Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Халықаралық тәжірибеге келсек, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық бір-бірімен мүлде сыйыспайтын түсініктер. Біздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы, қаржы полициясының полковнигі Мақсат ҚОЖАБАЕВПЕН әңгімеміз осы төңіректе өрбіді.
– Мақсат Аманқұлұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған бес институттық реформаның бірінші бағыты «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталады. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Әлбетте, әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін, ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесі мейлінше өзекті. Сондықтан да «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлінуі, бұл – Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуына деген салмақты саясатты білдіртсе керек. Осы тұста айта кетерлігі, бұл бағытта біраз іс жүзеге асырылды. «А» және «Б» корпустары түзілді. Осылайша, мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі де қалыптасты.
Алайда, осы бағытта әлі де болса олқылықтар баршылық. Мұны Елбасы былайша түсіндіреді: «Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екендігін байқамау мүмкін емес. Бұл, тіпті, ешқандай саясатсыз-ақ, кәсіби басқаруды қажет ететін жағдайлардың өзінде шешім қабылдауды саясиландырады. Мемлекеттік аппаратта белгілі бір сүйеуші тұлға айналасында командалар қалыптасады. Мұндай патронат сыбайлас жемқорлық үшін жағдайлар туғызады, «бармақ басты, көз қыстыға» шарт түзеді, кадрлық әлеуетті төмендетеді.
Бұл ретте мемлекеттік қызмет жалақысының төмендігі кесірінен тартымдылығы аз сектор болып қалуда. Мемлекеттік қызметшілердің мансап сатысымен өсуінің нақты перспективасының жоқтығы жиі кездеседі. Ал қызметте жоғарылауы әлгі сүйеуші тұлғаларға байланысты болады».
Осыған орай, Президент алдағы маңызды міндет – мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсіби және автономды ету екенін алға тартты. Бұл ретте Елбасы сайлау секілді саяси оқиғалардың, министрлердің, әкімдердің және басқа басшылардың ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жұмысына ықпал етпеуі керектігін алға тартты. Сосын мемлекеттік қызметте әрбір басшы төменнен бастап, барлық басқарушылық сатыларын басып өтуі тиіс.
– Осы реформа аясында айтылған және бір жаңалық – мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі. Сіз еңбек жолыңызды прокуратура саласынан бастап, қаржы полициясында жалғастырудасыз. Яғни, ұзақ жылдардан бері мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келесіз. Тәжірибелі маман ретінде бұл жүйенің тиімділігі жөнінде не айтасыз?
– Елбасы осыған байланысты жалақыны шенеуніктің, мемлекеттік қызметкердің еңбек өнімділігіне, басқарушылық үдеріске қосқан үлесіне қатысты төленуі тиістігін алға тартып отыр. Яғни, әрбір жылдың қорытындысына сәйкес, саяси қызметшілерге қызметінің нәтижелеріне және экономикада жеткен табыстарына қарай бонустар, ал әкімшілік қызметшілерге сыйақы төлеу мәселесі қарастырылуы керек. Бұдан бөлек, Елбасы жұртшылық арасында дарынды адамдарды тауып, мемлекеттік қызметке тарту туралы міндетті де жүктеді. Ал осы істе азаматтардың тілді білмеуі де, өзге елдің азаматтығы да кедергі болмайды. «Мемлекетке қызмет – біздің қоғамымыздың бірлігін нығайту үшін қажетті негіз болуға тиіс. Мемлекеттік қызмет – әділетті қазақстандық қоғамның прототипіне айналғаны абзал. Онда этникалық тегіне қарамастан, өз қабілет-әлеуеттерін толық жүзеге асыруда барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктер ұсынылуы қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған орай, Елбасы тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап еңбекақы балдық көрсеткіш бойынша төленетіні белгілі болып отыр. Аталған еңбекақы төлеу бағаны тек мемлекеттік қызметтің өсім көрсеткішін ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметшіге жүктелетін ауыртпалық пен олардың нақты стратегиялық нәтижелері мен жетістіктеріне қарай төленеді. Яғни, мемлекеттік қызметшінің жауапкершілікті сезінуі, өзінше шешім қабылдай алуы, тәжірибесі, арнайы білімінің болуы сияқты факторлар жан-жақты ескерілмек. Нәтижесінде бір категориядағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы әртүрлі деңгейде төленетін болады. Талдай келгенде, осындай баған енгізу арқылы мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуіне қарай еңбекақының әділ төленуіне мүмкіндік жасалады.
Екіншіден, мемлекеттік органның тиімді ұйымдастыру-басқару құрылымының тұғыры орнатылады. Үшіншіден, экономикалық және ғылыми тұрғыда еңбекақы төлеудің негіздемесін жасайтын бірыңғай лауазымдық өлшемдер пайда болды. Еңбекақы төлеудің мұндай түрін АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Малайзия, Сингапур, Жаңа Зеландия сияқты елдер қолданып келеді. Аталған тәсілді енгізу арқылы Қазақстанда еңбекақы төлеудің әділдік қағидаты сақталуына мүмкіндік ашылады. Жұмыс нәтижесіне орай бонус төлеу де қарастырылады. Ол «Б» корпусына жататын мемлекеттік қызметшілерге жеке және жылдық жоспарларды орындау бойынша төленетін болады. Бұл үшін қызметкерлерді топтарға бөліп, қол жеткізілген табыстарына орай еңбекақы төленеді.
– Яғни, еңбегіне қарай жалақы төлеу арқылы заманауи және кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыра аламыз деген мәселе ғой.
– Мемлекеттік қызмет дегеніміз, таңертең келіп, кеңседе отырып, кешке үйге қайту емес. Ішіне үңілген адам мемлекеттік аппаратта жұмыстың қайнап жатқанына куә болар еді. Негізі әрбір мемлекеттік қызметкердің жұмысының тиімділігін арнайы комиссия жіті бақылап отырады. Осы топ арқылы қызметкерлердің еңбегінің қаншалықты тиімді екенін анықтауға болады. Адам өз өмір жолындағы кездескен қиындықтарды осы еңбектің арқасында жеңетінін уақыт дәлелдеген. Яғни, нәтижелі де сапалы еңбектің өз өтеуі болуы тиіс.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің саны 4557 адам, бұл жалпы санның 88,2 пайызын құрайды. Орта кәсіби білімі барлардың саны – 610 немесе 11,8 пайыз. 837 мемлекеттік қызметшінің біреуден көп жоғары білімі, 15 қызметшінің ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі бар. Президентіміздің сындарлы саясатының астарына үңіле қарайтын болсақ, көп нәрсеге көз жеткізеріміз анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық жетекші телеарналардың өкілдеріне берген сұхбатында: «Тәуелсіздік пен еңбек екеуі сабақтас. Еңбек адамның өзін өсіреді. Еңбек адамның өзіне өзін сенімді етеді. Еңбек адамға табыс береді, еңбек адамға дәреже береді, еңбек адамға лауазым береді. Арманына жеткізеді. Еңбексіз адам арманына жете алмайды» деген болатын. Яғни, адамның еселі еңбегі еленіп, шынында да сол еңбегіне сай жалақы алуы тиіс. Бұл адамды ынталандырады. Сенімін оятады, тың идеяларға, табыстарға қол жеткізуге жол ашады.
– Жемқорлықты жою бағытында арнайы заңдылық актілерді қабылдау, жауапкершілікті қатаңдату, сыбайлас жемқорлық әрекеттерді жасауға мүмкіндік көздерін барынша азайту сияқты іс-шаралар жүйесі жасалынып жатыр. Бұл бағыттағы ең басты жұмыс – жемқорлықтың алдын алу емес пе?
– Сыбайлас жемқорлық профилактикасының пәрменді тетігі – қоғамдық бақылау. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігі, бірінші кезекте, сот төрелігінің мінсіз жүйесін қамтамасыз етуге байланысты. Сот жүйесіне деген сенімді арттыру, сот төрелігінің сапасын жақсарту үшін сот қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оның ішінде судьялыққа үміткер тұлғаларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы жүзеге асырылатын болады. Мемлекет пен қоғамның тығыз серіктестігі ғана сыбайлас жемқорлыққа табысты қарсы тұруға мүмкіндік береді. Қоғамның қолдауынсыз жоғарыдан жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тек ішінара нәтиже беретіні сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақпен жұмыс қағидатты маңызды рөл атқарады. Тек жас кезінен мінез-құлықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын енгізу, бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлықты ұлттық мәдениетке жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – қоғамымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің негізі болуы тиіс. Жемқорлықпен күрес бағытындағы ең маңызды мәселе – жемқорлықтың алдын алу. Бұл жұмыстың неден құралып, оның нәтижесінің қандай болатынын жете түсіне отырып, қай бағытта жұмыс жүргізетінімізді білуіміз қажет. Елбасының бұл салаға тың серпін беруі және бірлескен жұмыстарымыздың бағыты жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің жағдайын қалыптастырады деп сенеміз.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
ТАРАЗ.