• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:02

Ұлытау жұртшылығы конституциялық реформаны қолдады

10 рет
көрсетілді

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті. Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Кездесуге депутаттар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, білім беру саласының мамандары және өңір тұрғындары қатысты.

Аталған топтың қатысуымен Жез­қаз­ған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында жиын өтті.

Іс-шарада Үкімет басшысының орынбасары жаңа Конституция жобасында білім беру, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға, сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған нормаларға ерекше назар аударды.

«Жаңа Конституцияда ұлттық мәде­ниетті дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау сияқты мәселелер де нақты көрініс тапқан. Мұның бәрі ұлттық болмысымызды сақтауға және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам деп білемін. Жоба аясында білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамытуға ерекше назар аударылады. Қазіргі заманда адам капиталы – кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы. Қуатты мемлекеттің тірегі – озық ойлы ұлт, дамыған мәдениет және жоғары зият­керлік әлеует», деді А.Балаева.

Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция жобасы іргелі демократиялық қағидаттарды нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Соның ішінде сөз бостандығына кепілдік беру мәселесі ерекше көрсетілген.

«Жаңа Конституция жобасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сөз бостандығына толық кепілдік береді. Ұсынылып отырған нормалар сөз бостандығын шектеуге емес, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке өмірін қорғауға бағытталған. Ең бас-тысы, негізгі қағида өзгеріссіз қалады. Конституцияда сөз бостандығына кепілдік беріледі және цензураға тыйым салынады. Сөз бостандығы мәселесіне тек журналистиканы дамыту тұрғысынан ғана қарауға болмайды. Қазіргі ашық қоғамда әркім өз ойын еркін білдіре алады, бірақ бұл құқық кең мүмкіндіктермен қатар белгілі бір жауапкершілікті де талап етеді. Әрине, қоғамда әртүрлі пікірдің айтылуы – қалыпты құбылыс. Дегенмен қандай сын айтылса да, тұтас бір халықты кемсітіп немесе оның болашағына күмән келтіретін тұжырымдар жасау дұрыс емес. Қазақ халқы – ғасырлар бойы талай тарихи сыннан өтіп, тілін, мәдениетін және ұлттық болмысын сақтап қалған халық. Ең бастысы, Президентіміз айтқандай, тәуелсіздік – бәрінен де қымбат құндылық. Тәуелсіздік бізге кездейсоқ келген жоқ, ата-бабамыздың күресі мен қаншама боздақтарымыздың еңбегінің нәтижесінде келді. Сондықтан оның қадірін төмендетуге немесе жоққа шығаруға болмайды. Ең маңыздысы – қоғамды бөлетін емес, біріктіретін ой айту, ұлт болып ауызбірлігімізді сақтап, татулық пен өзара сыйластық арқылы ортақ мүддемізді қорғау», деді А.Балаева.

Сөз соңында Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция жоба­сының қоғамда кең талқылануы ел­дегі саяси мәдениет пен азаматтық жауап­кершіліктің арта түскенінің айқын көрі­нісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер әділетті мемлекеттік құрылым қағидаттарын ны­ғайтуға, билік институттарына деген сенімді арттыруға және Қазақстанның орнық­ты дамуын қамтамасыз етуге бағыт­талған.

«Қазіргі кезде жаңа Конституция туралы қоғамда түрлі пікір айтылып жатыр. Бұл – қалыпты құбылыс. Өйткені азаматтардың Ата заңның әрбір бабына үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын талқылауы қоғамның саяси мәдениетінің өскенін, азаматтық жауап­кершіліктің күшейгенін көрсетеді. Жасы­ратыны жоқ, Конституцияға енгізілген өзгерістерді Президенттің билігін күшейту әрекеті деп бағалап жатқандар да бар. Алайда бұл пікірдің еш негізі жоқ. Жаңа Конституцияда Президент өкілеттігіне белгілі бір шектеулер енгізілген. Мәселен, жаңа Конституцияға сәйкес Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланады, сондай-ақ оның жақын туыстары жоғары мемлекеттік қызметтерге тағайындала алмайды. Шын мәнінде, Мем­лекет басшысы суперпрезиденттік модельге мұқтаж емес. Керісінше, бүгін­гідей аумалы-төкпелі, күрделі геосаяси кезеңде бізге елдің тыныштығы мен тұрақты дамуына кепіл бола алатын, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятын Қасым-Жомарт Тоқаевтай Президент қажет», деді ол.

