Кеше Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында белгілі жазушы Адольф Арцишевскийдің «Бигельды Габдуллин: право на исповедь» («Бигелді Ғабдуллин: ағынан жарылу құқы») атты жаңа кітабының жарық көруіне орайластырылған баспасөз мәслихаты болып өтті. Оған автормен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті жазушы Смағұл Елубай, прозашы Үміт Тәжікенова және басқалар қатысып, тың туындыға байланысты өз ой-пайымдарын ортаға салды.
Бізде журналистер жайында жазылған кітап көп емес. Бәлкім, мына жинақ сол қатардағы тырнақалды болар. Оның үстіне ол деректі роман-эссе дейтін сирек жанрда өрнектелген. Мұнда біздің мамандықтың небір қияпат қиындықтары, қапталдаса қатар жүретін қауіп-қатерлері, көңіл-күйіндегі күйзелістер жайлы да бүкпесіз айтылған. Сондай-ақ шығармашылық еңбектің бізге сыйлайтын қуаныш-шаттығы да назардан тыс қалмаған.
Кітаптың бас кейіпкері журналистік һәм жазушылық орталарда кәдімгідей-ақ мәшһүр адам. Бигелді Ғабдуллиннің бір басына жетерлік қайшылықтары да бар, жұрттың бәріне бірдей жаға да бермейді, оңай-оспақ та тұлға емес. Бірақ ол, тіпті, өзінің адасуларында да барынша адал, барынша шынайы. Соған қарамастан, бұл тұлға жаңа замандағы Қазақстан медиакеңістігі сәулеткерлерінің бірінен саналады. Бүгін таңда жұрт оны қарымды қаламгер, жаңашыл журналист ретінде таниды. Бертінгі уақытта «Новое поколение» және «ХХІ век» республикалық газеттерінің бас редакторы әрі құрушысы болған. Жақында біз Қазақстанның аса танымал газеттерінің бірі, Бигелді Ғабдуллин құрып, басқарып келе жатқан Central Asia Monitor-дың 10 жылдығын атап өткенбіз. Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов Қазақ ПЕН-клубының тізгінін өзінен кейін нақ осы Бигелді Ғабдуллинге ұстатуы да бекер емес. Оның басшылығымен осынау жазушылар бірлестігі жаңаша тыныстап, жаңаша өркен жаюда. Ол сонымен бірге «Великое кочевье» («Ұлы көш») атты тамаша танымдық жинақтың авторы. Оның өмірбаяны шиеленіскен өзгеше қатпарларымен қайран қалдырып, бізге адами болмыстың қайталанбас тартымдылығын ғибрат етеді. Оның үстіне өмір адамға бір-ақ рет берілген. Біздің әрқайсымыз тағдыр талқысына қарамастан, ол өмірді әрқашан ақ парақтан бастап жазуға мәжбүрміз. Адольф Арцишевскийдің «Бигелді Ғабдуллин: ағынан жарылу құқы» деректі роман-эссесінің беттерінен осындай рухани болмыс-бітімі әбден қалыптасқан ерекше адамның өмірі ағынан жарылып сыр ашады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.