• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2015

Ауыл ұйытқысы – мұғалім

293 рет
көрсетілді

Қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», деген еді. Осы жерде ұлтымыздың ұлы тұлғасы ұстаздың беделін көтере отырып, үлкен жауапкершілік те жүктегенін әрқайсымыз аңғаруға тиістіміз. Өйткені, тәуелсіз елдің ертеңгі тұтқасын ұстайтын бүгінгі ұрпақ екені сөзсіз. Сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі, өнегелі де өрісті, білімді де парасатты болып өсуі, азамат ретінде қалыптасуы – ата-ана мен мұғалімнің мойнына жүктелген қарыз бен парыз деп білемін. Осы парыз жолындағы мін­детімді, яғни жас ұрпаққа тәрбие беріп, білім үйрету жұмысын мен ширек ғасырдан артық уақыттан бері ауылды жерде атқарып келемін. Алғашқы еңбек жолымды балабақшадан бастадым. Қазір бас­тауыш сынып балаларын оқытып жүрмін. Бірнеше толқын ұл мен қыз алдымнан өтті. Қашанда бала жаны гүлдей нәзік, ақша бұлттай таза. Тек түсіне білсең, көңілін ұқсаң болғаны, бұған қоса ата-анамен қарым-қатынасың мықты болуы керек. Іске адал, шыдамды болуды мен ата-анамнан үйрендім. Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері еді, елге келгеннен кейін ауылда қарапайым тірлікпен айналысты. Батыста сұрапыл майдан жүріп жатқанда  анам тылда еңбек еткен. Олар бізді қарғадайымыздан елді сүюге, жер қадірін білуге, үлкенді сыйлауға, адал еңбек етуге баулыды. Бұл жұмыстың салмағы тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті, арта түсті. Өйткені, Қазақ елі, ата-бабаларымыз 300 жыл бойы осы күнді аңсап өтті. Біздің бақытымыз бар екен, тәуелсіздіктің шарапатын көріп отырмыз. Әрине, елдігіміздің 23 жылында қазіргідей үздіксіз жадыраған күндер болды десек артық шығар. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары оңай болған жоқ. Әсіресе, ауылдың жағдайы қиындап кетті. Бірақ біз өз мамандығымызға адалдық танытып, алдағы күнге деген үмітпен жұмыс істедік.  Тап­шылық пен таршылық бірте-бірте жойылып, кеңшілік келді. Мектепке қажет құрал-жабдықтар ала бастадық. Қағаз, қалам да жет­кілікті. Тәубе, қазіргі тыныс-тір­ші­лігіміз көңіл көншітеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жол­дауында білім беру саласына, әсіресе, мектепке жете көңіл бөлгені – мұғалімдерді қанаттандырды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде айта келіп «Бірінші кезекте, бұл апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту проблемаларын шешу» деген еді. Күні кеше Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаһандық дағдарысқа қарамай, Отанымыздағы әлеуметтік жағдайдың жақсы екенін, халыққа барлық мүмкіндік жасалатынын атап айтты. Бұл ауылдағы қара­пайым жұрттың көңілін ор­нықтырып ертеңге деген үмітін биіктетіп отыр. Биыл елімізде төрт мереке аталып өтеді. Ассамблеяның 20 жылдығы басталып та кетті. Ауыл мектебінің мұғалімдері осы төрт мерекенің мән-мағынасын оқу­шыларға  ұғындырып, алуан түрлі кештер өткізіп, мемлекетіміздің гүлденуі ынтымақта жатқанын нақты істермен дәйектеп жүр. Қазақ елінің басты байлығы – тәуелсіздікке әр жастың адал болуы жөніндегі істерде біз ата-ба­баларымыздың, нақтылай түссек, ел мен жерді жаудан қорғаған батырларды, ақыл ойлары мұхиттай терең би шешендерді, азаматтарға тіреу болған ардақты аналарды үлгі етеміз. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен басталған Қазақ хандығының 550 жылдығы аясындағы шаралар кезінде біз жоңғарлармен шайқасып жүріп, киелі жерімізді қорғаған батырлар туралы кең көлемде ашық сабақтар өткізудеміз. Ал Жеңістің 70 жылдығы бізге жақындау секілді. Өйткені, ес білгеннен бері бұл күнді атап өтуге қатысып жүрміз. Бұл мерекенің маған жақын болатын себебі, алда айттым, әкемнің майдангер болғанын. Біздің Нұра ауылында бір кездері соғысқа қатысқан үлкендер баршылық еді. Қазір олардан ешкімде қалған жоқ. Осыдан елу жыл бұрын елді мекеніміз өз алдына кеңшар болып құрылғанда, алғаш мектеп ашылғанда оның бірінші директоры, соғыс ардагері Оразбақ Айдарбеков ағай болды. Ол кісі Жеңіс күні аталып өткен тұста, бар айтатыны: «Соғыс болмасын, соғыстың аты өшсін, ол бізбен кетсін, сендер тек бейбіт күнде өмір сүріңдер!» дейтін. Жеңіс мерекесіне халқымыздың бағы да, байлығы да – Тәуелсіздік күні қосылды.  Қазақ халқы үшін, қазақстандықтар үшін мерекенің мерекесі, күндердің ұлысы Тәуелсіздігіміз деп білеміз. Осындай елдік мықты тұғырымызды оқушылардың санасына мектеп табалдырығын аттаған күннен сіңіру ісі – біздің білім ұямызда жақсы қалыптасқан. Бала кезде берген білім, үйреткен үлгі оларға өмір бойы азық болары анық. Мінеки, алыстағы ауылда жатқан мыңдаған мұғалімдер миллиондаған ұл мен қызға осылайша елдік қасиеттерді, отаншылдық рухты, ұлтымыздың болмысын көрсететін құндылықтарды алаңсыз үйретумен келеді. Ондай тәлім-тәрбиені алған шәкірттеріміз қазір мемлекетіміздің әр өңірлерінде, кейбіреулері туған ауылына оралып жұртқа қызмет көрсетіп жүр. Бұл ұстаздардың еңбегінің ақталғаны, үмітінің орындалғаны екені анық. Жалпы, қазір ауылдың ұйытқысы мұғалім болып отырғаны да ақиқат. Шолпан ҚАНАЕВА, бастауыш сынып мұғалімі. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.