Кездесуде Жалпыұлттық коалиция өкілдері – Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Серік Ақылбай, ғалым, қоғам қайраткері Нұрлан Дулатбеков сөз сөйледі. Спи­кер­лер өз баяндамаларында ұсынылып отыр­ған өзгерістер қоғамдық келісім мен тұ­рақтылықты нығайтуға қосымша жағдай жасайтынын, сондай-ақ азамат­тардың елдің қоғамдық және саяси өміріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.

Бұдан соң Жезқазған қаласындағы «Kazakhmys Smelting» компаниясына қарасты «Kazkat» зауытының алаңында кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өтті. Өңірге келген коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары мен 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдумның маңызы туралы айтып берді.

Еңбек ұжымымен кездесуде Аида Балаева жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаты адам құқықтары мен бос­тан­дықтарының, сондай-ақ оның қауіп­сіздігінің басымдығын қамтамасыз ету және еңбеккерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту екенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияның өзегінде адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қауіпсіздігі тұр. Өнеркәсіп саласы үшін еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормалардың маңызы ерекше. Ата заң еңбек ету құқығын, қауіпсіз еңбек жағдайларын және кемсітусіз әділ еңбекақы алуды бекітеді. Бұл нормалар өндірістік жарақаттану деңге­йін төмендетуге және жұмысшылар­дың денсаулығын сақтауға бағытталған. Яғни еңбек жағдайлары үшін жұмыс беруші мен мемлекеттің жауапкерші­лігі ең жоғары деңгейде – Конституция деңгейінде бекітіледі. Заң үстемдігі қағидаты орныққан елде болжамдылық жоғары болады, тәуекел азаяды, ер­теңге деген сенім күшейеді. Ал бұл өз кезегінде кәсіпорындардың дамуына және жұмысшылар отбасыларының әл-ауқатының артуына жаңа мүмкіндіктер ашады», деді вице-премьер.

Қатысушылар ірі өндірістік ұжымдар үшін конституциялық реформаның тек саяси оқиға емес, сонымен қатар жұмысшылардың күнделікті өмірімен, кәсіпорындардың тұрақтылығымен, еңбек құқықтарының қорғалуымен және ертеңге деген сеніммен тікелей байланысты маңызды шешім екенін атап өтті. Сондықтан талқылау барысында қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік шешімдердің болжамдылығы сияқты нормаларға ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында мемлекеттік-қоғамдық, сарапшылар және ғылыми қауымдастықтар өкілдері де сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында жаңа Консти­туция жобасының құқықтық маңы­зын, оның әділеттілік пен заңдылық қағи­даттарын нығайтудағы рөлін, сондай-ақ референдумның халықтың тікелей өз пікірін білдіру тетігі ретіндегі мәнін атап өтіп, азаматтардың оған саналы түрде қатысуының маңыздылығына тоқталды.

Кәсіпорын ұжымының ұстанымын «Kazkat» зауытының қызметкері Алтынай Алпамысова білдіріп, еңбек адамы өнді­рістік тетіктің бір бөлшегі ретінде емес, мемлекеттің тірегі әрі оның басты құндылығы ретінде қабылдануға тиіс екенін атап өтті.

Жалпыұлттық коалиция мүшелері Сәтбаев қаласындағы «Анненская» шах­тасының жұмысшыларымен де кездесті. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы еңбек адамына, өндірістегі қауіпсіздікке, әділ қағидаттарға және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауап­кершілігіне тікелей қатысты нормаларға ерекше назар аударылды.

Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция жобасы ең алдымен, азаматтардың мүддесіне бағытталғанын және еңбек ұжымдары үшін айрықша маңызды құндылықтарды бекітетінін атап өтті.

«Жоба мазмұнының мәні ең алдымен, преамбуладан көрініс табады. Ол «Біз, Қазақстанның біртұтас халқы…» деген сөздермен басталады. Бұл – маңызды әрі терең мағынасы бар тұжырым. Яғни елдің болашағын айқындайтын басты құжаттың негізінде халықтың еркі жатыр деген сөз. Демек мемлекет қалай дамитынына бәріміз де ортақ жауаптымыз. Преамбулада еңбек адамдарына ерекше жақын құндылықтар көрініс тапқан. Атап айтқанда, еңбек пен білімге құрмет, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік, «Заң мен Тәртіп» қағидаты, әділдік пен орнықты даму – бәріміз үшін аса маңызды құндылықтар. Шахтадағы еңбек тұрғысынан қарасақ, бұл қағидалардың мәні айрықша түсінікті. Тәртіп пен талап болмаса, қауіпсіздік болмайды. Ал әділ ереже мен жауапкершілік болмаса, ұжымда да, қоғамда да сенім болмайды», деді А.Балаева.

