Қарасай ауданындағы Абай елді мекені Алматы қаласымен қолтықтасып жатыр. Соған қарамастан мұндағы тұрғындарға қызмет көрсететін медициналық мекеменің іргетасының қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Ауыл халқының саны еселеп артып, тарлық еткенімен қоса, тозығы жеткен мекеме бүгінде еңселі екіқабатты ғимаратқа ауысып, ауылдың көркін кіргізді. Сөйтіп, еңкейген қарттан бастап, еңбектеген баланың қуанышын еселеді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында кейінгі екі жылдың ішінде облыста 38 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Оған 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгені туралы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов атап өтті.
«Бүгінде халық тығыз қоныстанған Қарасай ауданының Абай мен Үштерек ауылдарында медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталықтары ашылып жатыр. Қос ауыл үшін бұл үлкен жаңалық. Жаңа нысандар заманға сай салынып, заманауи техникамен жарақтандырылған. Бұлардың әрқайсысы 50 адамды қабылдауға қауқарлы. Олар білікті, тәжірибелі дәрігерлермен, орта буын медицина мамандарымен қамтылған. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсету – басты мақсатымыз. Осы күні Абай ауылында 50 мыңға таяу халық тұрады. Соған орай медициналық көмектің ауқымын кеңейтіп, дәрігерлер санын арттыру да маңызды», деді басқарма басшысы.
Жаңа медициналық нысанның ашылу салтанатына ауылдың ақсамайлы қариялары мен тұрғындары көптеп жиылды. Қуанышты сәттің куәгерлерін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов құттықтады. Ол өз сөзінде ауданның Ақсеңгір, Көктоған, Кемертоған ауылдарында да жаңа нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілгенін, алдағы уақытта Қаратөбе ауылындағы фельшерлік-акушерлік пункт іске қосылатынын атады.
«Осы Райымбек ауылдық округінің орталығы Абай ауылындағы медициналық мекемеде 1978 жылдан бастап бас дәрігер боп жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Ол ғимарат өте ескіріп, еңсені басатын еді. Жаңа ғимараттың ашылуын асыға күттік, разымыз. Еліміздің өркендеп, күннен-күнге көркейіп жатқанын нақты істерден сезініп жатырмыз. Қарияларға қамқорлық танытудан аянбайтын ақ халатты жандарға алғыс айтамыз», дейді ауыл ақсақалы Көгершін Әбдуәлиұлы.
Абай ауылының тұрғындарына есігін айқара ашқан жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының меңгерушісі Айжан Баймаханова мұнда бұрын-соңды болмаған стоматологиялық, лабораториялық, акушер-гинекологиялық, физиоемдеу, егу кабинеттері, сонымен қатар 5 төсектік күндізгі стационар заманауи құрал-жабдықтармен жарақталғанын қуана тілге тиек етті.
Енді басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар анализ тапсырып, тіс емдету үшін аудан орталығына сабылмай, ауыл ішіндегі су жаңа орталықтың білікті дәрігерлеріне қаралып, тиісті ем-шараларын қабылдай алады.
Дәл осындай жан жадыратарлық жаңалық түс ауа Үштерек ауылында жалғасын тапты.
Алматы облысы,
Қарасай ауданы