Штрафбат құрамындағы қызыл әскер Мұқамәділ Қаптағаевтың қаһармандық қимылы туралы бір үзік сыр
Төрт жылға созылған сұрапыл соғыста ерлік пен қайсарлық үлгісін көрсетіп, айып батальонының ақиығы болған Мұқамәділ Қаптағаевты өмір сындары бұл қияпатқа дейін де сом балғамен ұрып шыңдаған еді. Ежелгі Жетісу, Сарқанттың Сарытөбесінде туған ол әкесінен ерте айырылған. Көп ағалары аштық пен тауқымет азабында өліп кетті. Жалпы, осы отбасында 14 адам аштық құрбаны болған екен. Қабағы түксиген жетімдік тағдырға илікпей қарсы тұрған Мұқамәділ мүгедек шешесі Бағжаның қолғанаты болып, бірге туған қарындастары Назым, Қамила, Қатиман, Күлбаршынды асырап бағуға көмектеседі. Сөйтіп жүргенде, 1939 жылы 19 жасында кәмелетке толып, қызыл әскер қатарына шақырылады. Батыс Украинада 1940 жылдың қаңтарында ант қабылдап, әскер ісін шебер меңгеріп, қызыл командирлер курсын бітіреді. Сол жерде бір украин қызымен көңіл жарастырып, жеке түтін түтетеді.
...Алайда, тұтқиылдан басталған сұм соғыс жас отбасының арманын көктей солдырады. Неміс әскерлері кеңес жеріне баса-көктеп кіріп, 1941 жылдың күзінде Мәскеу түбіне дейін жетеді. Ал Батыс Украина шекарасындағы қызыл әскерлер жауға қарсы қанша қасқайып шайқасқанымен, жойқын нөпірге қарсы тұра алмайды. Қан қасап қырғын. Тірі қалған қызыл әскерлер амалсыздан тұтқынға түседі. Олардың арасында Мұқамәділ де болады. Немісше тіл білетін оны су таситын арбакеш етіп қояды.
Бір күні деревнядан немістердің көбі кеткенін біліп, Мұқамәділ тұтқыннан қашуды ұйымдастырады. Сөйтіп, қызыл әскерлер түн жамылып орманға қашып, одан әрі шығысқа қарай бет түзейді. Көп күндер бойы арып-ашып майдан шебіне тірі жеткен кешегі тұтқындар екі қолдарын көтеріп: «Біз өз бауырларыңызбыз. Бізді кешіріңдер, қатарларыңа алыңдар!» деп айғайлап кеңес әскеріне қарай майданды бұзып-жарып жүгіреді. Алайда: «Сендер сатқын болдыңдар», деп оларға қарсы кеңес пулеметтері оқты қарша боратып, баудай түсіреді. Осындай да сұмдық болған ғой! Кешегі тұтқындардың тірі қалғандары ғана кеңес окоптары мен траншеяларына жетеді. Осы жерде өз әскеріміздің боратқан оғынан Мұқамәділ тамағынан жеңіл жарақат алады. Соғыс аяғына дейін басқадай ешбір оқ дарымаған.
Содан жанға жара салар қаншама жауап-тергеуден кейін 1942 жылы мамыр айында Мұқамәділді: «Тұтқында болған кінәмді қаныммен қайтарамын», – деген жеке арызы бойынша 248-ші атқыштар дивизиясындағы 905-ші полктің айып батальонындағы барлаушылар тобына жетекші етіп жібереді. Сол кезден бастап 1945 жылдың мамыр айындағы Жеңіске дейін осы айып батальонының құрамында соғысады. Шайқастың ең ауыр, өмір мен өлім үшін күрестің ең қиын өтінде осы айып батальонының жауынгерлері жүрді. Бірде неміс танктері бұзып-жарып кеңес әскерінің штабына қарай өтіп кетеді. Осы кезде оған қарсы белдеріне гранат байланған иттерді жібереді. Жаттықтырушылар бұл иттерді ашықтырып, одан соң танктың шынжыр табанынан шұжық асатып, алдын ала белдеріне тас байлап танкілерге қарсы жіберіп үйреткен. Ал енді нағыз соғыс кезінде иттерге тас орнына гранат байлап, неміс танкілеріне қарсы қояды. Үйретілген иттердің арқасында неміс танкілерінің көзі жойылады. Алайда, иттер өліп біткен кезде немістің «Тигр» атты бір танкі жолындағыны түгел тапап, оқты қарша боратып, штабқа қарай өршелене ұмтылады. Осы кезде айыпкер жауынгер Мұқамәділ Қаптағаевқа беліне гранат бумасын байлап, ит сияқты еңбектеп жүгіріп танкінің астына соғылуға бұйрық беріледі. Кеңес әскерінің снайпері танкіге қарсы шапқан Мұқамәділдің жағдайды барлауына да, бір сәт тыныстауына да мұрша бермейді. Яғни, тоқтаса атып қуалайды. Бірақ межеге жеткен оны танк кенеттен айналып өтеді, сөйтіп, Мұқамәділ шынжыр табанға соғылып танкті өртеу туралы бұйрықты орындай алмай қалады. Сөйтсе де, қасынан өтіп бара жатқан неміс танкісінің мотор трансмиссиясына қолындағы гранаттарын жандәрмен лақтырып үлгереді. Жау танкісін сөйтіп, өртеп істен шығарады.
