• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Тамыз, 2015

Керекудегі қымызмұрындық

586 рет
көрсетілді

Желіге құлын байлап, бие сауған қазақтың қымызға қатысты өзіндік игі дәстүрлері бар. Солардың бірі – қымызмұрындық мерекесі. Таяуда Павлодарда ұлттық құндылықты дәріптейтін осынау шара кең көлемде аталып өтілді. Қалалық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылған мерекеде 250 литрден астам қымыз ішілді. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық сусыннан дәм татып қана қоймай, қымыздың тарихы мен пайдасы туралы мол мағлұматтар алды. Шара барысында облыс­тың Қашыр, Успен, Май жә­не Павлодар аудандары мен Ақсу қаласының қы­мыз дайындаушылары саябақта арнайы киіз үйлер тігіп, келушілерге қызмет көрсетті. Әр киіз үйде қы­мыз­мұрындықтың тарихы, қымызға қатысты басқа да қызықты деректер айтылды. Мерекеге қатысқан әр аудан 30 литрден қымыз алып келген. Ең көп өнім әкелген Төлеу Құшманова басшылық жасайтын «Сағып» шаруа қожалығы болды. Облыс бойынша ірі қымыз өндіруші болып саналатын бұл қожалық аталған мерекеге 100 литр өнім алып келді. Мұндай деректі осы шараның өтуіне басты мұрындық болған – Мұсылман әйелдер лигасының төрайымы Бақытжамал Максилова жет­кізді. Сонымен қатар, ұйым­дас­тырушылар мәдени-та­нымдық бағдарламалар не­гізінде бірқатар игі істерді жүзеге асырды. Солардың қата­рында Май ауданы өт­кізген кітап көрмесі де бар. Кітап­ханашы Ақмарал Нәж­миде­нованың сөзіне қарағанда, қы­мызға қатысты көне ұлттық дәстүрлер баяндалған 30-дан ас­там кітап халық назарына ұсынылған. Алғаш рет қымыз­мұ­рын­дық мерекесі облыс орта­лы­ғында осыдан бірнеше жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. Сол кезде жергілікті әкім­дік пен халық тарапынан қол­дау тапқан шара бүгінде пав­лодарлықтардың дәстүрлі мерекесіне айналды. Ерекше айтып өтетін жайт, Павлодар өңірінде ауыл­­­ша­руашылық өнімдерін өнді­рушілер арасында қымыз дай­ын­даушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Облыс әкі­­мінің орынбасары Нұржан Әшім­бетовтің айтуынша, қазіргі таң­да аймақта 110 мың жылқы бар. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».