• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2015

Сот процесін жетілдіретін заңнама

257 рет
көрсетілді

Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Оның барысында сенаторлар бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады. Атап айтқанда, олар: Кас­пий теңізінің Қазақстан мен Түрік­менстан арасында шектесетін түбін бөлу туралы келісім, Қазақ­стан мен Түрікменстан арасындағы Шекара өкілдерінің (шекара ко­миссарларының) қызметі туралы үкіметаралық келісім, Қазақстан мен АҚШ арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері инженерлік әскерлерінің минадан залалсыздандыру са­ла­сындағы ынтымақтастығы туралы келісім, Каспий теңізінің су-биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісім, Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының білім беру ұйымдарын беру туралы үкіметаралық келісім. Сенаторлар Азаматтық про­цес­тік кодекстің жобасын бірінші оқылымда қараған кезде қы­зу пікірсайыс туындады. Құ­жат Құқықтық саясат тұжы­рым­дамасын және Судьялардың VІ съезінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау мақсатында әзірленген болатын. Істі сот талқылауына дайындау кезеңінде ауқымды мәселелерді шешу көзделіп отыр. Олар: дәлелдемелерді ұсыну, талаптың нысанасы мен негіздемесін өзгерту, қарсы талап беру, алдын ала сот отырысын өткізу. Осыларға бай­ланысты істі дайындаудың мер­з­імдері ұзартылды. Дауларды рет­теудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібіне, сотта та­туласу рәсімдеріне назар ауда­рылған. Сот медиациясы және пар­тисипативтік рәсім енгізіледі. Партисипативтік рәсім кезінде кәсіби өкіл-адвокаттардың рөлі жандана түседі, тараптардың татуласуына кедергі келтіретін, ісіне ыждағатсыз қарайтын адвокаттардың қызметіне тыйым салынады. Міндетті түрде жоғары заң білімі бар басқа адамдардың өкіл ретінде сотта қатысуы туралы ережелер сақталады. Про­цеске қатысатын адамдардың міндеттерді орындамағаны, құқықтарын асыра пайдаланғаны үшін құқықтық салдар регламенттелген. Ерекше іс жүргізуде баланы қайтару туралы, балаға қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы, кәмелетке толған баланы толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы және басқа да арыздарды қарау туралы бөлімдер әзірленді. Процестің бастапқы кезеңдерінде сот актілерін тексеруге құқықтардың іске асырылуына жағдай жасау үшін шағымдану мерзімі 15 күннен 1 айға дейін ұзартылды. Отырыста «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заң­наманы жетілдіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасымен кейбір істер санаттары бойынша дауларды реттеудің сотқа дейінгі міндетті тәртібі белгіленеді. «Адвокаттық қызмет туралы» және «Нотариат туралы» заңдарға татуласу рәсімдері бойынша өзгерістер енгізіледі. Бұдан басқа, нотариустарға атқарушылық жазбалар жасау құқығы беріледі. «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) енгізілетін өзгерістер тараптардың татуласуы кезінде мемлекеттік бажды қайтаруға байланысты. Кодекс жобасында инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі соттардың мамандануын белгілеу, инвестициялауды жүзеге асыратын адамдарды саралау өлшем шарттарын заңнамалық бекітуді талап етеді, бұл инвестициялық даулар бойынша соттылықты белгілеу кезінде анықтаушы фактор болады. Заңнаманы кодекс жобасына сәйкес келтіру мақсатында 18 заңнамалық актіге өзгерістер енгізіледі. Бұл мәселелер бойынша сенаторлар Д.Құсдәулетов, Қ.Айтаханов, Б.Әйтімова, Л.Пол­то­рабатько, Б.Бекназаров, С.Ақыл­бай пікірлерін білдірді. Жан-жақты талқыланғаннан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Отырыста еліміздің кейбір заң­на­малық актілеріне меншік құқы­ғын қорғауды күшейту, шарт­тық міндеттемелерді қорғауды ке­пілдендіру және оларды бұз­ғаны үшін жауапкершілікті қа­таңдату мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжаттың маңыздылығын атап өткен сенаторлар Е.Сағындықов, С.Еңсегенов, Л.Тұрлашов, О.Пе­ре­пе­чина, Р.Ахметов өз ескертпелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Заң жобасы еліміздің Азаматтық кодексінің 922-бабына сілтеме жасайтын норманы көздей отырып, Қазақстан Республикасы Аза­маттық кодексінің 267-бабының қағидаттары мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңсыз актілер шығаруы нәтижесінде мен­шік иесі құқықтарының бұзыл­ғаны үшін мемлекеттің жауаптылығын белгілеу бөлігінде нақты­ла­нады. Сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екі оқы­лым­да қарап, түзетулерімен Мәжіліс­ке жіберді. Заң жобасын Парла­мент депутаттары мақта шаруа­шы­лығын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру мақсатында әзірлеген болатын. Сенаторлар Е.Мұқаев, Г.Ким, С.Еңсегенов, И.Адырбеков, Н.Оразалин, Қ.Айтаханов мақта саласының өзекті мәселелері туралы ойларын ортаға салды. Отырыста «Өсімдіктер каран­тині туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң да қабылданды. Бұл мәселе бо­йын­ша сенаторлар О.Перепечина, Н.Ора­залин, Ж.Нұрғалиев, Р.Әкі­мов сөйледі. Заңды қабылдау өсімдіктер карантині саласындағы жүргізілетін іс-шаралардың тиім­ділігін арттыруға, фитосани­тариялық қауіпсіздік сала­сындағы бұзушылықтарды азайтуға, аталған саладағы ұлттық заңнаманы ха­лық­аралық талаптарға сәйкес кел­тіруге мүмкіндік береді. Отырыс барысында бірқатар сенатор депутаттық сауалдарын жария етті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».