Мұқамәділдің тағы бір ерлігін айтайық. Кеңес әскерінің Днепрден өтуі өте қиын болғаны мәлім. Өзеннің немістер орналасқан батыс жағалауы бүкіл майдан шебі бойы биік төбелер болып келеді де, шығыс жағалауы жайдақ жазық. Сондықтан, биік-биік төбелердің басына немістер пулеметтерін орнатып алып, өткел бермей, өзенге түскендерді тек баудай сұлатып қыра берген. Ұзын саны 30 мыңға жуық айыпкер жауынгерлер ұзындығы 2-3 метрлік бөренелер дайындап, сол бөренелерге белдіктерін бекітіп, бір қолымен бөренені ұстап, екінші қолымен қару-жарақтарын көтеріп, тастай қараңғы түнде Днепрден өтуге кіріседі. Бұларға немістерге қарсы шабуылдап, негізгі кеңес әскері өтетін жиекті басып алып, ол жерді негізгі бөлімдер өткенше қорғауды бұйырады. 30 мыңға жуық айыпкердің батыс жағалауға 3 мыңдайы ғана жетеді. Олар Днепрдің батыс бетінде көптеген плацдармдарды басып алып, күн-түн бойы осы жерлерді жауға қайта бермей, қасық қандары қалғанша табандасып соғысады. Кеңес әскерінің негізгі күштерінің Днепрден өтуіне жағдай жасаған осынау айыпкерлер батальондарының бірінде барлаушылар тобын басқарған Мұқамәділ Қаптағаев та болған, жауынгерлік міндетін мінсіз атқарған. Днепрден көктей өту операциясы үшін 2 мыңнан аса адам Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын біз тарихтан білеміз. Ал жаңағы саны 3 мыңға да жетпейтін аман қалған нағыз батырлар айыпкер саналғандықтан ондай жоғарғы марапаттар алмаған.
Айыпкерлерге Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты ерлік жасағанда ғана «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалін берген. Мысалы, 248-ші Одесса атқыштар дивизиясының 1944 жылғы 16 мамырдағы №04/Н бұйрығында 8 орыс, 1 украин және 1 қазақ «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Осы тізімдегі үшінші адам – Мұқамәділ. Аталмыш бұйрықта қызыл әскер Мұхамед Қаптағаевтың (Мұқамәділ) 120 миллиметрлік минометтер батареясының телефоншысы ретінде 1944 жылғы 21 наурыз бен 11 сәуір аралығындағы шабуыл кезінде Николаев және Одесса қалаларын алу барысында қаһармандық, қайсарлық пен өжеттік үлгісін танытқандығы айтылады. Ол небір қиындық пен төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан, тәуліктің кез келген уақытында, қандай жағдайда болмасын батареяның басқарушы пунктпен және жаяу әскермен байланысын жылдам әрі жақсы ұйымдастырып тұрған. Сөйтіп, 3 сағат бойы соғыс даласында қардай бораған оқ пен оттың астында бақылау пунктімен негізгі әскердің 18 рет үзілген байланысын жалғастырып, өлімнен қорықпай, батырлықтың кереметтей үлгісін көрсетіп, біздің әскер бөлімдерінің жоғарыдағы қалаларды жаудан азат етуіне үлес қосқан ерен ерлігі мен жеке батылдығы үшін тек медаль ғана алған.
