Алматы Ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы атанды
Ислам әлемінің айтулы тұлғалары Алматыда тоғысты. Халықаралық мәжіліске 15 мемлекеттен 100-ден аса беделді сарапшылар, саясаткерлер мен ғалымдар келді. Осылайша биыл Алматы Ислам әлемінің астанасы абыройлы міндетін атқаратын болады.
Мегаполисте басталған «Алматы – 2015 жылғы Ислам мәдениетінің астанасы» халықаралық конференциясы Білім-ғылым, мәдениет істері жөніндегі ислам ұйымдары (ИСЕСКО) бастамасымен осы аттас Жыл шеңберінде өткізіліп жатыр. Шараға мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, қала әкімі Ахметжан Есімов, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына кіретін елдердің мәдениет министрлері қатысты.
Мазасыз әлемді ынтымаққа шақыра келген мәртебелі меймандарды Алматы ыстық ықыласпен, шынайы меймандос көңілмен қарсы алды.
Конференцияны Алматы әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзімен ашып берді.
«Алматының Ислам мәдениетінің астанасы мәртебесіне 2015 жылы Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше атануына 20 жыл толуы кезінде ие болуы есте қаларлық оқиға. Осы жылдар арасында Қазақстан ортақ мүдделер тұғырнамасын құра отырып, мұсылман әлемі елдерімен өзара қатынасты нығайтуға белсенді атсалысып келеді. Біздің елдеріміздің арасындағы мәдениеттегі, ғылымдағы, білім берудегі дәстүрлі гуманитарлық байланыстарды белсенді жаңғырту және дамыту ұзақ мерзімді сәтті ынтымақтастықтың берік негізін қалайды.
Ортағасырлық Ислам мәдениеті өзінің гүлденген дәуірінде Орталық Азия мен Жерорта теңізі халықтарының дамуына өлшеусіз үлес қосқанына тарих куә. Қарапайым әрі әр адамға түсінікті рухани және адамгершілік бағдарларға арқа сүйеп, мейірімділік, жанашырлық сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелей отырып, Ислам әлемдік діндер ретінде көптеген халықтар мен мемлекеттердің рухани бірлігін қамтамасыз етті.
Ислам мәдениетінің астаналары халықаралық жобасы – ИЫҰ-ға қатысушы елдердің мәдени алмасу, гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту және ынтымақтастықты тереңдету әлеуетінің өзектілігін арттыруға үндейді. Ислам мәдениетінің астанасы құрметті атағы тарихи сабақтастықты айшықтап, Алматы қаласына Ислам мәдениетін дамытуға тың серпіліс береді», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Сол сияқты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік мәжілістің күн тәртібі мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысу, тағаттылық, Ислам мәдениетінің бірігуі сияқты өзекті мәселелерді қамтитынына ризашылық білдірген. Елбасы конференцияға қатысушылардың саны мен сапасына сенім артып, олардың жоғары біліктілігі мен талқыланатын тақырыптардың ауқымдылығы қандай да түйткілді мәселелерді терең түсінуге жетелейтінін атаған.
Осыдан кейін Алматы қаласының әкімі А.Есімов осынау алқалы жиынның маңызды екендігін айта отырып, өткен жылы «Алматы – Достастықтың 2014 жылғы мәдени астанасы» атанған кезде де қала тұрғындары мен қонақтары үшін есте қаларлық мәдени оқиғалардың мол болғандығын атады.
– Былтыр алматылықтардың көңілінен шыққан 32 шара өтті. Ал биыл Алматы жаңа мәдени бағдарлама эстафетасын қабылдап отыр, – деді мегаполис басшысы. Сөзінің соңында А.Есімов Алматы тек қаржы орталығы ғана емес, сонымен қатар, түрлі мәдениет тоғысқан орын екендігін әрі мегаполистің діни, ұлттық, этностық толеранттылық үлгісін нақты өмірдің мысалдарымен дәйектеп келе жатқанын жеткізді. Қазіргі кезде қалада 300-ден астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейтіндігін мәлімдеді.
Дін рухани құндылықтарымызды құрайтын болғандықтан, оны мына замана ахуалынан бөліп қарай алмайтынымызға көзіміз жетті. Ақиқатында, дін қазіргі зайырлы қоғамның да ажырамас бөлшегі. Сондықтан, Қазақстанда дінаралық қарым-қатынасты дұрыс жолға қойып отыруға зор мән берілген. Оның ішінде Ислам да басқа діндер сияқты қоғамның ілгерілеуіне үлкен ықпалы бар. Сондықтан да, Қазақстан кезекті рет аласапыран әлемді ынтымақ пен бейбітшілікке шақырудың үнқатысу алаңына айналғалы отыр. Осы тұрғыдан алғанда, 57 мемлекеттің және оның ішінде 1,5 миллиард мұсылманның басын біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы төрт бірдей құрлықты – Азия мен Африканы, Еуропа мен Оңтүстік Американы қатар қамтитынын төрткүл дүние біледі.
