• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2015

Болашақтың біртұтас ұлты

919 рет
көрсетілді

Болашақтың біртұтас ұлты – қазақстандық даму үлгісінің өзегі

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жаһандық сын-қатерлерге берілген маңызды әрі уақтылы жауап болды. Сайлаушылардың бұрын-соңды болмаған келуі тіркелді – 95,21%, тамаша нәтиже – 97,75 % қазақстандық өз дауысын Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа берді. Тағы бір ерекше нәтиже – осы уақыт ішінде ел Н.Ә.Назарбаев ұсынған 5 институттық реформаға – Ұлт жоспарына ие болды. Осы маңызды жоспарды іске асыру үшін Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жедел құрылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев мемлекет дамуының қазіргі заманғы үлгісінің идеологы болып табылатынын тағы да дәлелдеді. Ол бұрын да жаппай дүрбелең және қиын-қыстау кезеңде әлемдік элитаға алға жылжу идеясын күн тәртібіне шығарған адам ретінде танылған болатын. Елбасының арқасында Қазақстан болашаққа қанат сермеген даму ошағы болуын жалғастыруда. Президент Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы желтоқсанда «Қазақстан - 2050» Стратегиясында мемлекеттік идеологияны ұсынғаны баршаға мәлім. Бұл идеологияның негізінде неше түрлі «-измдер» мен дог­маларға бағынбайтын дамудың ашық үлгісі жатыр. Дамудың ашық үлгісі – кез келген сатыда мемлекеттік шешім­дердің басты мақсат 2050 жылы Қазақстанды әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосу негізге алына отырып, қабыл­дануын білдіреді. 2050 міндет­теріне сәйкес кез келген жеке­леген сатыда мемлекеттік шешім­дерді оңтайландыру болашақ­тың мемлекеттік үлгі­сін оңтай­ландыруға әкеледі. Прези­дент 2014 жылғы 11 қарашада өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты жаңа Жолдауында осыны көрсетті. «Ключи от кризиса», «Пятый путь» жұмыстарын, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» доктринасын, 2014 жылғы қаң­тардағы «Қазақстан жолы-2050 – бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» атты Жолдауын ескерсек, дамудың қазіргі заманғы үлгі­сінің идеологиялық тұтас жаңа дүниетанымы қалыптасады. Жаңа «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы жол­дауындағы жаңа стратегия дү­ниетанымдық серпін беруі тиіс, өйткені, 2050 жылға дейінгі стратегияның мәні біздің орнықты даму деңгейіне шығуымыз болып табылады, дамудың типі ин­дустриялануға дейінгіден және индустрияланудан постин­дустрияландыруға өзгереді. «Қ­а­зақстан-2050» Стратегиясы бо­йынша ескі проблемаларға жаңа­ша қарауға және жаңа проб­лемаларды оңтайлы шешуге мүмкіндік беретін сана-сезім мен рух көкжиегі кеңейеді, ағымдағы тарихи кезеңге неғұрлым барабар әлеуметтік психология мен мінез-құлық типі қабылданады. Сөз табыс психологиясы жө­нінде болып отыр. Америкалық ғалымдардың қазіргі заманғы зерттеулері «жалпыға ортақ прогресс мәдениетінің» болуы туралы айтуға болатынын көрсетті: экономикалық мінез-құлық саласындағы сол бір құндылықтар, шығу тегіне қарамастан, гео­гра­фиялық, климаттық, саяси, институттық және мәдени жағ­дайлары әртүрлі елдерде әл-ауқатты қамтамасыз етеді». Бай-қуатты тұратын және білім деңгейі жоғары кейбір елдерде ұзаққа созылған экономикалық қиындықтар жарты ғасырға ұлас­қан әл-ауқаттың үздіксіз өсу трендінің құлдырауына әкеп соқ­ты. 50 жыл ішінде алғаш рет «ұр­пақтың» жасампаздық деңгейі жоғары болса да «бабаларына қарағанда» «ұрпағының» өмірлік перспективалары нашар болатындай ахуал қалыптасты. Үміт пен болашағы жоқ нақ­ты­лық арасындағы алшақтық саяси радикализм жарылысына әкеледі. Қазақстан болса, ұрпақтың келер трендін көтеруде, дағда­рыстар мен әлемдік тұрақ­сыз­­дыққа қарамастан, «келер ұрпақ аталарына қарағанда жақ­сы өмір сүруде» деген жолды ұста­нуда. «Қазақстан-2050» Стра­тегия­сының, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты­ның арқа­­сында ұрпақтар сабақ­тасты­ғы­ның осы жолын болашақта да ұстап қалмақ ниетте. Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясында жаңа әділдік ұғымына, ХХІ ғасыр­дың барабар сын-қатерлеріне негізделген жаңа әлеуметтік саясат қағидаттарын береді: «әлеу­меттік кепілдіктер және жеке жауапкершілік». Бұл ретте, осы мәселедегі мемлекеттің басты мақ­саты: «Біздің мақсатымыз – әлеу­меттік қауіпсіздік және азамат­тарымыздың амандығы» деген тұжырымдама түбегейлі тұжырым. Әлеуметтік қауіпсіздік – әлеуметтік саясатты іске асыру кезіндегі мемлекеттік шешімдерді қабылдаудағы басты критерийі болып табылады. Осы тұрғыда Грекия мен Түр­кияның мәселесі айқын мысал бола алады. Екі мемлекет көптеген ғасыр бойы бәсекелестікпен (эко­номикалық, геосаяси, әскери тұр­ғыдан) өмір сүріп келеді. Тарих­тың қазіргі түйінінде Түркия Гре­киямен жарыста айқын басым түсіп отыр. Грекияның құл­дырауы (6 жыл рецессияда болды) көбінесе әлеуметтік саясаттың дұрыс болмауымен түсіндіріледі, ол «әлеуметтік мемлекет» деген идеяны тура түсініп, мемлекет әлеуметтік шығыстарды шектеусіз ұлғайту жолына түсті. Ал Түркия болса, мемлекеттік шығыстарды шектеп, қарызға батпай, керісінше, ұлттық кәсіпкерлікті барынша ынталандырды. Нәтижесінде, Түркия экономикалық тұрғыдан өсуде, жаңа индустрияландыруды жасады. Әділдік деген гректердің түсінігінше «жәрдемақылардың әділдігі», ал түріктердің түсіні­гінше «мүмкіндіктердің әділдігі». Демек, әділдік деген мемлекеттік жәрдемақыларды шектеусіз ұлғайтып отыру керек дегенді білдіре алмайды. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап бірден-бір дұрыс жолды таңдады. Ол – барлық сарапшылар (сырт­қы да және ішкі де) «қазақ­стан­дық жол» деп атайтын, қазақ­стандық үлгінің негізін қалайтын қағидаттар негізінде қол жеткі­зілетін эволюциялық прогресс. Тәуелсіздік таңында бұл Прези­дент Н.Ә.Назарбаев ұсынған не­гізгі 4 ережеден құралды: 1. Ұлт­аралық (конфессияаралық) бейбітшілік пен келісім; 2. Ең алдымен экономика, содан кейін сая­сат; 3. Ұзақ мерзімдік дамудың басты мақсаттары бойынша кең қоғамдық сұхбат; 4. Стратегиялық мемлекеттік жоспарлау (алдымен – 3 жылдық жоспарлар, содан кейін стратегиялар, мемлекеттік бағдарламалар, жол карталары, т.с.с.). Содан кейін сыртқы саясаттың көпбағыттылығы мен меритократия қағидаттарында элитаны жаңарту тетігі және ұлттық ауқымдағы мегажобалардың болуы мен т.б. қосылды. Мұның бәрі заманның сын-қатерлеріне берілген жауап болатын. Қазақстан қалыптасқан мемлекет жолына түсті, бірақ әлемдік сын-қатерлер алдында қол жеткен жетістіктерді сақтап, көбейту үшін «жеңіске жеткен егемендік» сатысында тоқырап, тоқтап қалуға болмайды. Дамуға деген мемлекеттік ерік-жігер ғана қазіргі заманның шешілмейтін қайшылықтарын: мемлекетаралық, дінаралық, таптық жанжалдарды шешуге қабілетті. Тұрақты эволюциялық даму идеологиясы – ұлттың береке-бірлігін сақтап қалудың бірден-бір жолы. Күрделі геосаяси жағдайларда біздің мемлекеттілігіміздің жа­һандық сын-қатерлеріне стандартты емес әрі күшті жауап беру қажет болды. Президенттің «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде сөйлеген сөзінде қазақстандық мемлекетті институттық реформалар мен қазіргі заманғы саяси институттарды құру есебінен одан әрі нығайту жөнінде сөз болды. Қазақстан сияқты қазіргі заманғы қалыптасқан мемлекет ненің