Ал енді КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан 905-ші атқыштар полкі бойынша марапат берген 1945 жылдың 3 ақпанындағы мына бұйрыққа көз жүгіртейік. 1945 жылдың 14 қаңтарында тағы да Мұқамәділ Қаптағаев Польшадағы Висла өзенінің сол жағалауынан плацдарм басып алу кезінде өзін ержүрек телефоншы ретінде танытады. Қараңыз, бір күнгі соғыста жау артиллериясының жаудырған оғының астында, өлім мен өмірдің арасындағы қиямет көпірінде асқан өжеттікпен 26 рет үзілген байланыс сымын жалғағаны үшін үшінші рет «Ерлігі үшін» медалін алған. Бұйрықта оның ұлты қазақ екендігі, әскерге Алматы облысының Сарқант аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылғандығы, сондай-ақ, бұдан бұрын «Ерлігі үшін» медалімен екі рет марапатталғандығы және жаралы болмағандығы көрсетілген. Сондай-ақ, Варшава қаласын жаудан азат етуде де Мұқамәділ Қаптағаев өршелене соғысқан ондаған жау әскерін өзінің жеке ерлігімен жойған кезде де «Варшаваны азат еткені үшін» медалін ғана еншілеген.
905-полктің айып батальоны неміс фашистерінің ең соңғы ұясы Рейхстагтағы Рейхсканцелярияға ең бірінші болып басып кірген еді. Осы ең бір ауыр шайқаста 4000-ға жуық полк жауынгерлерінен 500-дейі ғана тірі қалыпты. Соған орай, Мұқамәділ Қаптағаевтың бейбіт күндерде баласы Кенесарыға айтқан әңгімесі де ерлік жайлы бір ғажап сырдың шетін шығарады. 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагтың кіреберіс керегесіне қазақ жауынгері лейтенант Рақымжан Қошқарбаев Жеңіс жалауын ең бірінші желбіреткен батыр деп айтады екен ол кісі. Ал 1 мамыр күні мұздай қаруланған оншақты айыпкер автоматшылар орыс Егоров және грузин Кантарияның Жеңіс туын Рейхстаг күмбезінің төбесіне аман-есен апарып тігуін қамтамасыз етуге ауызша бұйрық алады. Туды Мұқамәділ Қаптағаевтың гимнастеркасының ішінен беліне орап береді де: «Сен осы топты басқарасың, егер Егоров пен Кантария туды аман-есен тікпесе, бәрің де ату жазасына кесілесіңдер» дейді. Сөйтіп, айыпкерлер тобы бұйрықты бұлжытпай орындайды да Егоров пен Кантария Кеңес Одағының Батыры атағын алады. Оларды кеудесімен қорғап апарып Ту тіктірушілердің бел ортасында да емес, басында сардарлық етіп қазақтың белгісіз батыры Мұқамәділ жүрген.
1945 жылдың мамыр айының ортасына таман маршал Г.К.Жуков 905-полктің 500-ге жуық тірі қалған жауынгерлерін Рейхстаг күмбезінің астында сапқа тұрғызып, полкке Богдан Хмельницкий орденді Берлин полкі деген атақ береді. Ал тірі қалған жауынгерлердің түгелге жуығы ең жоғарғы мемлекеттік марапаттар алады. Тек саптың сол жағында тұрған айып батальонының сарбаздарына еш нәрсе берілмейді. Біраз жылдар өткесін ғана олар «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Мұқамәділ Қаптағаев әскер қатарынан 1946 жылы босайды, бірақ елге қайтпай, үш жыл бойы Германиядағы Кеңес Одағының оккупациялық әскері құрамында Росток және Штральзунд қалаларында комендатура аудармашысы болып қызмет етеді. Оның елге келмеген себебі, егер бірден оралса, тұтқында және айып батальонында болғаны үшін НКВД тарапынан қатал жазаланып, тіпті, кеңестік концлагерьлерге айдалып кетуі мүмкін еді. Ал Мұқаңның штрафбатта болғандығы жайынан оның қызыл әскер куәлігінің сарғайған парақшалары шерлі сыр шерткендей.
1949 жылы ауылына келіп Қапипа Өнербековаға үйленеді, 7 бала өсіріп, қартайғанша бірге өмір сүреді. Бейбіт өмірде де көп еңбек жетістіктеріне жетіп, оңдаған мемлекеттік марапаттар алады. Соғыста ер, батыр болдым деп кеуде қақпаған. Қарапайым тірлік кешкен. Бірақ батырымыз деп атағын жер жүзіне жайып жіберген Егоров пен Кантария жасады деп жүрген ерлікті шын мәнісінде қазақтың кебенек ішіндегі ері Мұқамәділ Қаптағаев жасаған екен-ау. Осы шерлі ерлікке, запыранды жүрек жұтқандыққа тағзым етейік. Ер есімін ұмытпайық, қастерлейік, ағайын.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.