«Ижевский» өндірістік кооперативі жөнінде әңгіме қозғаудың өзі жан жадыратады. Бұл – республикамыздағы аршынды даму үстіндегі санаулы көпсалалы шаруашылықтың бірі. Ауыл тұрғындары негізінен егіншілікпен, мал шаруашылығымен, құс өсірумен айналысады. Ең бастысы, өнімнің барлығы қайта өңдеуден өткізіледі. Астананың өзінде 70 түрлі өнім шығарылып отыр.
Таратыңқырап айтсақ, жылдың қай мезгілі болмасын, күн сайын орта есеппен 5 тонна сүт пен сүт өнімдері, 2 мың тонна құс еті, 500 мың дана жұмыртқа жөнелтіледі екен. Мұның өзі де шекті көрсеткіш емес көрінеді. Әлемді жайлаған экономикалық дағдарысқа қарсы тиянақты шараларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарлардың жақсы ырғақ алғандығын құлағымыз шалған. Мұның сыры неде? Оны институт жолдамасымен келіп, 58 жылдан бері «Ижевскийде» тапжылмай жұмыс істеп келе жатқан Социалистік Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразовтай кім айта алар дейсіз. Сенесіз бе, бірінші басшы ретіндегі өтілі биыл 48 жылға толып отыр!
Ибрагим Дәуітұлы осы «Ижевский» шаруашылығына 19 жасында кіші зоотехник болып келген. Бұл жаппай тың көтеретін 1954 жыл. Зулаған уақыт десеңші. Заман өзгерді, қоғам өзгерді дегеннің өзінде бұл ұжымның табысты баспалдақтары бір төмендеп көрмеген екен. Осы аралықта бұрынғы одақ пен республикамыздың ең жоғары мәртебедегі басшылары озық өндіріске ауық-ауық ат ізін салып отырыпты. Біз журналист ретінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың осы шаруашылыққа жұмыс сапарлары жайында бірнеше рет қалам тартқанбыз. Нұрсұлтан Әбішұлының Ибрагим Жанғоразовты ерекше сыйлайтынының куәсі болғанбыз. Тұрғындар мұны өздеріне көрсетілген биік құрмет санайтыны анық.
Ибрагим ағамыз есте қаларлық оқиға ретінде мүлдем басқа қонақтар туралы айтып отыр. Еңбек Ері атанған сексен бірінші жылы болса керек, осындағы білікті құс өсірушілердің бірі мынадай өтініш жазыпты: «Удмуртиядан әке-шешем, бауырларым қонақ болып жатыр. Олар біздің цехтарды аралап көргісі келеді. Бес кісіге рұқсат қағаз беруіңізді сұраймын». Бас директор өзін ақынжандылардың қатарына қоспаса да бұл жағдай әлі күнге дейін толғандыратыны дауысындағы дірілден байқалып қалды.
Осыдан кейін отбасылық саяхат, оқушылардың өндірістік дәрісі мен ашық сабақтары дәстүрге айналған. Айтпақшы, біз шаруашылықта болған күні Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеттің екі аспиранты тәжірибе жұмыстарын жүргізіп жатты. Яғни, «Ижевский» ғылыми-зерттеу алаңына айналған. Мұны мидай далада алғашқы қазығы қағылған шаруашылық басшысының бақыты деп ұқтық.
Кеңес кезінде 10 мың гектарға егін себілсе, қазір де 17,5 мың гектарда астық өсірілуде. Жер тапшылығы байқалғанымен, диқан қауым өнімді еселеуді мақсат санайды. Мұнда жылына әр гектардан 18-20 центнерден төменгі көрсеткіш некен-саяқ. Шаруашылық 1200 бас ірі қара, 6 жүздің маңайында жылқы ұстайды екен. Бұл орайда да жайылым жұтаңдығы арқа-басты еркін жаздыруға мүмкіндік бермей тұр. Әйтпесе, асыл тұқымды сиыр санын 5000-ға жеткізуге қауқар жететінін айтады басшы. Есесіне құс саны 1 миллионнан асып отыр. Голландиялық технологиямен жабдықталған цех жылына 18 тонна құс етін тұтынушыларға жөнелтеді. Шаруашылықта жүз сиырдан 94 бұзау алынып отыр. Былтыр Галина Куций, Надежда Матрунич, Галина Падроба, Валентина Крамская сияқты сауыншылар әр сиырдан 5050-5400 литр аралығында сүт сауды. Ағамыз осыған қаратып қарапайым есеп шығарып берді. «100 гектар жерге шаққандағы ет, сүт, жұмыртқа түсімі республикамыздағы ең жоғары көрсеткіштер санатында, – дейді ол. Біз ауданның бүкіл жер қорының 5 пайызын ғана иемдене отырып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша салықтың 40 пайыздан астамын қамтамасыз етеміз». Мұның астарында қандай мағына жатқанын талдап жатудың өзі артық деп білдік.
