• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2015

Қарбыз таңдай аласыз ба?

851 рет
көрсетілді

Мынадай жағдай болды. Бір таныс жігіт жұмыстан соң үйіне келе жатып көшеде сатылып тұрған қарбыздан сатып алады. Өзі нән екен. Сонысына қарап, піскен деп ойлайды. Бала-шағасын жиып, қарбызды қақ ортасынан айырып кеп жіберсе, іші аппақ дейді. Содан ашуы кеп сатушыға тура тартады. Барса нөпір халық екен. Салған жерде: «Апа, жаңағы қарбызың піспеген ғой», депті айқайлап. Сатып алушыларынан ыңғайсызданған ана кісі қолына және бір қарбызды ұстата салады. Мұнысы піскен екен. Ертесі әлгі таныс басқа бір қарбыз сатып тұрғандардың қасынан өтіп бара жатады да, бір қитұрқы ойға беріледі. Сөйтеді де, тоқтай қалып сату­шыға ентігіп жетіп: «Көке, бағанағы сатқан қарбызың аппақ екен», дейді. Алдына мың-сан адам келіп-кетіп жатқан сатушы оны қайдан аңғарсын. Өзінің тұтынушыларын шошытып алмау үшін әлгінің қолына бір қарбызды бере қояды. Кешірім сұрап шығарып салады. – Осыны кәсіп қылғанымда үйдегілер жаз бойы тегін қарбыз жейтін еді, – деп күледі танысым. – Бірақ арың жібермейді екен. Расында, піспеген қарбыз алып, сан соғып қалып жатқандар аз емес. Сондықтан қарбыз таңдай білу керек. Егер таңдай алмай­тын болсаңыз, төменде бірер кеңес берейік. Ең алдымен, піскен қар­быз­дың ақ жолағы жалпақ болады.Сондай-ақ, жолағы қанық болуы тиіс. Одан соң қарбызды шертіп көрген кезде дауысы анық шығуы керек. Үшіншіден, сыртында қоңыр-қара дағы бар немесе жырылған қарбызды көрсеңіз мүлде жоламағаныңыз жөн. Төртінші, қарбызды, басқа да жемісті сабағына қарап та таңдауға болады. Егер жемістің сабағы шірімеген болса онда ол жаңа жұлынып әкелінген және іші де түспеген. Бесінші, қарбызда болатын сары дақтар оның толық піскенін білдіреді. Алтыншы, қарбыздың сырты жылтыр болса да жақсы піскендігінің белгісі. Негізі, мамандар қауын-қарбызды тамыз айынан бастап жеуге кеңес береді. Сатылымға ерте түскен қауын-қарбыздардың құрамында нитраттар шамадан тыс көп болады. Егер қарбыз сатып алған болсаңыз сыртын жақсылап жуу керек. Кесілген қарбыз алты сағаттан артық тұрып қалған болса жемегеніңіз жөн. Сонымен қатар, сатып алар кезде сатушыға қарбызды кесіп беруін өтінбеңіз. Ол жерге микробтар түсіп, ішек инфекциясы ауруын тудыруы әбден мүмкін. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.