Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті өте жоғары. Оған дәлел – Одаққа мүше мемлекеттердің жиынтық экономикаларының көлемі 2,2 трлн. доллардан асып түссе, үш елдің жалпы өнеркәсіп өнімін шығару көлемі 1,5 трлн. долларға жетеді екен. Еуразиялық экономикалық комиссияның бағалауы бойынша, жиынтық ІЖӨ өсімі түріндегі перспективалы интеграциялық әсер 2030 жылға қарай 900 млрд. АҚШ долларын құрауы мүмкін. Ал Қазақстан үшін ІЖӨ 30 млрд. доллар болады деп болжанып отыр.
Аталған Одақтың негізгі жемісті нәтижелері келешектің еншісінде көріне бастайтыны көп айтылып жүр. Ал қазіргі күні сол нәтижелерге жеткізер жолдың бастау баспалдағында тұр. Мәселен, Еуразиялық экономикалық комиссияның бағалауы бойынша, Одақтың экономикасына үш елден тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 2030 жылға қарай 85 млрд. АҚШ долларын құрауы мүмкін, оның ішінде Қазақстан Республикасы ЕАЭО қатысудан қосымша – 40 млрд. доллар, Беларусь Республикасы – 9,6 млрд. доллар, Ресей Федерациясы 35,4 млрд. доллар мөлшерінде пайда таба алады.
Жалпы, Қазақстанның өңірлік экономикалық интеграцияға қатысуы қажеттілігін жасайтын негізгі үш фактор бар. Біріншісі – бұл континентальдық тұйықтық. Республиканың теңіз порттарынан алшақ географиялық орналасуы үшінші елдердің нарығына қол жеткізу мүмкіндігін төмендетеді, экономикалық өсу мүмкіндігін шектейді. Екіншісі – инвестициялар тарту және қайта өңдеу өндірісін дамыту үшін 17 млн. адамды пайдалану көлемі бар ішкі нарық мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігі. Үшінші фактор – әлемдік экономикалық өсудің баяулау үрдісі, Қазақстанның негізгі экспорт тауарларын (мұнай, металл) тұтынудың әлемдік рыноктарының тұрақсыздығы.
Қазақстан «land-locked countries» деп аталатындардан (яғни, теңізден алыс елдерден) ең үлкен және оқшау ел болып табылады. Сондықтан да, әріптес елдердің көлік инфрақұрылымдарына қол жеткізуде барынша қолайлы жағдайларға ие болуға мүдделіміз. Жоғары көлік шығындары әлемдік нарықтарға қол жеткізуді және ел экономикасын әртараптандыруды тежейді. Сол себепті, әріптес елдердің инфрақұрылымына қол жеткізу туралы уағдаластықтар экспорттаушыларымыздың көлік шығындарын қысқартады. Тиісінше, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі көтеріледі, ол экспортқа, оның ішінде Еуропа елдеріне, сонымен қатар, Түркияға жіберіледі.
Айталық, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы біздің көлік тартымдылығымыздың өсуіне және трансконтиненталды «көпірлерді» жасауға ықпал етеді. Жобадан орташа жылдық экономикалық пайда 86,7 млрд. теңгені құрайды және жалпы өңірлік өнімнің өсуі, уақыттан үнемдеу, көлік тасымалдарының құнын төмендету сияқты мәселелерді шешеді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол тармағы пайдалануға берілді. Тармақтың ұзындығы 900 километрді құрайды. Оның 82 километрі Иран арқылы, 700 километрі Түрікменстан аумағы арқылы және 120 километрі Қазақстан арқылы өтеді. Парсы шығанағы, Орталық Азия және Еуропа арасындағы қашықтықты 600 километрге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл көлік шығындарын барынша қысқартады. Болжам бойынша 2020 жылға қарай жаңа маршрут арқылы тасымалдау көлемі 15 миллион тоннаны, оның ішінде 3 миллион тонна транзит жүгін құрауы мүмкін.
