• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2015

Қаһармандар туралы көрме

494 рет
көрсетілді

109 шығысқазақстандық Кеңес Одағының Батыры туралы сыр шертеді А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Біздің ержүрек жер­лес­теріміз» атты көр­ме ашылды. Аталған көрме Ұлы Отан соғысында ерекше ер­лік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған 109 шығысқазақстандық қаһарманға арналды. Соғыстың қан майдан шебінде даңққа бөленген, келешек ұрпақ­тың бейбіт өмірі үшін жанын қиған кеңестік жауынгерлер арасында қазақстандықтардың орны ерекше. Қазақстаннан майданға аттанған 500-ге жуық жауынгер мен офицер Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ие болса, сол аталарымыздың әр бесіншісі – Шығыс өңірінен шыққан батырлар. Әрине, соғыста ерлік көрсетпеген, қасірет шекпеген отбасы елімізде кемде-кем. Дегенмен, Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағы Батырларының ішінде Шығыс өңірінің өзінен 109 жауынгер мен офицердің аталған атаққа ие болуы ерекше құбылыс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге қойылған материалдардан шығысқазақстандық батырлардың қайсысы теңізші, теңіз жаяу әскері, мерген, ұшқыш болғаны, олардың қай майданда қандай ұрысқа кіргені, қандай ерлік көрсеткені туралы жан-жақты әрі толық мәлімет алуға болады. Көрмеге қойылған кітапхана қорындағы материалдар Мәскеу түбіндегі, Сталинград, Курск сынды сұрапыл шайқастарда, Днепр өзенінен өтудегі, Украинаны, Литваны, Венгрияны, Польшаны, Чехословакияны азат ету үшін болған ұрыстарда Кеңес Одағының Батыры атанған жерлестеріміздің есімдері мен ерліктерін жете тануға жол ашады. Ұлы Отан соғысының барлық майдандары мен әскери бөлімшелерінде біздің жерлестеріміз шайқасты. Брест қорғаны, Минск, Ленинград, Смоленск, Одесса, Севастополь, Тула, Киев... Бұл тек жаудың жолын бөгеген бекініс-қалалар ғана емес, жүздеген батырдың жанкештілік пен даңқты ерлігінің межесі. Мәскеу үшін шайқаста Панфилов дивизиясының даңқы, оның құрамында болған жерлесіміз Төлеген Тоқтаровтың аты аңызға айналды. Сталинград түбіндегі ұрыста 38-атқыштар дивизиясы (кейін – 73-гвардиялық Сталинград дивизиясы) қаһармандығымен көзге түсті. Дивизияны басқарған жерлесіміз Ғ.Сафиуллин қараусыз қалған көше баласынан Кеңес Армиясының командиріне дейінгі қилы тағдырды басынан өткерді. Днепрден өту барысындағы ұрыстарда – 42, Украинаны азат ету жолында 15 шығысқазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Глубокое ауданының Багратионовка селосында дүниеге келген кіші лейтенант В.Колесников КСРО мен Германия арасындағы мемлекеттік шекараға алғашқылардың бірі болып жетіп, қызыл ту тікті. Германияның Зелов қаласына алғаш кірген кеңестік күштердің бірі – капитан Г.Болтаев басқарған гвардия ротасы болатын. Берлинге шабуылдауда 322-атқыштар дивизиясының саперлер батальонының бөлім командирі, кіші сержант И.Сапалев, сонымен қатар Н.Шелехов, П.Кольцов сияқты жерлестеріміз ерекше көзге түсті. Сондай-ақ, өшпес даңқ тұғы­рына көтерілген жерлестеріміз жөнінде кітаптар, фильмдер мен естеліктер де терең сыр шертеді. Соғыстың күркіреген уақытынан алыстаған сайын оның адамзат тарихындағы алар орны да, маңызы да, Отан қорғау жолындағы даңқ шежіресі де түгенделіп, келер ұрпақтың жадынан орын ала беретіні даусыз. Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне соғыс және тыл ардагерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен студенттер, оқушылар қатысты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.