосылды. Алматыға шақырылдым. Сол кездегі зәулім Ленин атындағы сарайда үлкен жиын болды. Одақтық бастықтар кел­ген республикалық салтанат­ты жиналыстың президиу­мына қосылыппын. Қазақстанға Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл Ту тапсырылмақ. Сол туды КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары З.Нуриев Дінмұхамед Қонаев бастаған топпен бірге тұрған менің қолыма ұстатты. Бұл туралы мақала мен фотосурет «Социалистік Қазақстан» газетінің бірінші бетіне басылды. Қуанышымда шек жоқ еді. Осы жолы тағдыр маған тағы бір қуаныш сыйлапты. Көк­ше­тауға қайтар кезде Нұрсұлтан Назарбаевпен ұшақта бірге болдым. Жылышырай әңгімесімен бірден баурап алатын қарапайым жан екен. Шай іше отырып хал-жағдайымды, ел ішін сұрастырды. Сол жылдары өзім бастамашысы болған звенолық әдістің қайтарымы, ұжымның ықылас-көзқарасы, аграрлық саланың болашағы жайлы әңгімелестік. Елдік дәстүр бойынша, «үйге жүріңіз» дегеніме, «уақыт көтермейді ғой» деп рахметін білдірді. Нұрекеңді ұшақ трапынан қарсы алған Көкшетау обкомының бірінші хатшысы Оразбек Қуанышевқа: «Міне, геройларыңызды алып келдім», деп құтты болсынын айтып жатыр. Бұл кездесу менің өмірімдегі ең жарқын әрі үнемі қосымша жауапкершілік жүктеп тұратын оқиға ретінде сақталып қалды. Екпінге екпін қосылды. Озат тәжірибеміз өзгелерге тарай бас­тады. Табысымыз да айтарлықтай артты. Бірақ, Кеңес үкіметі жүрісінен жаңылып, түсініксіз реформалар тықпаланды. Ол қиындықтарды менің замандастарым бастан кешірді, қайыспады. Тәуелсіздігіміз де оңайлықпен келмегенін білеміз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел алдына Тәуелсіздікті ұстап қалу, оны тұғырлы ету міндетін қойды. Өмірдің мәні, еңбектің мақсаты өзгерді. Ендігі жерде біз еліміз үшін, өзіміз үшін, болашағымыз үшін жұмыс істеуге кірістік. Оның игілігін көріп те отырмыз. Жұмыс адамы жұмыссыз жүре алмайды. Жасым еңкейгеніне қарамастан, «Дархан» шаруа қо­жа­лығын құрып, 100 гектар ал­қапқа береке дәнін сеуіп жүрміз. Қазір билікті үлкен ұлым Бо­ташқа бергенмін. Өзім кемпірім Алтынаймен, немере-шөбере­леріммен бау-бақша қамындамыз. Дала жидегі мен тау шиелерінен қайнатпа жасайтын әуестігім бар. Кітап оқып, табиғат тамашаларын фотосуретке түсіріп отырамын. Зеренді ауданының құрметті азаматы, Бұлақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстардың ортасындамын. Ел отын-сусыз емес, жұмысы бар, көмек-қолдау қолды ұзартып отыр. Біздің шағын ғана Жаңаауылда 5 шаруа қожалығы, 2 фермерлік ұжым бар. Астық өсіреді, мал өрбітеді. Айрандай ұйып отырған жағдайымыз бар. Осы­ның барлығы әрдайым ел қамын­да жүретін Елбасының арқа­сында деп білемін. Ел туын ұстаған ерен тұлғаның халқымызға сіңірген еңбегін санап шығу мүмкін емес. Әсіресе, одақ тарағандағы дағдарысты жағ­дайда елді аман сақтап қалуы, Тәуелсіздігімізді алмай тұрып-ақ Семей полигонын жаптыруы, Аста­наны елдің қақ ортасы – Сары­арқаның төріне көшіруі, Қазақ­стан халқы Ассамблеясын құруы, «Мәңгілік Ел» ұстанымын алға тартуы көреген көсемнің үлгісі екендігі айқын. Қазақстан халқын бүкіл әлем таниды, елімен санасады, сыйлайды, үлгі етеді. Сәуірдің 26-сы күнгі сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрын болмаған деңгейде дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануы ел халқының дүние дидарындағы абыройын асқақтата түсті. Биыл еліміз мерекелі оқиғалар құшағында. Қазақстан халқы Ассамблеясының және ел Конс­ти­туциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту үстіндеміз. Күні кеше Ұлы Жеңістің 70 жылдығын дүркіретіп тойладық. Бірде-бір соғыс және тыл ардагері назардан тыс қалған жоқ. Біздің ауылымыздан да зұлмат соғысқа қатысып, опат болған 34 азаматымыздың аруағы бір аунап түскендей болды. Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Елбасы бүгінгі алмағайып заманда шұғыл іске кірісуді талап етіп, 5 институттық реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадамның табиғатын ашып көрсетті. Осының өзі біздің еліміздің ізгі мақсаттар жетегінде екендігін және оған жетуге сенімді негіздер барлығын білдіреді. Көңіл осындайдан тоғаяды. Біз Елбасына сенеміз, жаңа жеңістерге жетеміз! Жазып алған Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Зеренді ауданы.