Кездесуге қатысушылар өнеркәсіптік өңір үшін, сондай-ақ «Анненская» шахтасы сияқты кәсіпорындар үшін еңбек қауіпсіздігіне, өндірістік тәртіпке, ережелердің болжамдылығына және жұмыс­шы мамандықтарына құрмет көр­сетуге қатысты нормалардың ерек­ше маңызға ие екенін атап өтті. Әңгі­ме бары­сында жаңа Конституция жоба­сын­да еңбек жағдайларының тиіс­ті дең­гейде қамтамасыз етілуі үшін жауап­­кершілік анағұрлым нақты айқын­дала­тыны, ал өндірістегі қауіпсіздік қазіргі заманғы әлеуметтік саясаттың негізгі стандарттарының бірі ретінде қарастырылатыны атап өтілді. Сондай-ақ өнеркәсіп саласы бетпе-бет келіп отырған заманауи сын-қатерлерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өндірісті цифр­ландыру, автоматтандыру, мониторинг жүргізу және азаматтардың цифр­лық ортадағы құқықтарын қорғау мәселе­лері сөз болды.

Кездесу барысында өндіріс өкілдері де сөз сөйлеп, еңбек ұжымының ұстанымын білдірді. Олар кеншілер қауымы үшін ең алдымен өндірістегі қауіпсіздік, тәртіп, әлеуметтік қорғалу және еңбек адамына деген құрмет айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Жиын соңында алдағы референдум азаматтардың ел болашағын айқындауға тікелей қатысуының маңызды кезеңі болатыны айтылды. Еңбек ұжымдары­ның бұл бастаманы қолдауы қоғамның конституциялық өзгерістерге деген жоғары қызығушылығы мен белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсетеді.

Осы күні жалпыұлттық коалиция мүшелері Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейі ұжымымен кездесті. Жиын барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесін дамыту, зайырлы білім беру қа­ғи­даттарын нығайту және барлық бала­лар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасында Қазақстандағы білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты нақты әрі анық көрсетілген. Бұл норманы дұрыс түсіну өте маңызды. Ол ешқандай жағдайда дінге қарсы бағытталмаған және азаматтардың ар-ождан бостандығын шектемейді. Мәселе – мемлекеттік мектептің барлық бала үшін тең әрі бейтарап білім беру кеңістігі болып қалуында. Яғни әрбір бала, оның отбасылық немесе діни көзқарасына қарамастан, әділдік пен тең мүмкіндіктерге негізделген ортада білім алуға тиіс. Ал білім беру стандарты барлық оқушы үшін ортақ әрі бірдей болуы қажет. Сонымен қатар білім беру саласындағы негізгі кепілдіктер толығымен сақталады. Бұдан бөлек, жаңа норма бұрынғыдан да кеңейіп отыр. Егер қолданыстағы Конституцияда міндетті орта білім туралы айтылса, жаңа жобада міндетті білім беру тек орта біліммен шектелмей, бастауыш білімнің де міндеттілігі нақты бекітіледі. Шын мәнінде, мемлекетіміз әрбір баланың білім алуына ең алғашқы қадамынан бастап жауапты дегенді білдіреді. Яғни білімнің базалық деңгейі барлық бала үшін қамтамасыз етілуге тиіс. Жалпы алғанда, Конституция жобасының мәні тек жекелеген нормалармен ғана шектелмейді. Оның негізгі идеясы әлдеқайда кең. Жаңа мемлекеттік модельдің негізгі өзегінде адам және оның игілігі тұр. Ал елдің болашағы ең алдымен, адам капиталының сапасына, білім деңгейіне және азаматтардың жасампаз әлеуетіне байланысты екені айқын көрсетілген. Сондықтан білім беру жүйесін дамыту, ғылымды қолдау және инновацияны ілгерілету еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде нақты бекітіліп отыр», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар