• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2015

Аты аңызға айналған

856 рет
көрсетілді

Айтбек Мұсаевтың еңбек ерлігі – елге мұра Ол кісі туралы Отырар ауданы мен Оңтүстік өңірінде ғана емес, бүкіл байтағыңыздың бірталай жерінде жақсы әңгімелер айтатын аға буын өкілдері баршылық. «Ай, айналайын Айтбек-ай!» – десетіндер көп. Айтбек Мұсаев. Ол Отырар ауданындағы бұрынғы Қарақоңыр, қазіргі Шәмші ауылында туып-өскен. Өткен ғасырыңыздың елуінші жылдары ортасынан ауа орта мектепті бітіріп, оқуға аттанған. Түсе алмай, тұнжырап қайтқан. Қарақоңырға. Шәмші ауылына. Бұл жағдай хақында бүкіл Одағыңызға белгілі «Темір» кеңшарының кемел басшысы, даңқты директоры болған, Социалистік Еңбек Ері атанған Шерім Ермановтың «Мәңгі жастық» атты кітабында былай баян етіледі: «Жұрттың балалары оқуға түсуге әрекет жасап жатқанда сенің қайтып келгенің қалай? Олар әлі-ақ бірі дәрігер, бірі мұғалім, бірі инженер болып шыға келеді. Сен болсаң кежеге тамырың кейін, ауылға қарай тартады!» – деп ренжиді анасы Қызжан. «Он жыл оқып, енді қой бақ!» – бағанадан бері тым-тырыс отырған әкенің де сөзі осы болды. Мархабат БАЙҒҰТ. – Бақсақ, бағамыз да! Еңбек етіп жүріп те оқып, білім аламын! – деп жас қыранша шаңқ ете қалған Айтбек сол құлшынған қайратынан қайтпады. Қайсарлық танытпақтан танбаған. Елу алтыншы жылдың жазында шопан таяғын қолға алған Айтбек Мұсаев бірер жылда ерен еңбектің өнегесін өзгеше көрсетіп, кеңшар көрсеткішін жастық жалынымен біраз биіктетіп үлгерген. Айтбекпен бірге Халила, Дәмелі, Тұрсынбай,  Тұрарбек сияқты бірталай жастар білек түріп, белсеніп шыққан. Олар тек таяқ алып, қой соңында салпақтаған жоқ. Жаңаша еңбектенді. Бәрі де қойда жүріп-ақ тракторшы, шофер, бонитер және қойды қолдан ұрықтандырушы мамандықтарын тез меңгеріп, жылдам игерді. Қора құрылысы, жемшөпті өңдеу, құнарландыру жұмыстарын да өздері атқаратынға айналды. Анасы Қызжан мен әкесі Мұса қосарлана қатты ашуланғанда, өзі оқуға түсе алмастан «құлап» қайтқанда айтқан сөздерін бір сәт те естен шығармаған Айтбек Жамбылдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын сырттай бітіріп алды. Сол Айтбек Мұсаевыңыздың бастамасымен «Темір» кеңшарында бүкіл республика бойынша алғаш рет комсомол-жастардың ірілендірілген шопандар бригадасы құрылды. 1963 жылы осы ірілендірілген шопандар бригадасы әр жүз саулықтан 150 қозыдан алды. Әрбір қаракөл қойынан 3,4 келіден жүн қырықты. Келесі жылы бұл көрсеткіштер 160 қозыға, 3,6 келіге көтерілген. Мемлекетке өткізілген қаракөл елтірісінің 86 пайызы бірінші сұрыппен қабылданды. Шопандар бригадасында жастар қалашығы пайда болды. Ырыскүл Шораева қоғамдық негізде кітапхана жұмысын жүргізді. Айтбектің бастамасымен сол кітапханада газет-журналдарға шыққан небір қызықты мақалалар қызу талқыланып, қазақ қаламгерлерінің жаңа әңгімелері мен повестері, романдары туралы парасатты пікірталастар өрбуші еді-ау... Сол Айтбегіңіздің атақ-даңқы облыс пен республиканы айтпағанда, сол кездегі Сы-Сы-Сырыңызға тарап кетті. Шопандық шеберлігі, майталман маман ретіндегі жаңашылдығы, ізгі ізденістері, тәжірибесі туралы  «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттері ғана емес, Мәскеуден мәністелер басылымдар да жазып жатты. Ал, Алаш жастарының айтулы басылымына, сүйікті газетіне айналған сол кездегі «Лениншіл жаста» Айтбек Мұсаев бас кейіпкер болатын. Осылайша, Айтбек Мұсаевыңыз жиырма жеті жасында сол замандағы ең жоғары награда, ең бірінші орден – Ленин орденін омырауына таққан. Осылайша, ол жыл сайын небір-небір наградалар алатын. «Еңбектегі ерлігі үшін» сияқты толып жатқан медальдар. ХШЖК (ВДНХ) алтын, күміс және қола медальдары. Республикалық, одақтық жоғары органдардың Құрмет грамоталары... Осылайша, отырарлық Айтбек Мұсаевтың аты-жөні Зылиқа Тамшыбаева, Кәмшат Дөненбаева, Жадыра Таспамбетова, Сақан Дәулетқалиев, Серік Талмұрзин, Жансұлтан Демеев, Михил Довжик, Сағат Сәкенова сынды саңлақтармен қатар аталатынға айналған. Қазақтың рух сардарлары санатында саналатын Өзбекәлі Жәнібеков өзінің «Тағдыр тағылымы» кітабында: «Сіздерді түсінсем бұйырмасын. Енді ғана шиыршық атып келе жатқан гүлді жұлуға бола ма? Бөлімше басқаратындар онсыз да баршылық. Ал ірілендірілген, механикаландырылған комсомол-жастар шопандар бригадасына білікті жетекшіні қайдан алмақсыздар? Айтбек болса комсомолдың Орталық Комитетінің мүшесі. Оны басқа қызметке ауыстырарда бізбен алдын ала келісіп алу керек емес пе?» – деп, Отырардағы «Темір» кеңшарының басшыларына қатты ренжігенін жазады. Мұсаевтың да бригада жетекшілігінен кеткісі келмегені кейін анықталған. «Атақты бригадиріңіз Айтбек Социалистік Еңбек Ері, кеңшар директоры  Шерім Ермановтың егделігін, үлкендігін құрмет тұтып қарсылық танытпаған ғой», – дейді зейнеткер Базарбай Момбекұлы. «Тағдыр айдап, 1988 жылы Торғай облысы тараған соң мен ҚКП Орталық Комитетінің жолдамасымен Шымкент облыстық партия комитетінің қарамағына жіберілдім. Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайландым. Кейін ауданның атын халық тілегімен Отырар деп өзгерттік қой, – дейді Мұхамбетқасым Шәкенов. – Шілде айы еді. Ешкімді танымайтын, жаңа ауданға басшы болмақ оңай емес. Әкемнің бала кезімізде: «Аруағыңнан айналайын Арыстанбаб, өзің жар бола гөр» дейтіні жадымда. Шәмші Қалдаяқовтың, Мұхтар Шахановтың, Тәушен Әбуова мен Әселханның, әрине, аты аңызға айналған Айтбек Мұсаевтың аттарын ішімнен айтып, күбірлеймін... Айтбек ағамызбен тез арада таныстым. Ол кісі бас зоотехник екен. Монғолияның батыры атағын да алыпты... Кейін Айтекең «Темір» кеңшарын басқарды. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығын қайран ер қайыспай көтерді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де абзал азамат, абыз аға, қайраткер бола білді. Қазына қарияға айналды. Өкінішке қарай, ортамыздан ойламаған тұста, ертерек кетті...». Қазекең: «Тексіздіктен, көргенсіздіктен сақтағай»дегенді жиірек айтады. Мұ­хам­бет­қа­сым мырза шерткен сырда шынайылық жатыр. Атақты Айтбек Мұсаев нағыз текті­лер тұрпатынан, көргенділер қатарынан-тұғын. Оты­рардайын тарихи тағылымы құнар­лы, құй­қа­лы топырақта туып-өскен. Ең алдымен, еңбек киесін ерте ұғынған еді. Жастайы­­нан-ақ көп оқыған, көп тоқыған тұлға болып қалыптасты. Шәмшідейін ән әулиесі­нің әуенімен тербеліп, жан-жүрегіне сезімтал­дық дарытты. Ылғи да жақсылық пен жайсаң­дықтың, адалдық пен әділдіктің жағынан табыла білді. Атақтың буына алданбады. Мадақтың дақпыртын мал­данбады. Жағымпаздықтан аулақ болды. «Мен «Темір» кеңшарында комсомол комитетінің жетекшісі едім. Өмір жолымда