• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2015

Ақ моншақтай үзілген бір тамшы жас

497 рет
көрсетілді

Есіміз кіріп, тәй-тәй басып жүре бастағаннан мен қатарлы ұрпақтың көргені ауыл қыз-келіншектері мен әжелердің көз жасы, көкірегінен шыққан жан күйзелісі. Қайтпас сапарға аттандырған ұлынан келіп жатқан қара қағаз талай аналарды күйретіп кетті. Тым ерте есейдік пе, кім білсін, біздің де балалық шағымыздағы мұңды кезең жүрегімізде жазылмас із қалдырды. Бәрін көріп өстік, көкірегімізге түйіп өстік. – Соғыс басталардан бір күн бұрын екі жас – Кәрібай мен Зейнелдің үйлену тойы дүркіретіп өткізілді.Той иелерінің шаңырағы ортасына түсетінін ол кезде кім қайдан білсін, шымылдығы ашылмаған қалыңдық бір жылдан кейін қара жамылды. Кәрібайдан қара қағаз келіп, алғашқы суық хабарға бүкіл Қызылту болып еңіредік, – деп айтып отыратын әжем Балия. Отау тігіп, шаңырақ көтереміз деген сүйген екі жастың армандары қас қағым сәтте ойран-топан болғаны елдің қабырғасын қайыстырды. Зейнел тәтем жылай-жылай көзден ғаріп болып, тұрмыс құрмай өмірден озды. Ел ақсақалдары Зейнелді арулап алыс сапарға аттандырғанын көзіміз көріп, бала болсақ та үлкендермен біз де сұлу әпкеміздің жарына деген сүйіспеншілігін, махаббатының алдында тазалығын тек сұмырай соғыстың құрбаны болғанын сездік. Бұл шаңырағы ортасына түскен мыңдаған отбасының бірі еді. Біздің әулетімізден әкем Нұрмақ Жүнісовтің үш інісі – Аймағанбет, Әсен Жүнісовтер, Қабыл Қасенов және балдызы, анам Мағрипаның інісі Наурызбай Мұхаметалин де әскер қатарына соғыстың алдыңғы жылдарында алыныпты. Бәрі де Көкшетаудың  Қызылтуынан аттанған. Аймағанбет ағатайымнан біраз уақыт хат-хабар келіп тұрған, жазғандарына қарағанда, Сталинград түбінде соғысса, Днепр өзенін қорғауда қаза тапқанға ұқсайды. Соңғы хатында «қанға бөккен, өліп жатқан жауынгерлерден аяқ алып жүргісіз, екі жерден жараландым, жанымдағы жолдастарымнан жаным артық емес, өліспей беріспейміз, от-жалынға оранған қаланы қайтсек те қорғаймыз, Отан үшін жан пида» деп жазыпты. Содан  кейін хабар болмаған. Белгілі француз тарихшысы А.Верд: «Қызыл армияның табанды жауынгерлерінің көбі қазақтар еді. Соғыстың басында қазақтар өздерін ең жақсы жағынан көрсетті. Сталинградта үздік жауынгерлер қатарында қазақтар болды», деп біздің әке, аталарымыздың мерейін, батырлығын одан сайын аспандатты. Соның бірі менің ағатайым Аймағанбет  те өлімнен қорықпай, ел үшін қаза тапты. Соғыстан бұрын Аймағанбет ағатайым сыпайы, биязы, артық сөзі жоқ, көзінен адамға деген жылылық сезіліп тұратын Әлима аптайыммен көңіл қосыпты. – Аптайымның соңынан жеті-сегіз жасында еріп келген Қазтай өгейсітпей бауырына басқан ағатайымды туған әкесіндей көрген. Анасының қалауымен баланың фамилиясын Жүнісов атына түсірген. Орнында бар оңалар демекші, Қазтаймен әке орнындағы үлкен аға ретінде сыйласып келеміз. Қазтай ағатайым мен Шәйзат жеңгемізден тараған жеті-сегіз баланың бәрі  Жүнісовтер. Әсен ағатайымнан «Украина жеріндегі майдан шебінен өтіп барамыз» деген хаттар келіп тұрған. Құдайға тәубешілігін айтып, «әйтеуір, бір жерінен кем болып келсе де, құлыным елге аман оралса арманым жоқ, балаларымның алдында құрбан болайын», деп зар илеген Балия әжемнің қолына төртбұрышты хатты әкелген пошташы да өзін кінәлағандай есіктен басын сұғып ілгері жылжымай қатып қалды. Ақ кимешегінің омырауын көз жасымен жуған әженің бүйірін таянып, «Аллаға не жаздым, екі баламнан айырып», деген ащы, зарлы дауысына шыдамай, Сәкен ағам мені жетектеп далаға шығып, көз жасын мөлтілдеткен ағаммен мен де қоса жыладым. Бір жаманшылық болғанын бала жүрегім сезді. Ойы ұшқыр, көңілі кең, сабаққа алғыр, зерек, өзінен өзгені көп ойлайтын Қабыл Қасенов он жеті жасында Қызылту ауданындағы Кішкенекөл орта мектебінің үздік оқушысы атанып қоймай, өзімен қатарлас құрбы-құрдастарына математика, орыс тілі, тарих, қазақ әдебиетінен дәріс берген, одан қалды ақындық қабілеті сол кезден-ақ байқалған. Соғысқа бірге аттанып, еліне аман оралған Жүніс Біләлов ағай ақындығын сөз еткенде, әттең, тірі болса, талайларды шаңына жұқтырмас мықты ақынның бірі болар еді. Шіркін, қыршынынан қиылған боздақтардың бірі, не істерсің зұлым соғысқа, дегенде көздеріне жас үйірілетін. Қабылдың соғысқа дейін «Өлім мен өмір» поэмасын жан-жарынан айырылған жас келіншектер, баласынан айырылған аналар көшіріп аламыз деп қолдан қолға кеткен латын әріптерімен жазылған қоңыр дәптер үштығайым жоғалды. Қаншама іздестіргенмен табылмаған қоңыр дәптер Қабыл мұрасына жасалған қиянат еді. Соғыстан бұрын Қабыл қыс бойы үйде отырмайтын көрінеді. Қызылтудың қара суық аязына қарамай үстіне ақ жамылғы жауып, ақшақардың үстінде отырып, жортып бара жатқан қоян, түлкіні шолақ мылтығымен мүлт жібермейді екен. «Қолындағы олжасын әкелген күйде тұрмысы төмен отбастарына таратып батасын алушы еді, кім білсін, сол қояндардың қарғысы ма, Қабылымның соғыстан оралмағаны», – деп көз жасын тыя алмайтын анам. Жалпы, Қабыл ағатай мергендігімен сол кезде-ақ ауызға іліккен. Алпысыншы жылдары соғысқа Қабыл ағатайыммен бірге аттанған қызылтулық капитан Михаил Бухонконы іздеп бардым: – Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтардан құрылған 312-316 атқыштар дивизиясы ең қатерлі бағытқа орналасты. Бөлімшенің көбі қазақстандықтардан құрылған-ды. Осы шайқаста алдыңғы шепке мергендер қойылды. Соның бірінде Қабылдың болғанын көрдім, үстінде ақ тоны бар Қабыл менімен құшақтасып (бір жерденбіз ғой, іш тартатынбыз), менен бұрын елге жетсең, сәлем айт, аптайымды сағындым, деп көзіне жас алды, – деді ол. Аптайым дегені менің анам – Мағрипа. Михаил сол шайқаста жараланып елге қайтқан. Егер Әсен, Аймағанбет Жүнісовтер мен Қабыл Қасеновті суреттері арқылы танитын  немесе шырамытқан жандар болса, маған хабарласуларыңызды өтінемін – (Авт): Күні-түні жылаудан көз ашпайтын әжем Күніштің қас-қабағына қарап, майданға кеткен Наурызбай нағашымның аман-есен оралуын әжемнен кем тілемеген шығармын. Жүзінде жылылық азайған, жүрегін мұң басқан әжені төрт жастағы сәби несімен қуантып, несімен жұбатсын? Күлбан апамның әкеліп берген шұбар табақ­шаларына нанның қиқымын салып той жасаймын. – Апа, апа (әжемді осылай атаймын) қарашы, айропланнан әйем (нағашым) түсіп жатыр. Қазір той басталады, – деймін. Апам да құлындап, ой, сәбиім, айтқаның Алланың құлағына шалынсын, саған періште айтқызып тұрған шығар, майқұйрық бол, деп көзінің жасын сығып алатын. Күндегі ойынымның түрі. Ананың Алладан еңіреп жүріп тілеген тілегі ме, әлде пәк сәбидің шын жүрегінен ырымдағаны ма, әлде табақшасындағы нанның киесі ме?.. Хабарсыз кеткен Наурызбай нағашым Балтық жағалауындағы