Әңгіме жобасы ауқымды Ақтоғай мен бағдарламасы бедерлі Бозшакөл кен-байыту комбинатарына қатысты.Кейінгі кезде ауыздан түспей жүрген Ақтоғай еліміздің шығысында, Өскеменнің оңтүстік-батысына қарай 400 шақырым қашықтықта жатыр. Балқаш көліне тіпті жақын, шығыс жағалауынан 40 шақырым ғана.Қазақстанның солтүстігінде жатқан Бозшакөл – бағдарламасы бедерлі жоба. Жоспарланып отырған кен өндіру көлемі жылына – 27,5 миллион тонна, құрамындағы мыстың орташа үлесі – 0,36%.
Ауқымды Ақтоғай
Ақтоғай қазба орнын бастапқы барлау 1974 жылы басталды. Алты жылдан кейін КСРО Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссия қор санатын бекітті. 2004 жылы жер қойнауын пайдалану құқы «Қазақмыс» корпорациясына берілді.
2011 жылы желтоқсанда Қытай мемлекеттік даму банкімен Ақтоғай жобасын қаржыландыруға қатысты уағдаластыққа қол жетті.
Ақтоғай комбинатында кен өндіру үш ашық карьерде жүргізіледі. Өндірілген шикізатты пайдалану үшін жылына 25 миллион тонна күкірт қышқылды (сульфитті) кен өңдейтін байыту фабрикасы мен 12 миллион тонна тотыққан кенді өңдеу үшін дымқыл сілтісіздендіру мен электролиздейтін зауыт салынады.
Комбинат қуаты кезең-кезеңмен қатарға қосылады. Тотыққан кен өндіру қазірдің өзінде қолға алынған. Бұрнағы жылдың соңына қарай электролиздеу зауыты пайдалануға берілді. Байыту фабрикасына бірінші кенді беру биыл күзге жоспарланып отыр.
Ақтоғай байыту фабрикасы келешекте сағатына 30 мың тоннаға дейін күкірт қышқылды кен өңдейтін болады. Алғашқы жылдары тек осы кеніштің өзі 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын береді.
Негізгі жабдықтарды сатып алу мәселесі шешілген. Болашақ өндірістік алаңның аумағы басы артық дүниеден тазартылып, қазба орны мен тұрғын мекен-жайға апаратын жол салынған. «Қазақмыс» пен мердігер компаниялардың адамдары тұратын уақытша вахталық қалашықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бірқатар баспана мен асхана пайдалануға беріліп те қойды.
Ақтоғай – Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданының аттас қалашығымен қапталдас жатқан ашық әдіспен кен өндірілетін қуатты кеніш. Оны қатарға қосу үшін шамамен 2 миллиард доллар жұмсалады. Бұл қазба байлығын игеру үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген.
Ақтоғай комбинаты келешекте жылына 25 миллион тонна кен өндіреді. Жалпы жобалық қуатында қарастырылған жарты ғасырда тотыққан кеннен 224 мың тонна, ал сульфидті кеннен 4 миллион тоннадай мыс алынады. Сондай-ақ, ілеспелі өнім түрінде молибден өндіріледі. Алғашқы мыс тотыққан кеннен биыл, ал сульфитті кеннен келесі жылы алынады. Комбинатта 1 500 адам вахталық әдіспен жұмыс істейтін болады.
Тотыққан кеннен мыс өндіруге арналған дымқыл сілтісіздендіру мен электролиздеу зауытын кестеге сәйкес биыл қатарға қосу көзделуде. Қаржылық мүмкіндікті барынша жоспарлы жүйелі бөлу мақсатында күкіртті кенді өңдеу фабрикасының құрылысын аяқтау мерзімі 2017 жылға жылжытылды.
Non Ferrous China (NFC) компаниясы Ақтоғай мыс кені орнында тотыққан шикізат өңдейтін байыту фабрикасының құрылысын жүргізетін мердігер болып тағайындалды. NFC – Ақтоғай КБК құрылысына тартылған жалғыз шетелдік мердігер ұйым. Құрылыс жүргізу жұмыстарының негізгі көлемін, соның ішінде, тотыққан кен өңдеу кешенінің құрылысын, электр желілерін тарту, теміржол табанын төсеу және қызмет көрсету, жер қазу, бетон құю және тағы басқа жұмыстарды қазақстандық компаниялар атқаруда.