да, еңбек жолымда да Айтекеңе қайран қалып, таңданумен болдым. Алыстағы ауылда, мал шаруашылығында жүріп-ақ Елбасымыздан бастап, Өзбекәлі Жәнібеков сынды басшылармен сыйлас, сырлас болғаны, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, өзін де сыйлата білетін қасиеті қымбат еді», – дейді Сапарбек Мұқанов. Отырардайын киелі топырақ, «Темір» кеңшары, осы аймағыңыздың адамдары, Айтбек туралы кемеңгер суреткеріңіз Мұхтар Әуезов те жазған. Алып жазушыңыз осы өңірді асықпай аралаған. Айтбектейін сезімталдардың көргенділігін көркейткен көптеген көркем ойлылар Отырарыңызға талай-талай келген. Айтбек Мұсаевтың өзі де талай елдерді, шаһарларды аралаған. Өмірінің соңғы жылында «Қазығұрт kz» журналында Айтбек ағамыздың «Қазығұрт қыраны» дейтін дүниесін жариялап едік. Бұл ерекшелеу эсселік туынды негізінен Қалаубек Тұрсынқұловқа арналғанымен, Өзбекәлі Жәнібеков туралы да өзгешелеу толғанысқа  құрылған. «Рахмет, айналайын. Тез жария­лап жіберіпсіңдер», – деген еді Айтекең ақжарылқап күлкісімен ақтарыла күліп. Әдемі де әдепті һәм әсерлі жазылған екен. Шын жүректен шыққан, шынайы шертілген сыр. «Ойда жоқ жерде Нағима жеңгеймен кездестім. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген құп рас екен. Өмірлік жары, жазушы һәм қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың талай рет үйінде болғанымызда қабақ шытпай, ашық-жарқын қарсы алып, әп-сәтте дастарқанын жайнатып қоятын сырбаз жеңгеміз сымбатын әлі жоғалта қоймапты», – деп басталады әлгі эссе. Айтбек ағамыз Қалаубек көкемізбен 1961 жылы Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің пленумында танысыпты. Қалекеңмен  таныстырған Шымкент облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков екен. «Қайран Өзекең жанып тұрған жалын еді ғой... Ал Қалекең үшінші хатшы екен. Сол күні Қалекең пленум делегаттарын мейманханаға орналастырып, қаланы аралатты. Ертесіне пленум ашылып, Қазақстан ЛКСМ ОК бірінші хатшысы Қосай Егізбаев баяндама жасады... Қызылдың құмында комсомол-жастар бригадасын құрып, екпінді майдан – мал шаруашылығын өркендеткен азаматтардың  бірі Айтбек Мұсаев ортамызда отыр деп менің есімімді атады», – деп жазады авторымыз. Сол жиында Өзбекәлі Жәнібеков те Айтбек Мұсаевтың жас шопандар бригадасының озық тәжірибесіне талдау жасап, абыройын асқақтата түсіпті. Пленум соңынан Өзекең мен Қалекең жас шопандар жетекшісін бірінші хатшыға кіргізіп, таныстырады. Әңгіме еркін өрбиді. Қосай Егізбаев: «Бәрі дұрыс қой, бірақ неге оқымай жүрсің?» – дейді де, Мұсаевтың жауабын күтпестен, дереу Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ректорына қоңырау шалып: «Бұл азамат сырттай оқитын болсын» деп тапсырма береді. «Сөйтіп, 1965 жылы оқуға түсіп, 1970 жылы жоғары білімді маман болып шықтым. Жай шопандықтан ферма меңгерушілігіне, одан шаруашылық директоры, кейін ауыл әкімі қызметтерін абыроймен атқардым деп ойлаймын», – деп жазады Айтекең. Өзбекәлі Жәнібеков көп ұзамай-ақ Қазақстан комсомолын басқарады. Қалаубек Тұрсынқұлов обкомолдың бірінші хатшылығына сайланады. «Естен кетпейтін бір сәтім – Өзекең мен Қалекеңнің арқасында мен ЛКСМ съезінде Қазақстан комсомолының туын залға алып келу құрметіне ие болдым. Сонда қасымдағы әріптесім кім еді десеңізші?! Ол – сол кездегі теміртаулық жұмысшы, домнашы, бүгінгі Президентіміз, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Кейде Нұрекеңді теледидардан көрген кезде екеуміздің алғаш Қазақстан комсомолының туын алып келе жатқан сәтіміз, оның съезд мінберінде саңқылдап сөйлеп тұрған кезі көз алдыма келеді», – деп сыр ақтарады Айтбек ағамыз жоғарыда аталған жазбасында. Осы мақаласында, дәлірек діттесек, әсерлі эсселік дүниесінде Айтекең Қазығұрт тауы туралы, оның қыраны һәм құнары атанған қаламгер-қайраткер Қалаубек Тұрсынқұлов туралы терең толғанады. Кешегі кеңестік дәуірде Қаратас, Ленин деп аталған ауданға тарихи, қасиетті Қазығұрт атауын қайтаруға да қажырлы қайрат жұмсаған Қалекең екенін ерекшелепті. Бұл тірлік айтуға ғана оңай, әрине. Әйтпесе, ол уақытта кедергілер мен қиындықтар қат-қабат қасарысатын. Қазығұрт тауы, Қазығұрт атауының сыры, басында кеме қалғандығының ақиқаттығы хақында да Тұрсынқұлов тағылымы қымбат екенін Мұсаевыңыз тұлғалық тебіреніспен дәйектеген. Айтбек Мұсаев туралы сарғайған газеттер мен журналдар қиындыларын, әртүрлі авторлар әдіптеген кітаптарды қарап, оқып отырсаңыз, ең алдымен, Еңбек Адамы деген ұғым бүкіл жан-дүниеңізді баурап алады. Санаңызға сәуле себелей себезгілер. Естелік айтушылардың, очерктер, мақалалар, толғамдар, өлеңдер өрнектеушілердің бәрі Айтбек Мұсаевтың еңбектегі ерлігін, өзінің ауылын, Отырар оазисін, туған өлкесін, Қазақ Елін соншалықты беріле сүйгенін сүйсіне ­баяндайды. Айтекеңнің өзі де ауызекі әңгімеге, ашық сырласуға, салиқалы сұхбатқа аса ықыласты-тұғын. Жазуға һәм өзгеше икемділігін кейінірек, кешірек аңғарыппыз. «Қазығұрт қыранындағы» соңғы сөйлемдерін оқып көріңізші: «Әңгіменің соңында мына бір ұмытылмас жайтті айта кетейін. Алпысыншы жылдары, әлі есімде, бірде Шымкенттегі «Гүлжан» дүкенінің жанында ұлы сазгер, жерлесім Шәмші Қалдаяқовпен кездесіп қалдым. Аман-саулықтан соң Шәкең: – Айтбек, сен менімен бірге жүр. Бұл үйде Қалаубек тұрады, ол мені қонаққа шақырып еді, – деді. – Менің баруым артық емес пе? –  Жоқ, Қалаубек естіп қалса, ренжиді. Маған өкпелейді, неге ертіп келмедің деп. Мен үнсіз келістім. Үйдің кірберісінде Қалекең зайыбы Нағима екеуі жылы жүзбен қуана қарсы алды. Мен мұнда бірінші рет келуім. Қабырғадағы сөрелер кітапқа сіресіп тұр. Дастарқан да дайын екен. Қалекең мен Шәкең бір-бірін сағынып қалған екен, әзіл әңгімелер, анекдоттар ағылды. Маған Нағима жеңгеміз аққудың көгілдіріндей болып көрінді. Ас мәзірі де, кісі күтуі де, киім киісі мен жүріс-тұрысы да, сәні де, ер-азаматтың мәні де – бәрі әйелге байланысты екен-ау деген ой түйдім. Міне, арада жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Нағима жеңгей сырын да, сынын да, сымбатын да жоғалтпай, немере-шөбере сүйіп, әдемі әже атаныпты. Мен соған қуандым». Айтекең толғанысын толығырақ, ұзағырақ келтіргіміз келді. Себебі, бұл үзіндіні толқымай оқу мүмкін емес. Тағылым да тұнып тұр. Бүгінде ұлы Шәмші де, Қалекең де, Өзекең де, өзге көптеген қимас ағалар да мәңгілік мекендерінде. Күні кешелері аты аңызға айналған Айтбек ағамыз да аттанып кете барды. Нағима жеңгейлер сияқты Мұсаевтар әулетінің ұйытқысы болып жүрген «Алтын алқа» иесі Ділдаш апайға, өнегелі өмірлер жалғасындай өскін өрендерге бақ-береке тілейік. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы.