• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

Елі әділ бағасын берді

213 рет
көрсетілді

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Талдықорғанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бір жылда атқарылған жұмыстар бойынша өңір халқының алдында есеп берді. Белгіленген күн тәртібіне сәйкес бірінші кезекте облыс әкімі баяндама жасап, «Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен бір жыл ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өнеркәсіпте 1,9 пайыз­ға, ауыл шаруашылығы саласы­ның жалпы өнімі 1,4 пайыз­ға артты деді. Құры­лыс жұмыстарының көлемі 202 млрд. теңгеге жетіп, 453 млрд. теңге инвес­тиция тартылып, мемле­кет­тік бюджетке 289 млрд. теңге түсті. 20 мың 700 жұмыс орны ашылды. Ағым­дағы жылы осы қарқынды сақтай отырып, экономиканың өсімін 2,5 пайыз­ға қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін дағдарысқа қарсы «Нұрлы Жол» бағдарламасы, екінші бесжылдыққа арналған индустриялық-инновациялық даму, «Агробизнес-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Негізінен аграрлы облыс болған­дық­тан ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударылатыны анық. Рас, ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының өткен жылғы жос­пары орындалмай 100 тонна еттің орнына небәрі 20 тонна ғана ет өндірілді. Бұл кемшілікті түзету үшін аудандарға арнайы іссапармен барып, атқарылып жатқан жұмысты көріп зерделегенімде осыған дейін құрылған мал бордақылау алаңдары қарабайыр, өз қуаттылығынан әлдеқайда төмен (70 пайыз­) және барлық аудандарда мал басы жеткілікті болғанымен, кей жерлерде алаңдар мүлдем жоқ болды. Облысымыздағы ет бағытындағы мал өсірушілерінің алдына қуаттылығы 1,5 мың бастан асатын заманға сай мал бордақылау алаңдарын, ірі репродук­тор-шаруашылықтар құруға талап қой­дым. Сондықтан, биылғы жылы 1 700 тонна ет экспортын қамтамасыз етуіміз қажет. Біз бұл мақсатқа қол жеткізе аламыз, өйткені, бүгінгі күнге «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдар­ламалары аясында құрылған мал борда­қылау алаңдарында 43 мыңға жуық мал басы бар. Сонымен қатар, 27,5 мың басқа арналған ірі қара малының 457 фер­мерлік шаруашылығы құрылып, 9 мың бас асыл тұқымды мал шетелден әкелінді. Мұнда ең маңыздысы, экспортталатын ет мұздатылып өңделген, арнаулы орамаға салынған, яғни стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл мақсатта Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы бойында ет, сүт, көкөніс өңдейтін шағын цехтар, сақтау қоймалары ашылатын болады. Бүгінде сегіз жер телімі анықталып, бір мал сою цехы іске қосылды, деді облыс әкімі. Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі қозғаушы күші мен көрсеткіштері толық орындалған. Барлығы 52 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына сәйкес биылғы жылы негізгі күш апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешуге, мектепке дейінгі мекемелермен қамтуды арттыруға жұмсалады. Қазіргі уақытта апатты мектептердің мәселесі шешімін тапты. Үш ауысымды 51 мектептің құрылысы жоспарланды. Оның ішінде 33-і Елбасының тапсырмасымен Ұлттық қор қаражаты есебінен салынатын болады. Біздің есебіміз бойынша, 245 балабақша ашу қажет. Әрине, мұның барлығын бюджет есебінен салу мүмкін емес. Сондықтан, 133 балабақшаны жеке инвестициялар тарту арқылы ашу көзделді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштері бойынша денсаулық сақтау саласында нәтижелі жетістіктерге қол жеткен. «350 дәрігерлік емханалар» бағдарламасы ­аясында 36 медицина мекемесі салынды. Қазіргі заманға сай құрал-жабдықтар­мен толықтырылған жаңа кардиохирургия орталығы ашылды. Райымбек ауданы­ның Кеген ауылында 250 науқасқа арнал­ған соңғы үлгідегі емхана салынды. Келесі жылдан бастап Талдықорған қаласы­ның тұрғындарына 300 орындық көпсалалы қалалық аурухана, Көксу ауданы­­ның Балпық би ауылында 250 науқасқа арналған емхана медициналық қыз­мет көрсететін болады. 2015 жылға арналған басты міндеттер «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты және үстіміздегі жылдың 11 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар негізінде айқындалды. Елбасы «Біз бір бөлшегі болып саналатын әлемдік нарықтық экономикада мұндай ауытқулар болып тұрады. Бұл уақытша жағдай, оның шешімі табылады», деп айтқанындай, біз осы кезеңде облысымыздың әлеуетін арттыру жолында 2030-шы жылға дейінгі даму бағдарламасы мен инвес­торларды тарту стратегиясын айқындап алуға тиіспіз», деді Амандық Баталов. Есепті кездесуге қатысқан Денсау­лық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту барысында мемле­кет тарапынан ­жасалатын жағдайлар, әрине, арнаулы бағдарламалар жайлы жан-жақты ­тү­сі­нік берді. Тұрғындар жарыссөзге шығып, әр­қайсысы өз саласы бойынша облыс әкі­мінен көріп отырған қамқорлығын паш ете тұрып, Амандық Баталовтың бір жылда атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Шыны керек, бес саусақ бірдей емес қой. Жеке мәселелерін де тұрғындар көтере білді. Бұл ретте баса айтар жайт, бұл күні елдің тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің барлығымен облыс әкімінің таныс болғандығы және сол проблемаларды реттеу жұмыстарының басталып кеткендігі болды. Қалай десек те, халықтың аты халық. Жүзбе-жүз тұрып жалған ақпар беруге ел жібермейді. Демек, Амандық Баталовтың дүйім жұрттың алдында жүзінің жарқын болып тұрғандығы көп жайды аңғартса керек. Екшей білсек, жол салу, көгілдір отын тарту, қызылша, жүгері өсіру, кәсіпкерлерді қолдау үшін шалғайдағы ауылдардан екінші деңгейдегі банк филиалдарын ашу мәселесін тиісті тұлғалар алдына қоя білу және бизнесмендерге «Елбасы кеше сіздердің бизнесті дамытуларыңа мүмкіндіктер тудырып, бүгін қолдап, қорғап отырғанын дұрыс түсініп, соның қайтарымы ретінде балабақшалар, спорт кешендерін салып беріңіздер», деп талап қоя білуі іскерлікті аңғартып тұрғандай әсер етті. Қорыта айтқанда, облыс әкімінің жұмысы тұрғындардан қанағаттанарлық деген әділ бағасын алды. Нұрбол Әлдібаев, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.