Жыл санап қуаттанып келе жатқан кооперативте 280 ауыл шаруашылығы техникасы, 83 автомобиль жұмысқа қосылған. Технологиялық процестерді жетілдіру нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, бұрынғы 1,5-1,6 мың адамның ісін 700 білікті жұмысшы атқарады екен. Сапа көрсеткіштеріне де мін тағу қиын. Кәсіпорын «Қазақстандық сапа орталығының» СТ РК ИСО 9001:2001 сертификатымен жұмыс істейді. Шаруашылық макарон цехының, май зауытының, шұжық цехының, диірменнің, наубайхананың, астық қабылдау пунктінің, жұмыртқа ұнтағын шығаратын цехтың, сұрыптау цехының, құрама жем зауытының қуатын тиімді пайдаланып отыр. Сондай-ақ, кооперативтің соны ізденістері Қазақстанда жаңа кәсіпорындардың ашылуына қозғау салғанын айту қажет. Мәселен, Павлодардағы картон-рубероид зауытында жұмыртқаны жайластыратын гофроыдыс дайындайтын желі іске қосылып отыр.
Өндірістік кооператив бүгінгі күні әлемдік озық технологиямен, заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. Бұл мемлекеттің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жасап отырған қамқорлығының нәтижесі. Жақсы заңдар, тиімді бағдарламалар жаңа екпін, құлшыныс тудырып отыр. «Ижевский» соңғы жеті жылда жұмыртқа өндіруді 14 есеге өсіріпті. Жалпы, соңғы 5 жылда шаруашылықты дамытуға 4 миллиард 170 миллион теңге инвестиция жұмылдырылыпты. Өндірістік буындар елеулі дәрежеде қуаттандырылған. Мұның қайтарымы жоғарыдағы цифрлардан-ақ байқалады.
Нарық заңы әлгі көл-көсір өнімді тиімді пұлдай білуді талап етеді. Осы ретте Ибрагим ағайдың «Құстың қауырсынынан да пайда табуға тырыстық» деген сөзі құлақта қалыпты. Мұнда құқықтық сауаттылықтың барлығы, заңдар мен нормативті актілерді дұрыс қолданудың тиімділігі нәтижесін берген. Президенттің жергілікті тауар өндірушілерді қолдау туралы Жарлықтарына сәйкес жеңілдетілген несиелерге, шығынды субсидиялауға қол жеткізіліп, құс пен мал өнімдерін қайта өңдеу жолға қойылған. Астана қаласынан фирмалық дүкендер ашылды. Осы жерде біраз сауда нүктелерінің аттарын бөлектеп айтқымыз келеді. Астанада «Адал», «Балапан», аудан орталығында «Мақсат», Қарағандының Осакаровкасында «Ақниет» дүкендері жұмыс істеп тұр. Осы ретте: «Кейбір іскерлеріміз баласы мен әйелінің есімін түгендеп, ешкім түсінбейтін шетелдік атауларға үйірсектегенде не ұтар екен? Бір сәт Ибрагимше ойланып көрсе қайтеді?» – дегіміз келеді.
Кең ойлайтын ағамыз мынадай жағдайларды да қозғап өтті. Мәселе қазіргі кездегі нарық қатынастарын үйлестіруде. Бүгінгі күні республикамызда 50 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Бұлар жылына 4 миллиард 2 миллион дана жұмыртқа шығарады екен. Ол алдағы күндері 5 миллиардқа жететіні белгілі. Сондықтан, қазірше жаңа кәсіпорындарды ашуды шектеу керек. Елбасымыз міндеттеп отырғанындай, қолда барды тиімді пайдаланып, қуаттандырған ұтымды. Бұл мемлекетке де, меншік иесіне де айтарлықтай арзанға түседі. Дәл қазір «Ижевскийдің» қоймасында 8 миллионға жуық жұмыртқа қорланып қалған. Ендеше, құс шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуді жолға қойып, тиімді қосымша құн салығымен экспортқа шығару қажет. Өйткені, уақытша экономикалық дағдарыстан да сабақ ала білу керек.
Еңбектің зейнеті тақырыбына ойысқанымызда, Ибрагим Дәуітұлы бурыл шашын салалап, өткір жанары шуақтанып, кәдімгі қамқор әкенің кейпіне енді. Шаруашылықта 300-ге жуық зейнеткер бар екен. Олардың отын-суы кооператив мойнында. Ауылда мәдени, тұрмыстық, денсаулық сақтау нысандары сақталып қана қоймай, қызмет өрісін кеңейте түскен. Мұнда орташа еңбекақы айына 75-80 мың теңгеден айналады. Зейнеткерлер мен мектеп оқушыларына көмек-қолдау көрсету қалыпты дәстүрге айналған. Шаруашылық мамандары Ресей, Голландия, Германияда кәсіби білімдерін жетілдіреді.
Ибрагим Дәуітұлының қайраткерлігі туралы елімізде аз айтылып жүрген жоқ. Бұл тұрғыда, ел таныған азаматтың қыр-сырын тәптіштеудің өзі артық. Ол ғылым кандидаты, бақытты әке. И.Жанғоразов тәуелсіз Қазақстанның №1 «Достық» орденінің иегері. Қайнаған өндірістік жұмыстармен қабат Қазақстанның құс өсірушілері агроөнеркәсіп одағы төрағасының бірінші орынбасары, республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мүшесі, облыстық мәслихаттың бюджет комиссиясының төрағасы міндеттерін абыроймен атқарып жүр.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Аршалы ауданы.