есебінен орнықты, қуатты әрі табысты бола алады ма? Елбасы бұған 5 институттық реформа ұсына отырып жауап берді. Біріншіден, экономикалық бағдарламалардың сапалы түрде іске асырылуы мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ұсы­нылуын қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби және дербес мемлекеттік аппарат есебінен. Екіншіден, меншік құқығының қорғалуына кепілдік беретін және экономикалық дамуды ынталан­дыратын заң үстемдігінің есебінен. Үшіншіден, индустриялан­дыру мен әртараптандыру эко­номикалық өсім беруге тиіс, бұл өз кезегінде орта таптың қалып­тасуын қамтамасыз етеді. Төртіншіден, ұлтты этносқа, дін мен тілге қарамастан бірік­тіретін қалыптасқан ұлттық бірдейлік есебінен. Бесіншіден, билік институттары мен ел азаматтарының арасында кері байланыс тетіктерін жасаудан көрінетін демократияландыру есебінен. Жинақтай келгенде, бұл факторлар Қазақстан мемлекеттілігін нығайту және Қазақстанның әлем­нің дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін жағдай жасайды. Алғашқы төрт бағыт бойынша жұмысты бір мезгілде жүргізуге болады. Бесінші бағытты басқа бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізуге қарай жүзеге асыру қажет. Реформалардың мұндай дәйектілігін сақтау – әлеуметтік тұрақсыздыққа ұрынбай, саяси жаңғыртуды жүзеге асырудың бірден-бір кепілі. Әлемнің түрлі өңірлеріндегі соңғы революциялар тізбегі асығыс орнатылған демократия мемлекеттің тұрақтылығына кепілдік бермейтінін және табыс­ты экономикалық жаңғыртуды қамтамасыз етпейтінін көрсетті. Оның үстіне, кейбір елдерде асығыс түрде жүзеге асырылған демократияландыру саяси режімнің тұрақсыздығына, ал басқа елдерде азамат соғысы мен толықтай күйреуге себеп болды. Тәуелсіздік жылдары Қа­зақстан тұрақтылықты сақтау мен қоғамдық келісімді қа­лыптастыру ісінде айтарлықтай табыстарға жетті. Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың саясатының арқа­сында қазақстандық қоғам әр­түрлі этностық топтардың, конфес­сиялар мен мәдениеттердің бір­лесіп, өзара тату-тәтті өмір сүруімен сипатталып отыр. Бірақ біз мемлекеттің ұзақ мерзімді орнық­тылығы мен табыстылығын қамтамасыз ету үшін ұлттық бірдей­лікті одан әрі нығайта бе­руі­міз қажет. Мұндай саясат: а) Қазақстан қоғамы құнды­лық­­тарының біртұтас жүйесін қа­лыптастыруды; б) «ортақ табыс­ты болашақ» құндылықтарының иесі – орта тапты қалыптастыруды көздейді. Ұлттық бірдейлік сая­си тұрғыдан тұрақты мемлекет құрудың шешуші фактор­ларының бірі болып табылады. Қазақстандық бірдейліктің негізінде еліміздің кез келген этносының өкілі үшін маңызды жалпыазаматтық құндылықтар жиынтығы жатуға тиіс. Ұлттық бірдейлік азаматтық қағидаттарға негізделуге тиіс. Қазақстанның барлық азаматтары бірдей құ­қықтарды пайдаланып, бірдей жауапкершілік жүгін арқалауға және бірдей мүмкіндіктерге қол жеткізе алуға тиіс. Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтардың жаңа жалпыұлттық идеалдар мен құн­дылықтарды – құқықтың үстем­дігін, жекеменшіктің қорғалуын, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақ­стандық құндылықтарды және Тәуелсіздік жылдары ішінде жеткен жетістіктерді өзінің этностық ерекшеліктерінен жоғары қоя білуі. Мәңгілік Ел идеясы жал­пыазаматтық құндылықтардың жүйесі болуға тиіс. Мәңгілік Ел идеясының базасында жұртты топтастыратын: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік (жеке бастың табысы – елдің табысы), адалдық, ілім мен білімнің үстемдігі, зайырлы ел – тағаттылық елі құндылықтары ұсынылып отыр. Қазақстандық бірдейліктің діни құндылықтар негізінде нығайтылуға тиіс екендігі де принциптік тұрғыдан маңызды мәселе. Біздің аумағымызда ғасыр­лар бойы қалыптасқан хана­фиттік ислам сабырлылықпен және төзімділікпен, ислам құн­дылықтарының дұрыс түсінді­рілуімен, ұтымдылықпен және қазіргі өмірдің сын-қатерлеріне деген ашықтықпен ерекшеленеді. Қазақстандағы славян халқының басым бөлігіне тән православие адамның ар-ұждан проблемасы мен имандылық таңдауын, мейірім мен жанашырлықты басты мәселе етіп қояды. Ал протестантизм табысты әрі өнімді еңбекті, ұқыптылық пен қайырымды өмірді адам тіршілігінің түп өзегі деп белгілейді. Қазақстандық бір­дейлік қазақстандықтардың үздік этностық және діни дәстүр­лерін ескере отырып, жалпы аза­мат­тық құндылықтар негізінде стра­тегиялық тұрғыдан құрылуға тиіс. Тіл саясаты да маңызды рөл ат­қарады. Үш тілді кеңістік – қазақ, орыс, ағылшын тілде­рі этнос­ара­лық келісім мен азаматтық тең­діктің кепілі. Қазақ тілі Қазақстан үшін бірегей мәдени актив болып табылады, орыс тілі – өңірлік эко­номикалық интеграция тілі, ал ағылшын тілі – этносаралық және ұзақ мерзімді перспективадағы іскерлік байланыс тілі ретінде, Қазақстанның жаһандық қоғам­дастыққа интеграцияланған ел ретіндегі болашағы осы ағылшын тілін пайдаланумен байланысты. Құндылықтарды таңдау ке­зінде дүниеге батыстық және шығыстық көзқарастардың арасын жалғайтын, еуропалық пен азиаттың үздік қасиеттерін синтездейтін еуразияшылдық идеясы біріктіруші идея ретінде бола алады. Кеңес Одағы қирап, тәуелсіз мемлекеттер құрыла бастаған кезеңде сарапшылар бірнеше тео­рия ұсынған болатын, олар: 1. С.Хантигтонның «Өркениеттер қақтығысы» – қоғамның негізгі этностарының әртүрлі мәдени-өркениеттік топтарға жатуы нәти­жесінде бөлшектенген қоғам әсерінің туындауы; 2. Р.Бру­бей­кердің «Постимпериялық синдромы» – империяның ыдырауы империялық ұлттың отар елдерден метрополияға жаппай қоныс аударуына және соған байланыс­ты этносаралық шиеленістерге әкеп соқтырады; 3. Дж.Милннің полиэтностық қоғамның биполярлы этнодемографиялық құрылымы – биполярлы қоғамдарда екі же­текші этностық топ саяси, экономикалық, мәдени және өзге де салаларда үстемдік алу үшін өзара бәсекеге түседі; 4. М.Дж.Смиттің «Мәдени плюрализм тұжырымдамасы» – мәдениеті тұрғысынан әртекті топтар өзде­рінің арасындағы біреуіне бағын­дырылуға тиіс, бұл іс жүзінде ассимиляцияны білдіреді. Президент Н.Ә.Назарбаевтың арқасында осы теориялық модельдердің ешбірі Қазақстанда іс жүзіне аспады. Ол 1994 жылдың наурызында Ло­моносов атындағы ММУ-де сөй­леген сөзінде посткеңестік дамудың сын-қатерлеріне жауап ретінде Еуразиялық Одақ идеясын ұсынды. Еуразиялық жобаның мағынасы мынада – мәдени, өркениеттік, тарихи тамырылармен байланысқан, экономикалық параметрлері бо­йынша интеграцияланған, әлеу­меттік жүйесі ұқсас, «тағдыры ор­тақ» халықтар мен мемлекет­тер жағдайында жаһандану шек­теулі кеңістік ауқымында ғана қабылданады. 2014 жылғы 29 мамырда Астана қаласында Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа қол қойылып, ол 2015 жылғы 1 қаңтардан бас­тап күшіне енді. Интеграция мен ком­муникацияның кеңістігі құрылды, бұл болашақта біздің елдерімізде әлеуметтік-саяси дамудың жағым­ды трендін қамтамасыз етуге тиіс. Осылайша, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал сая­саты мен ғаламат тұлғасының арқасында әлемді мойындатқан «Қазақстан жолы» бұрынғы Ке­ңес Одағы кеңістігіндегі ең нәти­желі үлгіге айналды. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен ортақ үйіміз – Қазақстандағы бейбітшілік оның саясатының негізгі өзегі мен түпқазығы болып табылады. Серік СЕЙДУМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.