Малайзия туристер үшін нағыз жұмақ аралы десе де болғандай. Мұнда шеттен келетін қонақтар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті, Малайзиядағы шалғай ауылдардың өзінде туристерге қызмет көрсету деңгейі бүгінгі заманның жоғары сервистік үлгілері дәрежесіне жеткізілген. Оған Копон Лонак және Алам Варисан ауылдарында болғанда көзіміз анық жетті.
Сонымен Серембан қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Копон Лонак ауылына атбасын тіредік. Бұл ауылда негізінен күріш өсіретін шаруа қожалықтары қоныстанған екен. Бізді ауылдың өнерпаздарынан құралған ансамбль әуезді әнмен қарсы алды. Құйқылжыта төгілген музыкаға ілескен әннің сөзін түсінбегенмен ән әуезі қазақ әндерінің әуеніне өте ұқсас. Жалпы, Малайзияға барған бір сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өзінің халқы, этностық құрамы жөнінен және басқа да көптеген өлшемдері бойынша бізге ұқсас ел», деп орынды атап көрсеткендей, екі халықтың арасында ұқсастық нышандар баршылық. Еңбекқор малай халқының тұрмыс деңгейі де өте жақсы екен. Оны Копон Лонак ауылы тұрғындарының өмірінен анық байқауға болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Негри Сембилан штаты негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Атап айтқанда, каучук алатын өсімдіктер, кокос және майлы пальма ағаштарын өсіреді, күріш егеді. Копон Лонак ауылында осы дақылдардың барлығын өсіретін шаруа қожалықтары бар. Біз бір шаруа қожалығының күріш алқаптарын араладық. Малайлардың негізгі дақылдарының бірі болып саналатын күріш үшін су мен күн қызуы керек. Копон Лонак ауылында мұның екеуі де жеткілікті. Сондықтан шаруалар күріш алқаптарынан жылына екі рет мол өнім жинайтын көрінеді.
Біз ауыл үлкені Мухамад Омар ақсақалдың үйіне келдік. Жетпістің бел ортасына келген. Мухамад ақсақал бал омартасын ұстайды және ауылдың имамы болып табылады. Ағаштан өріп салған оның үйі бірнеше бөлмеден тұрады. Қонақ бөлме, балалар бөлмесі, жатын бөлме, ас үй бәрі де тап-тұйнақтай. Басы артық жиһаз жоқ. Бірақ жұмсақ кресло, диван, электронды техникалар талғаммен жинақталған. Үй иелері бізді бұрын дәмін татпақ түгілі атын естімеген тропикалық жеміс түрлерімен сыйлады. Дуриан, рамбутан, мангостин деген жемістердің дәмі бал татиды.
Келесі күні Алам Варисан атты ауылға келдік. Ауылға кіреберісте бізді садақ асынған ұлттық киімдегі жауынгерлер қарсы алды. Бұл жылқы өсіріп, малай халқының жауынгерлік салт-дәстүрін насихаттаумен айналысатын орталық екен. Ауыл басшысы Мухамад Акмал Мохамад Дахалан өз халқының жаугершілік заманда дұшпандарына қарсы қолданған қару түрлерімен таныстырды. Қайқы қылыштар мен сүйір семсерлердің неше түрін асынған жауынгерлер оларды ұрыста қолдану тәсілдерін көрсетті.
Малай халқының шежіресі бойынша, садақ асынған жауынгерлер өздерін мамлюктердің ізбасарлары санайтын көрінеді. Сондықтан олар ат үстінде қару қолдану, жүйткіп келе жатып садақ ату өнерін жетік меңгерген екен. Олар келген қонақтарға садақ ату тәсілдерін көрсетіп, атқа мініп, жамбы ату өнері бойынша жарыс өткізді. Осы жарыста көк түріктердің қанға сіңген қасиеті қолдап, атпен шауып келе жатып, жамбы атуда қытайлықтар мен филиппиндіктерді шаң қаптырып, Қазақстанның мерейін асқақтатқанымызды да айта кетудің артықтығы болмас.
Малайзияда ерекше дамыған туристік бағдарламалардың бірі «Хоумстэй» (жергілікті отбасымен бірге тұрып олардың салт-дәстүрін үйрену) деп аталады. Алам Варисан ауылының басшысы Мохамад Дахалан осы бағдарлама аясында өзінің отбасымен бірге туристерге қызмет көрсетеді екен. Тіпті, Мохамад Дахаланның екі ұлының үлкені жеті жасар Мамай да садақ атуда «құралайдың көзіне тигізетін» мергендігін паш етті.
Кешкісін Копон Лонак ауылында Негри Сембилан штатының туристік департаменті атынан үлкен қонақасы берілді. Оған Малайзия туризмінің бас директоры Дато Мирза Мохамад Тайуав қатысып, сөз сөйледі. Оның айтуынша, бұл елде туризм ерекше қарқынды дамыған салалардың бірі. Мұнда төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келетін туристер үшін барлық жағдай жасалған. БҰҰ-ның зерттеулерінің нәтижесі бойынша, Малайзия бүгінде ең қауіпсіз ел болып табылатын көрінеді. Міне, мемлекет тарапынан барынша ойластырылған осындай кешенді шаралардың нәтижесінде өткен жылы Малайзияға келген туристер саны 25 миллионнан асып жығылған екен.
Біздің жолбасшымыз Жактың айтуы бойынша, бұл елде ауыр қылмыс, кісі өлтіру деген мүлде жоқ. Соңғы кезде маңайдағы елдерден Малайзияға жұмыс іздеп келетін мигранттар көбейіпті. Солардың арасынан ұрлық жасайтындар мысалдары бар көрінеді.
Малайлықтардың қонақжайлылығы қазақтарға ұқсайды. Қонақасыда ұсынылған тағамдардан дастарқан қайысып кетті. Қақталған еттің неше түрі, ұлттық тағамдары – леманг (кокос сүті қосылған күріш), масак лемак кили апи (құс еті, кокос сүті, бұрыш қосылған ыстық тамақ) және басқа дәмнің түр-түрі бар. Мерекелік қонақасы Копон Лонак ауылы көркемөнерпаздарының сазды әуеніне ұласты.
Жалпы, Малайзиядағы туристер үшін аса бір қолайлы өңір осы Негри Сембилан штаты сияқты. Мұнда әлемнің әр түкпірінен келген туристер үшін қызмет пен қонақжайлылықтың ең жоғары үлгісі көрсетіледі. Сонымен бірге, мұнда Табиғат-ананың өзі туристерді тарту үшін әдейі жасаған табиғаттың көрікті орындары жетерлік. Соның бірі – Порт Диксон. Бұл батыс жағалаудағы ең бір тамаша демалыс орындарының бірі болып табылады. Порт Диксонның майда құмды жағажайы 18 шақырымға созылады. Сондықтан мұнда су спортының барлық түрімен шұғылдануға толық мүмкіндік жасалған. Порт Диксонның ел астанасы Куала Лумпурға жақын орналасқандығының өзі де туристер үшін өте қолайлы болып табылады.
Тағы бір айта кететін мәселе, Негри Сембилан штатында жыл сайын спорттың бірнеше түрінен үлкен жарыстар өткізіледі. Бұл халықаралық жарыстар қатарында Порт Диксонның су спорты бойынша фестивалін, триатлон бойынша өткізілетін халықаралық жарыстарды атап өтуге болады. Су спорты бойынша өткізілетін бұл халықаралық айтулы жарыстар да туристерді барынша көп тартады.
(Жалғасы бар).
––––––––––––
Суреттерді түсірген автор.