Қазақ ұлттық аграрлық университеті бас ғимаратының Мәжіліс залында 5 халықтық реформа тақырыбында ғылыми форум болып өтті.
Форумның мақсаты – Елбасы Жолдауында айқындалған міндеттемелерді орындау барысында ел экономикасын өркендетудегі ғылым, білім, өндіріс өкілдерінің жауапкершілігін арттырып, бүгінгі жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы Тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақтылығы мен табыстылығы туралы мәселелерді саралау. Осы ретте аталмыш ғалымдар форумы Елбасы ұсынған 5 халықтық реформаның жүзеге асырылу мәселелерін қозғады.
Президенттің жаңа реформаларын қолдай отырып, ғалымдар жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы Тәуелсіз еліміздің тұрақтылығы мен табыстылығын арттыруға байланысты нақты ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, нақты тұжырымдарды алға тартты.
Елбасы ұсынған жаңа реформалар – қоғамда үлкен қозғаушы күшке ие болып, әлемдік қауымдастықты да мойындатып отыр. Бұл реформалар – қазақстандықтарды біріктіріп, отандық экономиканы өркендетіп, халықтың әл-ауқатын көтеріп, білім, ғылым, өндіріс саласында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатындығына ғылыми орта бек сенімді.
– Қазір заман, қоғам басқа. Әлемде жаһандану үрдісі қарқын ала бастады. Адамзат алдында тұрған өзекті проблемаларды шешу – жаңа механизмдерді қажет етуде. Бүгінгі күні әлемде қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны белең алуда. Бұған күрделі халықаралық жағдайлар қосылуда. Осы жағдайда Мемлекет басшысының жаңа реформаларды қабылдауы – ел экономикасын жаңа белеске көтеретіні сөзсіз, – деді университет ректоры, академик Тілектес Есполов.
Ғалымдар форумы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына арнайы жұмысшы тобын құрып, Мемлекет басшысы ұсынған 5 халықтық реформаны жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын дайындап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсыруды ұсынды. Форум жұмысының қорытындысы бойынша Елбасы айтқан 5 реформаны қолдауға негізделген қарар қабылданып, онда ғалымдар нақты мақсат-міндеттер мен экономиканы өркендетудегі инновациялық білім мен ғылым саласының алдағы уақытта атқаратын жұмыс бағыттарын айқындады.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-зерттеу институттары басшылары мен ғалымдары, атап айтқанда, – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Серік Кененбаев, Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының директоры Сейітқазы Кешуов, Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтының директоры Ахметжан Сұлтанов, Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Григорук, сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев қатысты.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.