• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2015

Жеті рет өлшеп, бір рет кесілген келіссөз

489 рет
көрсетілді

Қадыр Мырза Әлі айтқандай, біз осы шынында да жақсысы мен жаманы бірдей халықпыз ба? Атақты ақынның бұл поэтикалық шешімімен ой түйініне бір кісідей келісуге әбден болады. Тіпті, керек десеңіз біздің халықтың жаманынан гөрі жақсысы бір мысқал болса да, асып-түсіп жатуы ғажап емес. Мен бұл ой-пікірімді «Кең ойласаң, кем болмайсың», «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген халықтық қағидалармен қатысты түйіндегім келеді. Мемлекет басшысының Қа­зақстан халқына Үндеуінің қысқа да нұсқа, мәнді де мағы­налы, әрбір сөзінің астарында ел мүддесін қорғау мен қолдаудан туындайтын шынайы жанашырлық тұрған мәтінімен танысқан кезде ойыма осындай халықтық нақылдар оралды. Меніңше, бұл Үндеу Елба­сының барша Қазақстан халқына арнаған жүрек сөзі. «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді», дегендей бұл нағыз жүректен шыққан – жүректерге жете алатын сарабдал сөзі деп ойлаймын. Әрине, мынандай қым-қуыт, алмағайып кезеңде асықпауға болмайды. Қалайда асығу керек. Бұл арада «Асықпаған арбамен қоян алады» деген мәтелдің мәні болмай қалады. Алайда, аптықпаған жөн. Елбасының өзінің сөзімен айтқанда: бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргізіліп, келіссөздер жасалуы осы асықсақ та, аптықпауымыздың басты мысалы бола алады. Тақырыпқа шығарып отырғанымыздай жеті рет өлшеп, бір рет кесудің қажеттілігі де осында. Тек бұл арада: мен қауіп еткенін айтамын дегендей Мемлекет басшысы өз Үндеуінде атағандай, шетелдерден ағын судай ағытылатын тауарлардың сапасы жоғары, бағасы төмендеу болса оны сатып алма деп ешкімді еріксіз тежеп ұстай алмайсың. Өйткені, нарық заңы, Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидасы осындай. Мұнда тек бір ғана мәселе қалады. Бұл – бәсеке. Тек бір ғана бәсеке. Осы сынға төтеп бере алмасақ ел кәсіпорындары қызметінің тоқтап қалу қаупі бар. Әрине, біз үшін Дүниежүзілік ­сауда ұйымына кірудің зияны­нан гөрі пайдасы, тиімсіздігінен гөрі тиімділігі көбірек екені ай­қын. Алайда, біз осы бәсекеде шаң қауып қалатын болсақ, үлкен қиындық. Осы арада айтайын дегенім, автокөлік, ұшақ, автоматтандыру аппараттарын шығарып, әлем елдерін таңғалдыра қоймас­пыз. Алайда, азық-түлік өнім­дерін өндіру мен өңдеу жөнінен бәсекелестікке төтеп бере алаты­нымызға күмәнім жоқ. Оның үстіне бүгінгі талдаулар мен зерттеулер химиялық қоспасы аз, тұтынушылар денсаулығына зиян тимейтін қазақстандық азық-түлік тауарларына деген әлемдік сұраныстың өсіп отырғанын көрсетеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз Үндеуінде нақты түйін жасағандай артықшылықты дәлелдеуде әлемнің озық елдерінің қатарынан лайықты орын алуы да осындай қарапайым қағидалардан бастау аламыз деп есептеймін. Уәлиолла ӘБІШЕВ, Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы.