Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ Президент тапсырмаларының орындалуы, алдағы міндеттер туралы әңгімелейді
– Ерік Хамзаұлы, Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институттық реформалар бағдарламасын іске асыру үшін «100 нақты қадам» іс-қимыл жоспарын ұсынып, Тәуелсіздігімізді баянды етудің, мемлекеттілігімізді нығайтудың зор мүмкіндіктерін саралап берді. Домбыраның қос шегіндей тартылған ел бірлігіне беріктік пен кемел келешек сенімділікке жетелейтін, әр қазақстандықтың ерік-жігерін жанып, асқаралы асулар мен биік белестерге ұмтылдыратын өміршең идеяларды солтүстікқазақстандықтар қалай қабылдады?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алысты да, жақынды да тереңнен болжай білетін кемел саясаты арқасында Қазақстан қысқа уақыттың ішінде төрткіл дүниеге танылған, экономикасы дамыған, саяси жүйесі орныққан, ынтымағы жарасқан көшелі елге айналды. Дүниежүзіндегі дағдарыстың қиын-қыстау кездерінің өзінде әлеуметтік реформаларға айрықша басымдық беріліп, халық алдындағы міндеттемелер ойдағыдай жүзеге асырылды. «Қазақстан-2030» алғашқы ұзақ мерзімді Стратегиясы қабылданып, басты жоспарлар мерзімінен бұрын орындалды. Әлемдегі бәсекеге қабілетті экономиканың елулігі қатарына қосылдық. Енді,міне, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатына «Бес халықтық реформа» қосылып, экономикасы жоғары дамыған 30 мемлекеттің қатарына сенімді ену мақсаты қойылып отыр. Елбасының Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде былай дегені бар: «Мен бес реформа бойынша біздің не істегелі жатқанымызды түсіндіретін «Мемлекеттік құрылыстың арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынамын. «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезектегі жалпыұлттық міндет. Мен реформалар жоспарын Ұлт Жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда». Осы ойларын өзіңіз айтқан Үкіметтің соңғы отырысында одан әрі саралап, тереңдетіп, Қазақстанды өркендету жолындағы «бес халықтық реформаны» табысты алға бастырудың аршынды қадамдарын белгіледі. Мемлекет құрылысының 100 қадамы алда қандай іс-әрекеттер жасайтынымызды айқындайды. Ортақ мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік, еліміздің одан арғы өркендеуіне серпін береді. Бес ауқымды ішкі міндет ретінде мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру қашанда маңызды фактор саналатынына ерекше назар аударылды. Аталған реформалардың әрқайсысы бойынша Президент нақты талаптар қойды. Реформаларды мүлтіксіз орындау жергілікті билік органдары үшін ең басты бағдар болып табылады. Елбасының жаңашыл бағдарламаларына солтүстікқазақстандықтар да бірауыздан қолдау білдіріп, ұзақ жылдарға арналған маңызды құжат ретінде қабылдады.
Сөз арасында Нұрсұлтан Әбішұлы Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болуымызды аса маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, бұл қадам экономикамызды тың серпілістерге жетелейтінін, Қазақстан шетелдіктер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түсетінін, сонымен бірге, бәсекелестіктің күшейетінін, оған тастүйін дайын болуымызды, сол себепті ДСҰ артықшылықтарын тиімді пайдала білетінімізді дәлелдеу қажеттігін алға тартқанын айта кеткен жөн.
– Қазақстан жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде әлемдік қауымдастық тарапынан әлдеқашан мойындалған. Елбасының «сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек», деген сөзі атқарушы билік органдарын да ойландырса керек. Осы тұрғыдан алғанда, өңірдегі бәсекелестік қарымын, сапа көрсеткішін қалай сипаттар едіңіз?
– 2014 жылдың қорытындысы бойынша экономикада оң қарқын және макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі сақталды. Осы кезеңде жалпы өңірлік өнім 6,1 пайызға молайып, 807 миллиард теңгені құрады. Өнеркәсіптің өндіріс көлемі 3,5 пайызға көбейіп, республикада 6-шы орынды иелендік. Биыл 5 айда макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалды.
Өңір экономикасының 22 пайызы аграрлық секторға тиесілі. Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыттарының бірі мал шаруашылығының кенжелеп қалғаны жасырын емес. Осы себепті қолданыстағы бағдарламаларға сәйкес саланы өркендетуге ерекше басымдық берілді. Былтыр ет, сүт өнімдерін, жұмыртқа өндіру біршама артты. Биыл тірі салмақта 29,1 мың тонна мал және құс сойылды. 159,9 мың тонна сүт сауылды. 224,7 миллион дана жұмыртқа алынды. Мұны санамалап айтып отырғаным, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімі бойынша республикада 3-ші орындамыз. Жыл аяғына дейін етті 98 мың тоннаға, сүтті 506 мың тоннаға, жұмыртқаны 581 миллион данаға жеткізу міндеті тұр. Бұл – орындалатын шаруа. Осылайша, мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 7 пайызға өсіп, негізгі азық-түлік түрлерімен ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ететін боламыз.
Отандық ет өндірісі көлемін ұлғайтуда, өзіндік құнын төмендетуде ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасын жүзеге асырудың маңызы зор. Бағдарлама бордақылау алаңдарын қажетті бордақылау контингентімен қамтамасыз ету үшін тауарлық табынды қалыптастыруға, сыртқы нарыққа сапалы әрі бәсекеге қабілетті ет өнімдерін өндіруге бағытталғандықтан, осы жағына баса мән берудеміз. Өткен жылы 1,7 мың басқа арналған 10 асыл тұқымды репродуктор, 2800 басқа шақталған 5 бордақылау алаңы құрылды. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары бойынша 9500 басқа жуық мал сатып алынып, 3 сүт-тауар фермасы құрылды. Тиімді атқарылған жұмыстардың нәтижесінде агроқұрылымдардағы асыл тұқымды малдардың саны 53 пайызға жетті. Жыл аяқталғанша 20 мың бас ірі қара малын сатып алуды жоспарлап отырмыз. 1,7 мың басқа арналған бес асыл тұқымды репродуктор шаруашылық бой көтереді. Ірі тауар өндірушілердің қатысуымен мал шаруашылығы кластерлерін құру барлық аудандарда жалғасады.
2014 жылы субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары екі есе көбейгенін атап өткім келеді. Жүйелі қаржылық демеудің әрі білікті тәжірибенің арқасында, күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, қоймаларға 5,1 миллион тонна астық құйылды. Биыл 4,3 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 579 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Егіншілік саласын әртараптандыру жөніндегі Елбасы тапсырмалары дәйекті түрде орындалуда.
Астық түсімділігі мен сапасына зор ықпал тигізетін негізгі факторлардың бірі топыраққа минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға Үкіметтен 2,1 миллиард теңге субсидия бөлінуін диқандар қауымына жасалған зор қамқорлық деп түсінген абзал.
– Ерік Хамзаұлы, АӨК дамуында ұқсату кәсіпорындарының орны елеулі екені белгілі. «100 нақты қадам» жоспарында негізгі міндеттің шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау жайына аударылуы тектен-тек болмаса керек.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – түбегейлі шешімін табуы тиіс күрделі салалардың бірі. Облыстың өнеркәсіп өндірісі көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу 47, ұқсату өнеркәсібінде 62 пайызды құрайды. 2014 жылы азық-түлік тағамдары өнімдерін өндіру көлемі 73,9 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 106,4 пайыз болды. Өсімдік майының өндірісі 88,6, сүт пен кілегей 15, сарымай 11 пайызға молайды. 136411 тонна ұн өндірілді. Тағамдарды тереңдетіп өңдеуге 643 миллион теңге субсидия бөлінді. Бүгінгі күні облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен 154 кәсіпорын тікелей шұғылданады. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 12 жоба іске асырылып, 200-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады.
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту картасы әзірленген. Бағдарлама іске қосылған жағдайда жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, жалақының көтерілуіне, инвестицияның құйылуына ықпалын тигізеді. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы 91 мың тоннаға жетеғабыл тоқтап, тұрған 15 ет, сүт, ұн кәсіпорындарын қалпына келтіру арқылы өңдеу саласына қарқын қосатын боламыз.
– Қазір индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығына аяқ басып отырмыз. Индустрияландыру картасының бірінші кезеңі қалай аяқталды?
– Индустрияландыру картасының бірінші бес жылдығында 31,4 миллиард теңгегенің 32 жобасы пайдалануға берілді. Оның ішінде былтыр 4 миллиард теңгеден астам 4 жоба іске қосылып, 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары құрылды.
Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығында жобалар санын екі есеге, инвестиция мөлшерін үш есеге ұлғайту белгіленген. Картаға 27 миллиард теңгенің 39 жобасы енгізілген. Олардың үшеуі бірінші тоқсанда бой көтерді. Жыл аяғына дейін тағы 11 жоба аяқталады.
Облыста инвестициялар тартуға ерекше назар аударылған. Өткен жылы қараша айында Петропавл қаласында өткізілген «Kyzylzharinvest-2014» халықаралық форумы өңірге деген шетелдік қаржыгерлердің қызығушылығын танытты. Аталмыш шараға 800-ден астам адам қатысты, олардың 300-і шетелдіктер болды. 70 миллиард теңгеден асатын 50 құжатқа қол қойылды.
Былтыр облысқа АҚШ-тың, Ауғанстанның, Қытайдың, Финляндияның, Украинаның әлеуетті инвесторлары келіп кетті. Бельгияның, Польшаның, Норвегияның, Германияның, Словакияның, Оңтүстік Кореяның елшілері болды. Олардың бәрі де екіжақты ынтымақтастыққа мүдделілік танытып, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Қытайлық, ирандық, германдық компаниялардың өкілдері бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы ұсыныстарын жолдады. Өз кезегінде облыс делегациясы іскерлік сапармен Украинаға, Ресейге, Финляндияға, Қытайға, Беларуське барды.
«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыста 112,1 мың адам шағын және орта бизнес салаларында еңбек етеді. Елімізде кәсіпкерлерді қолдау жөнінде бірегей шешімдер қабылдануда. Мен сол жайлы Түмен облысында өткен форумда айтып бердім. Бүкілресейлік қоғамдық шағын және орта кәсіпкерлік ұйымының төрағасы Александр Калинин мемлекеттің кәсіпкерлерге қандай көмек көрсететінін естіп, таңданысын жасырмады. Сондай шаралардың бірі – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Оның қаржылық операторы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Біздің облыс жобаларды демеуқаржыландыру және кепілдік алу бойынша республикада үздіктер үштігіне кіреді. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын қолдауға 1,2 миллиард теңге бағытталды. Облыс әкімдігі жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінде кәсіпкерлік субъектілерінің 222 өтініші мақұлданды. Енді қолдау тапқан жобалардың саны 10 пайызға көбейтіледі.
Экономиканың негізгі салаларының бірі өнеркәсіп екені талассыз. Былтыр оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 11 пайызға артты. Биыл 51,6 миллиард теңгенің өнімдері тұтынушыларға жөнелтілді. Дайын металл бұйымдарын шығару 72,8 пайызға, құрылыс-бетон бұйымдары 2,4 есеге көбейді. Кәсіпорындарды тапсырыспен қамтамасыз ету мақсатымен «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларымен, «ҚазЭКСПО», «Қазатомпром», «Волковгеология», «Қазақмыс», «Арселормиталл-Теміртау» секілді ірі компаниялармен жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
– Өңір тұрғындарының бақуаттылығын, жақсы тұрмысын, өмір сапасын нығайтуда әлеуметтік бағдарламаларға үлкен жауапкершілік артылары айтпаса да түсінікті.
– Бүгінде ең маңыздысы – жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмыссыздарды еңбекке тарту, өндіріс көлемін төмендетпеу. Осы ретте халықтың әлжуаз тобын әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына өткен жылы оған 7593 адам қатысты.
Биыл аталмыш жобаға 2,2 миллиард теңге бөлінді. Бірінші бағыт бойынша 31 инфрақұрылымдық жобаға жөндеу жүргізіліп, 315 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Екінші бағыт бойынша 451 миллион теңгенің 150 кредитін беру көзделген.
Құрылыстағы маңызды бағыттардың бірі өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы болып табылады. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы – ең өзекті буындардың бірі. Былтыр 120 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде облыста 58, тұрғындардың қаражаты есебінен 521, кәсіпорындар есебінен 49 пәтер тапсырылды. Биылғы тұрғын үй тапсыру жоспары – 124,5 мың шаршы метр. 853 пәтер пайдалануға беріледі деп жобалап отырмыз. Кезекте 10 мың адамның тұрғанын ескерсек, әрине аздық етеді. Соған орай Қазақстанның ипотекалық компаниясының бағдарламасына қосылу ниетіндеміз.
– Ауыл тұрғындарын жол жайы қатты қинайды. Әсіресе, сапасына қатысты реніштер көп айтылады. «Өмірдің өзі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» саналатын көліктік-логистикалық инфрақұрылымын жандандыру бағытында қандай шаралар атқарылуда?
– Облыстың автомобиль жолдары желісі шамамен 9 мың шақырымды құрайды. Оның 1500 шақырымы республикалық, 2400 шақырымы облыстық, 5100 шақырымы аудандық маңызға ие. Жергілікті маңызы бар жолдардың 49 пайыздайы қанағаттанғысыз күйде. Былтырдан бері автомобиль жолдарын қалпына келтіруде көп жұмыстар атқарылды. Үстіміздегі жылы облыстық және аудандық жолдарға 5 миллиард 138 миллион теңге қарастырылды. Бұл қаражаттың 800 миллион теңгесі Келлеровка – Тайынша – Чкалово бағыттарына жұмсалады. Сонда 85 мың тұрғыны бар үш ауданның бір-бірімен байланысы жеңілдейді.
Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бойынша облыста инновациялық әдістерді қолдану арқылы автомобиль жолдарын жөндейтін ұшқыр жоба енгізілді. Республикалық, жергілікті жолдарға салқындатылған ресайклирендіру және топырақты тұрақтандыру арқылы жаңа технология қолданылып, сапа барынша жақсартылды.
«Қазақстан Республикасының көлік жүйесінің инфрақұрылымын 2020 жылға дейін ықпалдастыру және дамыту» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Щучинск – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы транзиттік дәлізінің жалпы ұзындығы 132 шақырымды құрайтын Астана – Петропавл автомобиль жолын жаңғырту қызу жүргізілуде. Тұтастай алғанда, жолдарды қалпына келтіру жобаларын жүзеге асыруға 11,3 миллиард теңге бөлініп отыр.
Елді мекендерге таза ауыз су жеткізу мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Былтыр 5,9 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, 354 шақырым су құбырлары тартылды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 37 жоба қолға алынды, оның 34-і ауылдық жерлерде. Атқарылған шаралардың арқасында ауылдарды бір орталықтан сумен жабдықтау 54,1 пайызға көтерілді.
Биыл осы мақсатқа 5,3 миллиард теңге бөлініп, 264 шақырым су құбырлары тартылады. Бұдан тысқары Ұлттық қордан 2 миллиард теңге қарастырылған.
– Енді сыртқы экономикалық қызметке қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Елбасы Ұлт Жоспарын табысты орындау қолайлы халықаралық ахуалды қажет ететінін атап көрсеткен болатын. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты стратегиялық қадамдарымызға кең жол ашып отыр. Облыс бүгінде алыс-жақын 70-тен астам елдермен қарым-қатынас орнатқан. Бес реформаны жүзеге асыратын жүз қадамның арасындағы кедендік және салық жүйесін оңтайландыру, бір терезе қызметі сынды бастамалар кәсіпкерлердің ішкі, сыртқы нарықтағы бәсекелестігін күшейтері сөзсіз.
Еуразиялық экономикалық одақ елдермен сауда айналымын бәсеңдетпеу маңызды. Негізгі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық серіктестігіміз саналатын Ресеймен байланыстар ынтымақтастық жөнінде жасалған келісімдер аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл елмен тауар айналымының жалпы көлемі 70 пайызға жуық. Шекаралас аймақтармен ресми делегациялар алмасу үрдісі орныққан.
2016 жылы Петропавл қаласында екі Мемлекет басшыларының қатысуымен өткізілетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының ықпалы айрықша болары анық.
Бейбітшілік пен келісім, халық бірлігі – еліміздің жетістігі мен тұрақтылығының басты өлшемі. Қазақстанды жаңғырту – бәріміздің ортақ парызымыз. Өршіл мақсат өрелі істерге жетелейтінін Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында нақты белгілеп берді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
ПЕТРОПАВЛ.