Біздің азаттық жолында күрескен қайраткерлеріміз аз емес. Олардың бүкіл болмысы саяси мұратымен сабақтас. Ұлттық мүддені ту еткен сол бірегей тұлғалардың қатарында Әлихан Бөкейхан мен Хайретдин Болғанбайдың есімі ерекше дараланып тұр.
2025 жылдың 24 мамырында елдің еркіндігі мен теңдігі жолындағы күреске қосқан ерен еңбегі үшін Қарағанды облысы Нұра кентінің жаңа шағын ауданындағы бір көшеге Хайретдин Болғанбай есімі берілді. Ал Республика күнінде оның ұрпақтары аудандық ардагерлер кеңесі және тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлерімен бірлесіп, осы Алаш тұлғасына арналған экспозицияны ашты. Мұражай төрінде қайраткер Х.Болғанбайдың қызметін айқындайтын КСРО Ішкі істер халық комиссариаты, Қазақ КСР бойынша комиссариат басқармасы және РФ Федералды қауіпсіздік қызметі мұрағаттарынан алынған көптеген тың дерек пен құжат жұртшылыққа ұсынылды.
Алаштанушы Тұрсын Жұртбай былай деп жазады: «Болғанбаев Хайретдиннің қазақ тұрмысы, қазақ қауымының саяси құрылымы, отаршылдықтың тауқыметі мен құрбандары, Түркістан тұрғындарының ауыр тағдыры туралы мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттерінде жарық көрді. Ол Алашорданың Ақмола комитетіне мүше болып, ұлт ісіне аянбай араласты. 1920–1921 жылдары Орынбор партия-кеңес мектебінде сабақ берді. Голощекиннің «Кіші Қазан» саясатын ашық айыптап, батыл сынады» («Ұраным – Алаш». Алматы, «Ел шежіресі», 2008, І том, 393-бет).
ЖИ туындысы
Әлихан мен Хайретдин алғаш 1913 жылы «Қазақ» газетінде кездесті деп есептейміз. Әлихан Бөкейхан осы газеттің (1913–1918) идеологі әрі дем берушісі болды. Хайретдиннің публицистік таланты дәл осы газетте қалыптасып, шыңдалды. Бұл басылым тұлғаның шынайы өмірді пайымдауына, қазақ халқының мүддесіне қатысты мәселелерді көре білуіне жол ашты.
Екінші рет Әлихан мен Хайретдин 1916 жылы Минскіде жолықты. Бірінші дүниежүзілік соғыс өршіп, патша жарлығымен қазақтар тыл жұмыстарына жұмылдырылған тұста, Хайретдин алғашқылардың бірі болып Мәскеу мен Минск арқылы Ганцевичи стансасындағы 9-инженерлік-құрылыс жасағына екі мәрте гуманитарлық миссиямен (азық-түлік, киім жеткізу) барды. Оны ол жаққа А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы аттандырған еді. Ал Минскідегі Батыс «Земгор» комитеті жанында Ә.Бөкейхан бұратаналар бөлімін басқарып, осы миссияға жетекшілік етті.
Үшінші рет Әлихан мен Хайретдин 1917 жылдың 17 наурызында тағы да Минскіде кездесті. Олар жақтастары М.Дулатұлы, Ш.Әлжанов, И.Тоқтабаев, Р.Мәрсеков, Н.Төреқұлов, Т.Жаманмұрыновпен бірге елге мынадай тарихи жеделхат жолдады: «Ресейдің барлық халықтары үшін бостандық, теңдік және бауырластық күні туды. Қазақтарға жаңа құрылым мен жаңа үкіметті қолдау үшін ұйымдасу қажет. Біздің ұранымыз: «Демократиялық республика мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысатындардың меншігі болуы тиіс». Жеделхат мәтіні 1917 жылы 17 наурызда «Қазақ» газетінде жарияланды.
Төртінші рет Әлихан мен Хайретдин 1917 жылы 21–28 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен Бірінші жалпықазақ съезінде кездесті. Бұл жиында Ресей демократиялық федерациясы құрамындағы аумақтық-ұлттық автономия болу талап етілді.
Бесінші рет Әлихан мен Хайретдин 1917 жылдың 5–13 желтоқсанында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде жолықты. Бұл съезде Алаш автономиясының құрылғаны жарияланып, оның үкіметі — Алашорда сайланды. Автономияны дереу жариялауға қарсы дауыс берген делегаттар болды, оның ішінде Әлихан мен Хайретдин да бар. Олар автономияны жарияламас бұрын мынадай шарттардың орындалуын талап етті және далалық облыстардағы қазақ емес тұрғындардың Қазақ-қырғыз автономиясына деген көзқарасын анықтап алу және халықтық милиция құру қажет деп санады.
Алтыншы рет Хайретдин Әлиханмен 1934 жылы Мәскеуде жолықты. Хайретдин Соловецк айрықша мақсаттағы лагерінде айдауда болып қайтқаннан кейін өткен бұл кездесуде олар кеңес өкіметіне қарсы күрестің алдағы іс-қимылдарын талқылады.
Х.Болғанбай мен Ә.Бөкейханның кеңес өкіметіне қатысты ұстанымдары бірдей еді. Олар кеңестік жүйені мойындамады, Қазақстанның автономия алуын жақтады. Мәселен, Х.Болғанбай 1929 жылдың 12 қаңтарында Бірыңғай мемлекеттік саяси басқармасы БМСБ Шығыс бөлімінің бастығы Петровтың кеңес өкіметіне көзқарасы туралы сұрағына берген жауабында: «Мен кеңес өкіметіне наразы болдым, өйткені социализм орнайтынына және бұл биліктің ғұмырлы болатынына сенбедім. Оған өтпелі, уақытша құбылыс ретінде қарадым, Ресей аумағында коммунизмнің орнауын мүлде елестете алмадым», деп мәлімдеген. Ал Ә.Бөкейхан 1918 жылдың 11 маусымында: «Қазақ халқы кеңес өкіметін ешқашан мойындамайды және кеңестік мемлекетке ешқашан бағынбайды», деген кесімді пікірін білдірген еді.
КСРО Ішкі істер халық комиссариаты тергеуінің Х.Болғанбай мен Ә.Бөкейханға таққан басты әрі маңызды айыптарының бірі – олардың «кеңес өкіметіне қарсы бірлескен іс-қимылдар туралы келіссөздер жүргізу үшін пантүрікшіл ұйым мен басмашылар қозғалысының жетекшісі Зәки Уәлидимен байланыс орнатуы». З.Уәлиди, Ә.Бөкейхан, Х.Болғанбай арасында шын мәнінде тығыз байланыс болған. Сондықтан да Х.Болғанбай 1921 жылы Бұқараға Алашорданың ресми өкілі ретінде Зәки Уәлидимен кездесу үшін құпия миссиямен жіберілген. Бұл — дәлелденген тарихи факт. Қазақ КСР Жоғарғы Сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы ақтау хаттамасы мен шешімінің көшірмесінде былай делінген: «1921 жылы Бөкейханов, Байтұрсынов, Болғанбаев, Омаров, Сәрсенов, Әділев Омаровтың бөлмесіне жиналып, сол жерде Байтұрсынов Уәлидидің арнайы шифрмен жазылған хатын оқиды. Уәлиди Бұхарада үлкен күш жиналғанын хабарлап, байланыс орнату үшін арнайы адам жіберуді сұрайды. Осы хатты талқылау барысында олар үкіметке қарсы астыртын топ құру туралы шешім қабылдап, Уәлидимен байланыс орнату үшін Болғанбаевты аттандырады. Болғанбаев Алашорданың Торғай бөлімшесінің мөрімен расталған арнайы мандатын алады [ол кезде «Алашорда» партиясы таратылып, барлық іс-қағаздары мен мөрлер мемлекетке өткізіліп қойған]».
Әлихан мен Хайретдиндей бірегей тұлғалардың ұлт тарихындағы орны бөлек. Егер кеңестік зұлымдық пен қуғын-сүргін болмағанда, Алаш арыстары өткен ғасырдың өзінде-ақ қазақ ұлтын әлемдік өркениеттің төріне шығарар еді. Бүгінгі ұрпақ мұны ұмытпауға тиіс. Алаштың асыл мұраты мен қасиетті есімдері ұлттық рухтың темірқазығы ретінде халық жадында мәңгілікке орнықты.
Достық Кәмелов,
«Хайретдин Болғанбаев атындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары» РҚБ президенті