Сыртқы істер министрлігінде Конституциялық реформа жөніндегі комиссия дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Онда Ата заң жобасында көрсетілген елдің сыртқы саясатының құқықтық аспектілеріне қатысты ережелері түсіндірілді.
Іс-шараға елімізде аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың 80-ге жуық өкілі, сондай-ақ сарапшылар қатысты. Конституциялық сот, Комиссия төрағасы Эльвира Әзімова, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Иcетов, сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев жаңа Ата заң жобасының негізгі өзгерістеріне, Президент бастамасымен іске асырылып жатқан реформаның тұжырымдамалық негіздеріне тоқталды.
«Конституция жобасында еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы өзгеріссіз қалады. Конституцияға өзгерістер тек жалпыұлттық референдум нәтижелері бойынша енгізіледі. Осы жылдың 15 наурызында республикалық референдум отандастарымыздың елдің одан әрі даму жолын айқындайтын жауапты таңдау күні болады», деді Э.Әзімова.
Комииссия төрағасының айтуынша, Конституция биліктің теңгерімді әрі есеп беретін моделін қалыптастырады, бір палаталы Құрылтайға көшуді көздейді, сонымен қатар Құрылтайда заң шығару бастамасы құқығына ие азаматтардың өкілді органы ретінде Халық Кеңесі үшін құқықтық негізді бекітеді. Оның құрылуы мен қызмет тәртібі жеке конституциялық заңмен айқындалады.
«Конституциялық жаңашылдықтар мемлекетіміздің халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына және ел дамуының жаңа кезеңіне көшу жағдайындағы ұлттық басымдықтарға берік бейілділігін жан-жақты көрсетеді. Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық моделінің негізіне БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттары және қабылданған барлық халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидаты қаланған», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Иcетов.
Оның айтуынша, халықаралық шарттар елдің құқықтық жүйесінің бір бөлігі болып қала береді, сондай-ақ міндетті түрде орындалады.
Бұған қоса саясаттанушы Қазбек Майгелдинов елдегі конституциялық реформа тек ішкі емес, халықаралық маңызы бар үдеріс екенін айтады.
«Жаңа конституцияның адамды басты құндылық ретінде нақты бекітуі аса маңызды. Жеке өмірді қорғау, тұрғын үйге қол сұқпау, дербес деректер қауіпсіздігі, цифрлық құқықтар – барлығы бүгінгі заманның нақты сұраныстары. Сонымен қатар мемлекет тарапынан заңсыз әрекеттер үшін конституциялық жауапкершіліктің енгізілуі – билік пен қоғам арасындағы жаңа қатынас мәдениетінің белгісі», деп түсіндірді саясаттанушы.
Кездесу қорытындысында дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері елдегі конституциялық реформалар үдерісі ашық әрі айқын деген пікір білдірді.
Сондай-ақ Қазақстанның Солтүстік Македониядағы елшісі Сатыбалды Бұршақов Солтүстік Македония Парламенттік тобының төрағасы Никола Коняновски бастаған Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі мүшелерімен кездесуде еліміздің жаңа Конституциясын таныстырды.
Елші депутаттарды биыл 15 наурызда Қазақстанда саяси жүйені одан әрі демократияландыру мен жаңғыртуды, Президенттен Парламентке бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуді және жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейтуді көздейтін жаңа Конституция жобасын қабылдау бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін хабарлады.
Дипломат жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді айқындау арқылы тежеу мен тепе-теңдік жүйесін жетілдіруге арналғанын атап өтті.
«Негізгі заңды жаңартудың мақсаты – мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформация мен жаһандық тұрақсыздықты қоса алғанда, қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне бейімдеу. Реформаның өзегінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, сондай-ақ ресурстық даму моделінен адам капиталын, ғылым мен инновацияларға негізделген экономикаға көшу мәселелері тұр», деді С.Бұршақов.
Солтүстік Македония парламентшілері биліктің заң шығарушы тармағының өкілеттіктерін кеңейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған конституциялық реформаның қазақстандық тәжірибесін зерделеуге қызығушылық танытты.