Елдігіміз бен еңсемізді көрсететін ЭКСПО көрмесін Астанада өткізер күн таяп келеді. Әлем елдерінің алдында әлеуетіміз бен бет-әлпетімізді танытатын ұлық шараға дайындық жұмыстары қарыштап жүріп жатыр. Соның бірі – Астанада іргесі қалана бастаған жаңа вокзал.
Десек те, елордаға халықаралық көрмесіз де жаңа вокзал керек еді. Себебі, елордаға айналғанына 17 жыл болған Астана тұрғындары мен келіп-кетуші жолаушылардың саны күн санап көбеюде. Осыған орай, қаланың ескі теміржол бекеті сан-тараптан ағылған жолаушы нөпіріне тарлық ете бастады. Келе-келе, жаңа вокзалға сұраныс күшейді. Ал қазіргі вокзалдың жүктемесі өзінің жобалық қуатынан баяғыда-ақ 30 пайызға асып кетіпті.
Бүгінде елімізге Еуропа мен Азия елдері арасында сауда-экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық байланыс орнатуды қамтамасыз ететін халықаралық көліктік-коммуникациялық дәліз ауадай қажет. Жаңа вокзал кешенінде вагондар паркі жасақталып, заманауи пойыздар қалыптастырылып, әлемдегі озық елдердің стандартына сай етілмек.
Әңгімені әу бастан айтар болсақ, екінші болат жол қақпасы бойынша жүзеге асырылып жатқан тың да ауқымды жобаға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ инвестициялық бюджетінен қажетті қаражат өткен жылы қарастырылып қойған екен. Компанияның бұқарамен байланыс бөлімінің қызметкерлері берген мәліметке сенсек, вокзал кешенінің құрылымы жоғары технологиялар ұстанымына бейімделген инновациялық озық тәсілдермен жасалады. Онда жедел басқаруды қамтамасыз ету көзделіп, Арқаның қатал да құбылмалы ауа райы мен жергілікті жағрафиялық ерекше жағдай ескерілген.
Бұйыртса, жаңа вокзалдың еңселі ғимараты 6 қабаттан түзіледі. Сондай-ақ, пойыздар мен жолаушылардың емін-еркін қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 6 бірдей тұйық түрдегі қабылдап-жөнелтуші жол төселеді. Бас ғимараттың ішіне 3000 жолаушы сыяды. Ал өткізу қабілеті тіптен зор, тәулігіне кем дегенде 35 мың жанды аттандырып жіберуге қауқарлы болмақ. Ғаламат кешеннің жалпы аумағы 119 709 шаршы метрді құрайды. Мамандардың сөзіне илансақ, вокзал қонақтарға ұмытылмас әсер қалдыратындай етіп ойластырылған. Жоба бойынша вокзал кешені жай ғана теміржол бекеті емес, елорданың бас қақпасы ретінде бейнеленеді. Халық көп шоғырланатын іскерлік ортада көлік түрінен басқа салалар да қызметін көрсетіп, белсенділігін танытады. Бас ғимараттың бір жағында сауда орындары орналасып, оған қонақ-үй, бизнес орталығы, ойын-сауық нысаны өзара үндеседі. Жобада ақ жауыннан кейінгі Астананы түрлі түске бояған кемпірқосақ, мұсылмандықтың айшығы ретінде жарты ай іспетті доға және кереге сияқты көркем бейне әспеттелген. Осылай әсем көркі көз қызықтырған қала келбеті мен заманауи сәулет өнері үйлесім табады.
Жаңа вокзал кешені құрылысының қазіргі тыныс-тіршілігін әңгімелесек, осы кезге дейін бірқатар игі істер жүзеге асырылып үлгерген. Атап айтар болсақ, бірегей нысанның жобалау-зерттеу бөлігіне қатысты топогеодезиялық геологиялық жұмыстар толығымен орындалған. Жоспарланған күрделі құрылысты «Сембол УЯТТПИСТА Ширкети» АҚ және «Жол жөндеуші» ЖШС салып жатыр. Қазығы қағылып, жұмысы қызу жүріп жатқан жобаның авторы «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС. Жалпы, бас мердігер ретінде белгілі түрік компаниясы мен «Жол жөндеуші» ЖШС серіктестік құрып, тізе қосқан аталған шаруалар легіне қазіргі уақытта бір жыл толыпты. Бұйыртса, халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу қарсаңында салынып бітуі тиіс теміржол бекеті тәулігіне 30 мыңнан астам жолаушыны қабылдап, аттандыруға қабілетті болатынын жоғарыда айттық.
Қазіргі күнде, құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен. Вокзал ғимараты орын тебетін алаңның айналасына құрылысшылардың уақытша тұрақ-жайлары бой көтеріп, қажетті жер телімдері тегістеліп, түзетіліп жатыр. Әзірдің өзінде, 13 мыңнан астам қада қағылып, монолиттік темір-бетоннан құйылып жатқан қала қақпасының іргетасы мен қаңқасының 20 пайызы атқарылып болған. Ғимараттың эстакада тіреулері бекітіліп, негізгі бағаналар тұрғызылуда. Сан тарауларды қосатын жолдар шеңберінде жер төсемі нығыздалып, ажарландыру жұмыстарын қолға алған. Осы кезде маңызды құрылыс нүктесінде 570 маман-жұмысшы мен 70-шақты техника қызу еңбек етіп жатыр.
Ел экономикасының артуына және әлеумет қажетіне өте керек нысанды Астананың ажарын әрлей түсетіндей етіп салуды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы Үкімет пен ұлттық компанияға тапсырғаны мәлім. Вокзалды тұрғызу нәтижесінде мемлекетаралық және аймақаралық байланыстағы жолаушылар қатынасы оңтайландырылып, ұлттық экономиканың табыстылығын арттыруда ықпалы зор заманауи көлік жүйесі құрылады. Ал өткізу қауқары жол жүру бағыттарына жолаушыларды жөнелтудің ықтимал көрсеткіштері тұрғысында анықталған. А.Байтұрсынұлы мен Ж.Нәжімеденов көшелерінің қиылысында орналасатын аумақта Астана стансасына келіп түйісетін Тобыл, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар нүктелері бойынша тұтынушыларға қызмет көрсетіледі.
Ғаламат құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген соң вокзал шаруашылығында еңбек ететін жұмыскерлердің штаттық саны 511 адамды құрайды. «Вокзал-көпір» деп сипатталатын туындының техникалық-экономикалық көрсеткіштерін тағы бір тәптіштесек, вокзал ғимаратының жалпы аумағы 33 670 шаршы метрді алып, автотұрағы бар вокзал маңы 137 134 шаршы метрді шамалайтын болады. Коммерциялық мақсаттағы бөлігі 15 302 шаршы метрді иеленеді. Сөйтіп, кемпірқосақ кейіптегі вокзал-көпір жаңа заман көрінісін айшықтап тұратын болады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».