Шаһар басшысынан кейін сөз алған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ғ.Ахмедияров осының бәрін саралай келіп:
– Қазақстан – өз тарихын тереңнен алатын мемлекет. Биылғы «Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы жылы» еліміз үшін өте айтулы жыл – Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны қуанышты нышан. Өйткені, қазақстандық тарих пен мәдениет, Ислам тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі, – деді.
Вице-министр Ислам әлемінің астанасы ретінде биыл Алматы кездейсоқ таңдалып алынбағанын, оңтүстік астанамыздың шежіресін тарихпен өре отырып, мегаполис қаламызбен қатар аталатын Түркістан мен Тараздың Еуразия кеңістігіндегі танымалдылығын таратып айтып өтті.
Спикер қазақтың кең даласын керуендерімен жалғаған Ұлы Жібек жолына шола қарап, Іле Алатауының сілемдеріндегі уақыттың ізі сайрап жатқанын сөз етіп, бүгінгі таңда бүкіл Ислам әлемінің ордасына айналған қалада 300-ден астам мәдени ошақтар мен 115 тарихи, архитектуралық ескерткіштер мен монументтер бар екендігін атап көрсетті.
Жоғарыда атап өткендей, конференцияда кезегімен сөз алған танымал тұлғалар мен салиқалы саясаткерлердің сөзі үндес шығып отырды. Сөз кезегінде ақын Олжас Сүлейменов:
– Саясаткерлер ХХІ ғасыр басталғанда ислам өркениеті мен батыс өркениетінің қақтығысы болады деген болжам айтқан еді. Сол кезде Қазақстан ЮНЕСКО-ға келер ғасырды мәдениеттерді жақындастыру жылы деп атауды ұсынған болатын. Халықаралық ұйым бір жылды атауды ұйғарды. Бірақ, ол аз көрінді де, мәдени ынтымақтастықты 10 жылға созу туралы шешім қабылданды. Келер ұрпақ мәдениеттердің іргесі неге ажырап кеткенін білуі керек. Қазір гомосапиенс өкілдері сонымен айналысуда, – деді.
Сонымен, екі күнге созылатын халықаралық конференцияда 40-қа тарта спикер, яғни аса беделді халықаралық ұйымдардың көшбасшылары мен ғалымдар кезегімен сөз алып, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясында халықаралық интеграциялану үрдісін талқылауда. Ислам әлемі елдеріндегі тарих пен мәдениетті зерттеу салаларындағы қалыптасқан ағымдағы ахуалға сараптама жүргізеді. Қысқаша айтқанда, көпжақты мәдени ынтымақтастықтың келешегі төрт бағыт бойынша Алматы қаласының төрт бұрышында өту үстінде.
Үлкен жиын «Интерконтиненталь» қонақүйінде «Ислам ынтымақтастығын ұйымдастыру – мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың негізі» атты секцияда өтті. «Алматының әлемдік Ислам мәдениетіндегі рөлі мен маңызы» атты ауқымды шара Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер мұражайының экспозиция залына ауысты. Ал «Ислам – төзімділік пен рақымшылдық діні» атты секция Алматыдағы Ұлттық кітапхананы таңдаған. Төртінші «Полиэтностық және поликонфессиялық қоғамда діни-мәдени дәстүрлерді жаңарту мен сақтау» атты секция «Интерконтиненталь» қонақүйіне қайта оралды.
Қалай десек те, Қазақстан өркениеттердің тоғысуында, діндердің өзара түсіністік табуында, барыс-келіс пен алыс-берістің артуында аз шара атқарған жоқ. Оған қоса, сан жүздеген жылдары бар тарихымызды да Исламнан бөліп қарамайтындығымыз аян. Сондықтан да, конференцияның ашылу салтанатында сөз алғандар әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларын қазақ жерінде тоғыстыруға қол жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың Ислам дініне қатысты: «Ислам діні – бұл біздің халқымыздың рухани тірегінің бірі. Біздер барлық қазақстандықтардың дініне, этномәдени ерекшеліктеріне қарамастан, жалпыұлттық бірлік пен келісімнің тамаша формуласын жасадық», деген сөзін еске ала отырып, Алматыдағы осынау оңды оқиға сол бастамалардың заңды жалғасы екендігін тілге тиек етті.
Қорыта келгенде, алқалы кездесу ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, Алматының мәдени әлеуетін көтеруге және Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын дәріптеуге, Исламның оң бет-бейнесін сақтауға септігін тигізері сөзсіз.
Кеше халықаралық жиынның нәтижесінде қарар және көптеген ұсынымдар қабылданды. Енді олар мүдделі мемлекеттік органдар мен ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми мекемелеріне жіберілетін болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген
Дәурен ИСАЕВ.