Су көлігіндегі көлік инфрақұрылымының маңызды нысаны Қазақстандағы жалғыз және ТРАСЕКА мен «Север-Юг» халықаралық дәлізінің қиылысында орналасқан Каспий теңізіндегі Ақтау халықаралық теңіз сауда порты болып табылады. Бүгінде Каспийдегі жалпы жүк айналымындағы Ақтау портының үлесі – 29 пайыз. Ақтау портының қуаты – жылына 14 млн. тонна. Қазақстан портының қуатын ұлғайту мақсатында оны солтүстік бағытта кеңейту жобасы іске асырылатын болады. Осы жобаның есебіне, сондай-ақ, қолдағы бар жабдықтарды жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу есебінен Ақтау портының өткізу қабілеті 18 млн. тоннаға дейін жеткізіледі.
Интеграция игілігін кеңейтер бірегей жобаның бірі – «Қорғас–Шығыс қақпасы». Бұл инфрақұрылымының құрылысын аяқтау Қорғас арқылы тауар айналымы көлемін 8 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде жүк тасымалын жылына 4 млн. тоннаға дейін ұлғайтады, 150 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылады және 20 мыңға дейін жұмыс орны ашылады.
Еуразиялық экономикалық одақта Қазақстаннан үшінші елдерге басқа мемлекеттің теңіз порты арқылы жүкті теміржол көлігімен, атап айтқанда, Ресей аумағымен және кері бағытта тасымалдау кезінде біріздендірілген тариф қолданылатын болады, ол транзиттіктен барынша төмен. Сарапшылардың бағалауы бойынша, осыған байланысты қазақстандық тасымалдаушылардың үнемі жыл сайын 250 млн. долларды құрауы мүмкін.
2016 жылға қарай GMP халықаралық стандартының негізінде дәрі-дәрмек құралдарының жалпы нарығы жасалады. Ол Қазақстанда шығарылатын фармпрепараттардың әріптес елдер нарықтарына еркін өтуін қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, ортақ нарық халықаралық стандарттар, дәрі-дәрмек құралдарына бағаны тұрақтандыру, фармкәсіпорындарды кооперациялау негізінде препараттардың сапасын көтеруге мүмкіндік жасайды. 2016 жылдан бастап ЕАЭО шеңберіндегі тиісті уағдаластықтар барынша ірі отандық өндірушінің дәрі-дәрмек құралдары экспортының жалпы көлемін жылына 360 млн. долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Беларусьтің, Қазақстан мен Ресейдің ұлттық электр энергиясы рыноктарын интеграциялау жолымен 2019 жылы ортақ электр энергетикалық рыногын қалыптастыру жоспарлануда. Бұл Қазақстанның электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін толық көлемінде іске асыруға мүмкіндік береді. Ол 2030 жылға қарай 6 миллиард киловатт-сағаттан асып түсетін болады деп күтілуде. Бұдан басқа, тиісті уағдаластықтарды іске асыру еліміздің батыс өңірлерінің Ресей желілері арқылы Қазақстанның солтүстік өңірлерінен электр қуатын алуларына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2025 жылға қарай мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарығы қалыптасады, ол өзара саудада экспорттық кеден баждары мен шектеулерін қолдануды қарастырады. Ресейдің газ тасымалы инфрақұрылымына тең қол жеткізу 2025 жылға қарай мүмкін болмақ. Қазақстан жыл сайын 8 млрд. шаршы метрден астам газды экспорттайды. Болашақта Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын барлауға байланысты республиканың экспорттық әлеуеті барынша өседі. Сондықтан да, газ тасымалы инфрақұрылымына қол жеткізу жөніндегі уағдаластықтар алдағы уақытта стратегиялық маңызды мұнай-газ секторының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін болады.
Қазақстан инвестициялық тартымдылықты көтеру негізінде қайта өңдеу өндірістерін дамытуға мүдделі. Қазіргі уақытта белгілі бір оң үрдістер байқалуда. Әріптес елдерге қазақстандық экспорт 2013 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 65 пайызға өсті. Ал Кеден одағы елдеріне экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлар үлесі 45 пайыздан 54 пайызға дейін өсті. Бұған қоса, Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестициялар тартудан алда келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестициялар көлемі Кеден одағы жұмыс істей бастаған кезеңнен бастап 4 жылда 2,5 есе өсті.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».