АСТАНА. 26 наурыз. АҚШ-тың Washington Post, Irish Central және The Lancet басылымдары жариялаған деректер бойынша Тәжікстан алкогольді ішімдікті тұтынудан әлемде алғашқы орында тұр. Тізімді жасау барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштері негізге алынған. Бұл туралы news-asia.ru хабарлады.
Келтірілген мәліметке сүйенсек, 15 жастан асқан әрбір тәжікстандыққа жылына орта есеппен 30,3 литр ішімдіктен келеді екен. Соның ішінде ішімдік ішетін бір ер адамға 31,1 литрден келсе, алкогольден бас тартпайтын әр тәжік әйелі жылына 28,3 литр арақ-шарап тұтынады. Бұл көрсеткіш бойынша ішімдік ішуден алдына жан салмайтын Ресейдің өзі тәжіктерге жол беріп тұр. Әрбір ресейлік орта есеппен жылына 22 литр алкоголь өнімдерін тұтынады. Дегенмен, ішімдік ішетін әр ер адамның көрсеткіші бойынша солтүстік көршіміз алда келеді (32 литр). Ал Ресей әйелдері 12,6 литр ішімдік ішеді екен.
The Lancet медициналық журналының зерттеуі бойынша соңғы кездері Еуропа пен Америкада ішімдік ішу көрсеткіші төмендеген. Керісінше, Азия халықтары арасында бұл үрдіс кең етек жаюда. Мәселен, біздің елде жан басына шаққандағы бір жылдық көрсеткіш 26,2 литрге тең. Өзбекстанда 12,3 литрді құраса, әр қырғызға жылына 11,3 литр алкоголь тиеді.
Бір қызығы, 2008-2010 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, Тәжікстанда әр адамға бір жылда 2,8 литр спирттік өнімнен келген. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша бес жыл бұрын тек әрбір 11-ші тәжікстандық қана ішімдік ішетін. Ол аз десеңіз, сол кезде ерлердің 86,1 пайызы, ал әйелдердің 95,2 пайызы мүлдем ащы суды татып көрмегенін айтқан. Осынша аз уақыттың ішінде жағдайдың күрт нашарлап кетуінің себебін мамандар анықтай алмауда. Оның үстіне, бүгінде тәжіктердің 89 пайызы күші жоғары ішімдікті қалайды екен. Тек 10 пайызы ғана сыра өнімдерін тұтынса, 1 пайызы шараппен шектелуді жөн санайды.
Батыс елдеріндегі зерттеушілерді сары құрлықтағы бұл жағдай қатты алаңдатып тыр. Себебі, Азия халық ең көп шоғырланған құрлық. Ал ішімдікті тұтыну дәл осы бағытта жалғаса берсе, адамдардың қалың ошағы сан түрлі аурудың өзегіне айналуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Қытайда 300 мың адам алкоголь өнімдерінен қайтыс болады.
Еламан Қоңыр.
Дерек: news-asia.ru.
Сурет: maiden.com.ua.