Берекелі Бозшакөл
Биыл тұсауын кесу көзделген кеніште қазір құрылыс қарқынды жүргізілуде. «Қарқынды» деген күшейткіш өнеркәсіптік нысандарға ғана қатысты емес, баспаналарға да байланысты. Өйткені, жобаны жүзеге асырушылар қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді.
Кен орнындағы құрылыс төрт жылдан бері тегеуірінді жүргізілуде. Диірмендерге алғашқы кен биыл түседі. Қазір бас кірмежол, қуаты 220 кВ-тық электр байланысы желісі, негізгі өндірістік ғимарат металл құрылғысы, бастапқы ұнтақтау ғимараты, кен қоймасы мен қоюлатқыш аяқталды.
Құны 1,9 миллиард доллар болатын бұл жобада үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Кен қатпарында жол-жөнекей өндірілетін алтын, күміс және молибден сияқты бағалы ілеспе өнімдер де бар. Тау-кен жұмыстары екі ашық карьерде жүргізілетін болады. Осы жоба аясында жылына 25 миллион тонна кен өңдейтін байыту фабрикасы мен өңделетін 5 миллион тонна кенді балшықтан арылтатын зауыттың құрылысы қатар жүргізілді. Карьердегі кен ұнтақтау қондырғысының құрылысы аяқталды. Келешекте кен осында қажетті мөлшерге дейін ұнтақталып, конвейермен комбинатқа жеткізіледі. Мұнда көлемі жағынан әлемдегі ең алып конустық ұнтақтағыштар мен редукторсыз қозғалысқа келетін және екі шарлы диірмен қолданылады.
Жалпы, комбинат пен вахталық қалашықтың құрылысы, инфрақұрылымдар жобаның екінші кезеңінде қарастырылған шаруалар, біріншісі – жобаны сумен және электр қуатымен қамтамасыз ету. Бұл істің басы былтыр қайтарылды.
Құрылыстың қажетін өтеу үшін электр желісі тартылды. Бүгінде электр қуатымен жабдықтаудың негізгі желісі тартылуда. Ол жуырда Екібастұздағы №1 ГРЭС-ке қосылады. Суды Сәтбаев каналынан алады. Сол үшін жалпы ұзындығы 20 шақырымдай арнайы сутаратқыш тартылды.
Болашақ комбинаттан 3 шақырым жерде біржарым мыңдай адам тұратын тұрақты вахталық қалашық салынуда. Онда бірыңғай баспана ғана емес, әлеуметтік нысандар мен жұмыстан қол боста уақыт өткізетін орындар да қарастырылған. Тұрақты вахталық қалашықта операторларға арналған – 16, менеджерлерге – 4, супервайзерлерге 6 үй салынады.
Бозшакөлде бүгінде негізінен мердігер және көмекші мердігер компаниялардан мыңжарымға жуық адам жұмыс істеуде. Қазақмыстықтардың да қатары көбейетін уақыт алыс емес. Келешекте комбинаттың әкімшілік-басқару аппаратында – 226, тау-кен жұмыстарында – 338, ал байыту фабрикасы мен зауытта 807 адам қызмет атқарады.
Жұмыс ауысыммен ұйымдастырылады. Адамдар негізгі міндетіне кірісер алдында толыққанды бағдарлама бойынша қауіпсіздік техникасы талаптарын оқиды. Басшылық құрамында ішінара шетелдік мамандар болады. Шетелдік мамандардың негізгі міндеті – кәсіпорынды ойдағыдай қатарға қосуды қамтамасыз ету, технологиялық процесті ретке келтіру, сосын басқару тізгінін бірте-бірте жергілікті жігіттерге беру.
«KAZ Minerals» тобының баспасөз қызметі таратқан таяудағы деректерге қарағанда Бозшакөл кен орында мамырдың соңында тау-кен жұмыстарына дайындық басталып кетті. Негізгі карьерді игеру қолға алынды. Мұнда үшінші тоқсанның аяғында кен өндіру басталады. Ақтоғай кен орнында тотыққан кенді өндіру басталды.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.