• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

«Ұлы қазақ даласының ақсақалы»

366 рет
көрсетілді

«Ұлы қазақ даласының ақсақалы» Көзі тірісінде осындай қошемет көрсетілген абыздың есімі туған жерінде ескерусіз қалмады

Есіл ауданына қарасты Ж.Қизатов атындағы  ауыл шаруашылығы колледжінде белгілі  мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовке мемориалдық ескерткіш орнатылып, ашылу  рәсіміне   Алматыдан, Астанадан, Қызылжар өңірінен қонақтар, туған-туыстары жиналды.

Бәйкен Әшімұлы 1935-1938 жылдар аралығында осындағы Ленин ауыл шаруашылығы техникумында оқыған. Ленинград қолданбалы зоология институтын, Жоғары партия мектебін бітір­ген. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, жау­ды тал­қандауда үлкен ерлік­тер көр­сет­кен. Майданнан оралған­нан кейін Айыртау, Зеренді аудан­да­рында, Көкшетау, Қараған­ды,­ Талдықорған облыстарын­да­ басшылық қызметтер атқар­ған. 14 жыл бойы Қазақстан Үкіметін басқарған, кейін Жоғарғы Кеңес Пре­зидиу­мының Төрағасы қызметін атқар­ған. Ол ел басқарған кезеңде дарынды басшы, данагөй саясаткер ретінде танылып, асқан білімділігі мен өмірлік тәжірибесін ел экономикасын өркендетуге жұмсаған.

Мемориалдық ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов еліміздің тарихында өзіндік ойып алар орны бар мемлекет және қо­ғам қайраткерінің талантты ұйым­дастырушылық, зор адам­гер­шілік қасиеттерін ерекше атап өтті.

– Мен Бәйкен ағамен талай рет дәмдес болдым. Әр кездес­кен сайын ғибратты үлгі-өнеге алушы едік. Қарапайымдылығы мен іскерлігіне тәнті болып, еліктеуге ұмтылатынбыз, – дей келіп Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченкоға сөз берді. Ол көзі тірісінде аңызға айналған тұлғаға қандай құрмет көрсетілсе де лайықтылығына тоқталды.

Бәйкен ағаның ұлы, М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Оңдасын Әшімов Алматыда әкесі тұр­ған үй­ге ескерткіш тақта орнатыл­ға­нын, Елбасының ұсынысымен жаңа­дан салынған зәулім ме­шітке есімі берілгенін жеткізе келіп, бүгінг­і атқарылған игі ша­раға риза­шылығын білдірді. Өзге шешендер де өмірі тұтас дәуірді қамтыған, әрқашан халқы­ның, елінің иығына түскен ауырт­палықтардың алдыңғы легінде жүрген жан жайлы тәлімді естеліктер айтты.

Өзгеше кескінмен тұрғызыл­ған мемориалдық ескерткіш ашыл­ғаннан кейін гүл шоқ­та­ры қойылып, тағзым етілді. Мей­мандар колледждің мұражайын аралап, абыз ақсақалға қатысты жәдігерлермен танысты.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.