қырғын шайқаста басынан ауыр жарақат алған. Бір сантиметрдей ми сүйегіне жетпей қалған оқты хирург-дәрігердің ептілікпен жасаған отасының арқасында жарты жылдай госпитальда емделіп, елге оралды. Оқ тескен шекесіндегі ойыққа сұқ саусағымды кіргізіп ойнайтынмын, шіркін, балалық. Жылап жүріп баласының амандығын тілеген Күніш әжем Наурызбай Мұхаметәліұлынан бес-алты немере сүйіп, өмірден озды. Ел тұрмысының құлдырап кетпеуіне қырағылықпен басшылық жасап, халыққа қамқоршы болатын, қолынан іс келетін коммунист азаматтар соғысқа жіберілмей, тылда қалды. Саясат сондай еді. Солардың бірі менің әкем Нұрмақ Жүнісов болатын. Өзінен қалған деректі қағаздарды қарап отырсам, сол кезде Қызылту ауданының оқу бөлімін басқарған. Әкем Нұрмақ Қызылтудан шалғай ауыл-аймақтардағы бастауыш, жеті жылдық мектептердің жабылып қалмауын, отын-суымен қамтамасыз етілуін, жетім-жесір балалардың аш-жалаңаш, мектепке тартылмай сауатсыз қалмауын қадағалау, әйтеуір ұшан-теңіз жұмыстың басы-қасында жүретін. Әкемді үйде сирек көретінмін. Халықтың жағдай-тұрмысын өзінен, өзінің отбасынан кем көрмейтін қабағы қатыңқы, іші жалын, түсі суық Нұрмақ Отан соғысында қыршын кеткен үш інісінің қайғысын елімен бірге көтере білді. Ер азаматтың басына түскен ауыр жүк еңсесін түсірмеді. Нұрмақтың еңбегін бағалаған құрбы-құрдастары, көзкөргендер, шіркін, Нұрекеңнің қайсар, қайраттылығының арқасында сауатсыздықтың қамытын арқаламай, мектеп бітірдік. Қиыншылықтан алып шыққан Нұрекеңе алғысымыз шексіз дейтін. Бұл сөзді естіген Нұрмақтың үлкенді-кішілі балалары марқайып қалатынбыз. Соғыс жылдарында ауыртпалықтың көбі жергілікті басшылық орындарындағы қызметкер әйелдерге түсті. Менің анам Мұхаметәліқызы Мағрипа мен Тұрсынқожақызы Фатиха Қызылту аудандық атқару комитетінің насихат бөлімінде соғыс аяқталғанша қызмет етті. Анам мен Фатиха тәтеміз майданға кеткен балаларының соңынан аңыраған аналар мен жар құшағынан айырылған әйелдердің қам көңілін сергітіп, жұбаныш болар, намыс-жігерін қамшылар ақыл-кеңес, үгіт-насихатпен қысы-жазы ауыл-ауылды аралап, елмен бірге болды. Елде қалған шал-кемпір, қатын-қалаш та бір кісідей жұмылып:  «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін», деп тыным таппай күні-түні жұмыс істеді. Күндізгі ауыр жұмыстан кейін түні бойы білте шамның жарығымен Дәметкен, Сұлу, Мүгілсім, Марфуға, Шәрбан, Нұржиян «Бәрі майданға» үндеуімен жауынгерлерге биялай-қолғап, шұлық тоқып, теріден тон, құлақшын тігетін. Алыстағы бауырларын, жарын көз жастарымен бұлай отырып, сағыныштарын әнмен жеткізуші еді. Көрші Закария ата соғысқа аттанғанда соңында үш баласы мен анасы, үйдің бас көтерері Гүлсім апа қалды. Аурушаң Гүлсім апа балаларын аш-жалаңаш қалдырмауға бел буып, кәрі-құртаң шалдарды ертіп, өгіз жеккен арбамен алыстан тұз тасыды. Қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей, елінің мұқтажына  жараған Гүлсім ананың тылдағы еңбегін оңай деп атай аламыз ба? Жүніс әулетінің үш бірдей азаматының шаңырағы құрылмай, керегесі керілмей қалды. Майданға аттанар алдында жөргекке оралған бір жапырақ менің маңдайымнан иіскеген сәтте, ақ моншақтай үзіліп түскен көз жастың кермек дәмі жетпіс жыл бойы ұмытылмақ емес, ұмытылар емес. Роза ЖҮНІСОВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Суретте: Аймағанбет, Әсен Жүнісовтер.