• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2015

Кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру

4015 рет
көрсетілді

елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болады Әр мемлекеттің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік даму жолы бар. Өркениетті деген сол елдердің бай тәжірибесіне қарап, мемлекеттік қызмет саласындағы ғасырлардан бері қалыптасып келе жатқан шенеуніктік дәстүрді анық аңғарамыз. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан бұл үрдіс сандаған «мемлекетшіл» әулеттерді өмірге алып келді. Олардың халық қамын ойлауға деген ынтасын арттыру үшін әртүрлі әлеуметтік пакеттер мен жеңілдіктер қарастырылды. Соның арқасында кейбір елдерде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төзбестік орта қалыптастырылды және тұрғындардың проблемасын жедел шешудің сан тетіктері жүзеге асырылды. Еліміз де «100 нақты қадам» – Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары арқылы өркениеттің өріне көтерілуді ­басты мақсат етіп отыр. Әрине, мемлекеттік қызметке әдеп нормаларын қатаң сақтайтын және де мемлекет мүддесін бәрінен де жоғары қоятын адамдарды тәрбиелеп, оларды қызметке тарту оңай шаруа емес. 5 институттық реформаның алғашқы 15 қадамы­ның кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналуы да сондықтан. Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне түсінік берген сөзінде Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары С.Ахметжанов былай деді: «Осы реформаның ең маңызды бөлігі – кәсіби мемлекеттік аппарат құру және автономды мемлекеттік қызметті жетілдіру. Сол себептен, бірінші институттық реформаның кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталғандығы кездейсоқтық емес. Өйткені, күшті де маңызды мемлекеттік қызмет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына себеп болады». Қазіргі таңда еліміз индустрияландырудың екінші бесжылдығына көшті. Онда жоспарланған межелі міндеттерді абыроймен атқару үшін де мықты мемлекеттік қызметшілердің қажеттігі қазірден-ақ сезілуде. Жаһандық қауіп-қатерлерге жауап ретінде Қазақстан бірқатар іргелі жоспарларды күн тәртібіне шығарды. Атап айтқанда, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­­лама­сының жүзеге асырылуы, Астанада өңірлік халықаралық қаржы орталығын құру, еліміздің «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасына қосылуы Қазақстанды инвестициялық хабқа айналдыруы тиіс. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев осы туралы «Биылғы жылы біз 700-ден астам шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесінде 100-ден астам меморандумға қол қойылды, 26 ірі трансұлттық корпорациялармен келіссөздер жүргізіліп, олардың 10-ымен нақты келісімге қол жетті. Осы жартыжылдықтың ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 7 жоба пайдалануға беріледі», – деген болатын. Бұдан байқайтынымыз, Қа­зақ­станның ендігі өркендеу жолы шетелдік инвесторлармен тікелей байланысты. Бұл ретте халықаралық дәрежеде жұмыс істей білетін және бірнеше тілде еркін сөйлей алатын мемлекеттік қызметшілердің қажеттігі енді айқын сезілді. Әрине, жалақысы төмен болғандықтан, мықты мамандар әлі де жеке секторларға кетіп жатқаны жасырын емес. Ал «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендер қызметті тө­менгі деңгейден бастағысы жоқ. Өйткені, төменгі деңгейден бастаған шенеу­ніктің қызмет сатысымен өсуге мүм­кіндігі болмайтынын олар да жақсы түйсінеді. Сондықтан да, елі­міз­де мемлекеттік қызметтің ман­саптық моделі қолға алынып отыр. Әлемде мемлекеттік қызметті жаңғыртудың екі моделі бар. Қыз­мет табалдырығымен өсу моделі негізінен Жапония мен Германияда жолға қойылған. Мұнда мемлекеттік қызметке тек төменгі лауазымдарға ғана алынып, өсіру тек саты бойынша жүргізіледі. Сырттан келген адам жоғары лауазымдық қызметке өте алмайтыны осыдан-ақ көрініп тұр. Сонымен қатар, мұнда еңбекақы төлеу жүйесі жолға қойылған және де ашық жүргізіледі. Ал екінші модель мемлекеттік қызметтің барлық позициясының (жоғары, орта және төменгі) бар­шаға түсінікті болуы және кез келгеніне ашық конкурстық таңдау арқылы жүргізілуі ұтымды көрінеді. Мұндай жүйе англо­сак­сон­дық құқықтық типтегі елдер – Ұлы­британия, АҚШ, Жаңа Зеландия және Канадаға тән ­саналады. Түптеп келгенде, «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында мемлекеттік қызмет саласын дамытуда бірқатар басымдықтарды жүзеге асырмақ. Олар – мемле­кеттік қызметтің кадр құрамының сапасын жақсарту, іріктеу мен кәсіби дайындық әдістемелерін жетілдіру, «А» корпусының жаңа буынын қалыптастыру, меритократия қағидатын енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту. Ретіне қарай, өткенге шолу жасаған да дұрыс шығар. Жалпы, мемлекеттік қызмет саласындағы біртұтас саясатты жүзеге асыру мақсатында 1999 жылы Президент Жарлығымен посткеңестік елдер ішінде тұңғыш рет Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылған-ды. Одан кейін 2000 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы мен 2005 жылы Мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі қабылданды. Бірақ, мемлекеттік қызметтегі кәсіби деңгейдің әлі де ақсап жатуы көңіл құлазытады. Бұл жөнінде Елбасы талай өткір сындарды алға тарта отырып, оны шешудің жолдарын да ұсынып келеді. Негізінен бұл жердегі бас­ты кемшіліктер қызметке қабыл­дауда жатқан сияқты. Сондай-ақ, қызмет сатысымен өсу үрдісі сақталмайтындығы, соның салда­рынан көптеген білікті қызмет­керлер қызмет сатысымен өспей, бір орнында ұзақ жылдар бойы отыра беретіндігі жасырын емес. Оның есесіне, басқа саладан келгендер бірден басшылық қызметке орналасып алады. Әрине, бұл жерде тамыр-таныстық немесе «көз қысты, тамыр бастыға» салыну фактілері де жоқ емес. Бұдан басқа жалақы төлеу жүйесінің әлі де жетілмегендігі және сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделі болып қалуы да өз шешімін күтуде. Әсіресе, Президент үнемі сынға алып келе жатқан «командалық» ауысу үрдісі бәсеңсігенімен, әлі де толық тоқтай қойған жоқ. «Бір адам таққа отырса, қырық адам атқа отырады» дегендей, егер біреу жоғары лауазымды қызметке тағайындала қалса, артынша «командасы» да біртіндеп келе бас­тайтыны жасырын емес. Әрине, ол кезде мемлекеттік қызметте сабақтастық сақталмай, іс қалай болса солай жүргізілетіні өз алдына, әйтеуір, бір кететінін білетін «команда» мүшелері өздеріне барынша жағдай жасап қалуға тырысатыны тағы рас. Жалпы, мемлекеттік қызметтің мансаптық үлгісі меритократиялық және ашықтық қағидатының сақ­талуына өзіндік үлесін қосуы тиіс. Қазақстан Республикасы Пре­зиденті жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясы рек­торының орынбасары Шолпан Есімо­ва­ның айтуынша, мемле­кеттік қызмет­ші жұмысын баға­лауды автомат­тандыру және олардың жауап­кершілігін күшейту жайы жан-жақты пысықталуда екен. «Қазір Мем­лекеттік басқару академиясы бұл жобамен жұмыс істеуде. Нә­тижесінде, мемлекеттік орган­ның кез келген қызметшісі немесе азамат мемлекеттік қыз­меткер­лердің рейтингтеріне қол жет­кізе алады. Шенеунік қалай жұмыс істейтін болса, компьютер оны адам­ның қатысуынсыз солай бағалай­тын болады», – деген еді ректор­дың орынбасары осы мәселе жөнінде. Мемлекеттік қызметшілердің келу мен кету уақыты толық бақы­ланатынын, алайда, кімнің қанша жұмыс атқарғаны нақ­ты өлшемдермен белгілене бермейтіндігі басы ашық нәрсе. Әлгі рейтингті ұжым қызмет­керлері ме, жоқ әлде басшы анық­тай ма? Егер біріншісі анық­тайтын болса, онда оған сенуге болар. Ал егер қызметкердің рейтингісін басшысы қоятын болса, онда әлгі басшы өзіне ұнамаған қызметкердің тағдырына зиянын тигізуі де мүмкін ғой. Осы тұрғыдан келгенде, оны компьютерге сілтей салған да орынсыз сияқты. Дегенмен, Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Лейла Асылбекова басқаша пікірде. Профессордың мәліметіне қарағанда, еліміздің мемлекеттік органдарында мұндай қызметкерлер еңбегінің қарқы­нын бағалайтын жартылай авто­маттандырылған жүйе қалып­тасқан. Сондықтан да, жинақталған тәжірибе мен жаңа бағалау жүйе­сінің енгізілуі мемлекеттік қызмет­шілердің жұмысын бағалауда жо­ғары тиімділікке қол жеткізуі тиіс. «Мемлекеттік қызметтің мансаптық үлгісінде ведомстволар ішіндегі бәсекелестік күшейеді. Осыған орай, жеке жауапкершілік те арта түседі. Жұмыс жоспарын орындамаған, алға қойылған мін­деттерге қол жеткізбеген жағ­дайда, сол қыз­метшілерді жұмыс­тан шығаруға дейін шара қолда­нылады. Ал нәтижеге қол жеткізе алатын қыз­меткерлер тиімді мемлекет­тік аппаратты құрайтын болады», – деген еді Агенттік төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов. Қорыта айтқанда, мемлекеттік органдардағы моральдық-психо­логиялық ахуалды жақсартуда және мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби дамуын ынталандыруда бүкіл жүйені бақылап отыратын орталықтың құзыретін әлі де күшейту керек сияқты. Оның жұмы­сы әрбір қызметкердің үлесін бағалауы және оның құқықтық жағынан қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Егер осы мәселелер шеші­мін тапса, онда ауыс-түйістер жиі орын алмаған болар еді және сы­бай­ластық фактілері де азаятын еді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».