Қазақстан инвестиция үшін тартымды ел болып отыр. Экономикалық тұрақсыздық белең алған әлемде тікелей шетел инвестициялары бойынша төмен көрсеткіштер орын алғанына қарамастан, Қазақстанда оңтайлы қарқын сақталған.
Еліміздегі шетел инвестицияларының ахуалы жайында кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Индустрияландыру бағдарламасы аясында инвестициялық саясатты жүзеге асыру туралы» баспасөз мәслихатында айтылды. Оған Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хайыров, «KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы Борисби Жанғоразов, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Айгүл Мұхамадиева, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Жұбашев қатысты.
Инвестиция көлемінің өсуіне Индустрияландыру бағдарламасының зор ықпалы тиді. Деректер көзі дәлелдегендей, шетелдік инвестициялар үлесінің басым бөлігі осы бағдарлама іске қосылған жылдарға дөп келіп отыр. 2005-2014 жылдар аралығында 207,6 млрд. долларға жетіп, оның 82,1 млрд. доллары 2005-2009 жылдары тартылған.
2010-2014 жылдары тікелей шетел инвестициялары ағымының ең көп үлесі кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке қатысты салаларға тартылған. Оның ішінде геологиялық барлауды жүргізу қызметіне 34 пайыз немесе 42,6 млрд. теңге тиесілі. Шикі мұнай мен табиғи газды өндіруде инвестиция 21,3 пайызға немесе 26,8 млрд. долларға жетті. Ал көтерме және бөлшек сауда, көліктерді жөндеу қызметтеріне үлесі 9,3 пайызды қамтыды.
«Былтыр шетел инвестициялары бүкiл әлем бойынша 8 пайызға төмендедi. Соның iшiнде бiз сияқты дамушы елдерде 50 пайызға дейiн азайды. Соған қарамастан, Қазақстанда инвестициялардың тұрақты өсiмi тiркелуде. Жыл сайын бiз 20 млрд. долларға тарта шетел инвестициясын тартып отырмыз», дедi Инвестициялар комитетiнiң төрағасы Е.Хайыров.
2014 жылы инвестиция көлемi 23,9 млрд. долларды құрады. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда тек 100 млн. долларға аз. Соңғы 10 жылда Қазақстан 208 млрд. доллар шетел инвестициясын тартты. Негiзгi инвесторлардың бестiгiне Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Қытай және Франция кiредi», дедi комитет басшысы.
Айтпақшы, Қазақстан Түркия және Қытай инвесторларымен бiрге 60-қа тарта жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. «Қазақстанға жақында Түркия Республикасының Президентi келген болатын. Жобалар көрмеге қойылды. Түркиялық инвесторлармен бiрлесiп, 20-ға жуық жобалар iске асырылады деп жоспарлануда. Ал қытайлық инвесторлармен бiрге түрлi салада 38 жоба қолға алынады», деді Е.Хайыров. Оның мәлiметi бойынша, бұл негiзiнен өңдеушi салалардағы жобалар. Iрi жобалардың басым көпшілігі мұнай-газ саласына тартылған, сонымен қатар баламалы энергия көздерiн пайдалану саласында үлкен серпiн бар.
Е.Хайыров соңғы жылдары инвесторлар тарту құрылымы өзгергенiн атап өтті. «Өздерiңiз бiлетiндей, соңғы кездері өңдеушi саладағы инвестициялар ұлғайды. 2014 жылы бұл саладағы өсiм алдыңғы жылғымен салыстырғанда 48 пайызды құраған. Осының барлығы ең алдымен Президенттiң мемлекеттiк индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында деп санаймыз», деді ол.
Өңдеушi салада инвестициялар бойынша металлургия көш бастап келедi. Келесi орында дайын металл өнiмдерi тұр. Негiзгi фармацевтикалық тауарлар үшiншi орында келедi. Президенттiң Индустрияландыру бағдарламасы арқасында өңдеушi салаға құйылған инвестициялар артып келедi.
«Бағаның құлдырауына байланысты мұнай-газ саласына инвестициялар азайып, керiсiнше, өңдеушi салаға артуда. Бұл үрдіс сақталады деп үмiттенемiз», деді Е.Хайыров. Оның айтуынша, металлургия, машина жасау, тоқыма саласына 2010-2014 жылдары инвестиция көлемi 3 есе өсiп, 14,5 млрд. доллар шамасында тiркелдi. Ал фармацевтикаға тартылған инвестициялар 86 есе өскен. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына үлкен қызығушылық байқалуда.
«Бiз инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жұмысты қарқындата бермекпiз. Аймақта инвестициялық жағдайлар бойынша ең қолайлы ел ретiнде қалуға мүдделiмiз», дедi комитет басшысы.
«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингi» АҚ басқарушы директоры Айгүл Мұхамедиева холдинг 50 млрд. теңгеге 75 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғандығын жеткізді. «Қазiргi уақытта оның 30-ы жүзеге асырыла бастады. Жалпы сомасы 50 млрд. теңге шығады», дедi А.Мұхамедиева. Инвестициялық жобалар толықтай іске қосылған соң, елімізге келетін жемiс-жидек импорты 76 пайызға, ет импорты 30 пайызға кемімек. Индустрияландыру картасында 106 жоба холдингтiң қаржыландырылуымен жүзеге асып жатыр. Олардың жалпы құны 159 млрд. теңгенi құрады. Шамамен 6 мың жұмыс орны ашылды. Жалпы, Ұлттық қордың қаржыландыруымен 161 жоба пайдалануға берiлдi. Олардың жалпы құны 142 млрд. теңгенi құрады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».