• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2015

Ел жадынан өшпейді

335 рет
көрсетілді

1941-1945 жылдар қазақ жеріне үлкен қайғы мен қасірет әкелді. Сол жылдары бір шаңырақтан қаншама азамат соғысқа аттанды, олардың көбі майдан даласында мерт болса, біреулері атамекеніне мүгедек болып оралды, ал енді бір жандар із-түзсіз жоғалып кетті. Әкесін, ағасын, бауырын, жарын ойлап іздеген, сарыла күткен жандар күні-түні қайғырып, жан азабын шекті. Қаншама шаңырақ шайқалды... Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында басылым бетінде қан майданда ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен қайсар азаматтар жайлы көп дүние шықты, газет редакциясына келіп, ата-апаларының ерлік жолдарын айтып, жұртшылық назарына ұсынуға өтініш білдірген азаматтар мен хат жолдаған оқыр­мандарда сан жоқ. Солардың бірі Алматы қаласының тұрғыны Ахмет Дүйсенбаев. «Сәлеметсіздер ме, құрметті редакция! Төмендегі суретте бірінші қатардың сол жақ шетінде тұрған – Шамшолла Бекмағанбетұлы Бекмағанбетов. Ол – СССР НКВД-сының алматылық мектебінің 1947-1950 жылдардағы курсанты», деп басталған екен хат мәтіні. Осындай жолдардан кейін өзінің хатында Ахмет Дүйсенбаев ағасы Шамшолла Бекмағанбетовтің 1923 жылы Көкшетау облысында дүниеге келіп, 1950 жылы Алматы қаласында дүниеден өткенін, 4 жылға созылған сұрапыл соғыстан кейінгі кезеңде ол небары 26 жаста болғанын жазады. Оның айтуынша, Ш. Бекмағанбетов от пен оқтың арасында жүріп, етігімен қан кешкен сол бір зұлмат жылдары барлаушы болып қана қоймай, Кенигсберг шешуші шабуылына да қатысыпты. «Біздің Шамшолла ағамыз – менің әкем Рахмет Бекбағанбетұлы Дүйсенбаевтың кенже інісі. Атамыз Бекмағанбет Дүйсенбаевты ел арасында Беген би деп атап кеткен, ол Балуан Шолақтың жолдасы болыпты. Кейін, халықтың басына қара бұлт болып үйірілген сонау 30-шы жылдары репрессияға ұшыраған. Сол себепті, менің әкем мен Шамшолла ағамыздың тегі екі түрлі жазылса керек», – дейді А. Дүйсенбаев. Бұдан кейін хат иесі 1972 жылдан бері Райымбек даңғылында орналасқан Алматының орталық зиратынан Шамшолла ағасының қорымын 2 рет іздегенін, алайда, іздеу шаралары ешбір нәтижесі бермегенін айтып күмілжиді. Хатының соңында А. Дүйсенбаев: «Мені ойландыратын тағы бір жұмбақ нәрсе бар. Басылым бетінде жарияланып отырған суретте біздің ағамыздан басқа тағы 10 курсант бар. Олар кімдер? Мүмкін оларды Қазақстанда танитын жандар бар болар?», – дей келе, Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай, белгісіз курсанттар бейнеленген суретті басылым бетіне жариялауға өтініш білдіріпті. Осы орайда, біз де Алматы тұрғынының өтінішін ескеріп, хат мәтінін газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».   АСТАНА.