• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 13:29

Тұздыбастауда ұлттық мұралар ұлықталды

100 рет
көрсетілді

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ел аумағындағы білім ошақтарында салт-санамызды дәріптеген түрлі іс-шаралар легі жалғасып жатыр. Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылындағы Әл-Фараби атындағы №31 жалпы білім беретін орта мектепте «Ұлт коды: Өнердегі өрнек» атты ауқымды шара бастау алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рухани құндылықтарымызды айшықтаған жобада мәдени мұраларымыз насихатталып, мектеп ауласына жиналған қонақтарды ұлттық дәстүрге сай қарсы алу рәсімі өтті. Ақ кимешек киген әжелер шашу шашып, ақжарма тілегін арнаса, ақсақалдар бата беріп жастарға өнеге көрсетті. Қазақы қонақжайлықтың үлгісі ретінде келген қонақтар ұлттық дәмнен ауыз тиіп, көне дәстүрдің көркем үлгісін сезінді.

Елімізде жалпыхалықтық Наурызнама онкүндігі басталды

Мерекелік алаңда оқушылардың қатысуымен асық ату, арқан тартыс, қазақша күрес, бөренеге шығу сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Арнайы ұсынылған этно-көрме келушілерге ерекше әсер сыйлады. Көрмеде ұлттық ою-өрнек композициялары, қолөнер шеберлерінің туындылары көрсетіліп, мектеп оқушылары мен ұстаздары ән мен күйден шашу шашты.

Шара барысында сөз алған мектеп директоры Анаргүл Мәндібаева Наурызнама онкүндігінің тәрбиелік маңызына тоқталып, айтулы бастама оқушылар үшін өмірлік құндылықтарды бойға сіңіретін үлкен тәрбие мектебі екенін атап өтті.

«Наурызнама онкүндігі – ұлттың жады мен жаңғыруының тоғысқан тұсы, дәстүр мен бүгіннің арасын жалғаған рухани көпір. Бұл кезең тек мерекелік думанмен шектелмей, әр күннің өзіндік мазмұны арқылы қоғамға, әсіресе жас ұрпаққа терең тағылым ұсынады. Оқушыларымыз үшін Наурызнама – тәрбие мектебі. Мұнда олар үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, табиғатпен үйлесімде өмір сүру, еңбек пен бірліктің қадірін түсіну секілді өмірлік маңызды қағидаларды бойына сіңіреді. Әр күннің мазмұны – бір-бір өнеге: қайырымдылық, ұлттық өнер, тазалық, татулық, жаңару. Бұл ұғымдар жасөспірім санасында елдік пен адамгершіліктің іргетасын қалайды. Сонымен қатар, Наурызнама – жастардың ұлттық болмысын тануына жол ашатын алаң. Заманауи жаһандану дәуірінде төл мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, ұлттық кодты сақтаудың маңызын ұғындырады. Домбыра үні, ұлттық ойындар, дәстүрлі тағамдар мен әдет-ғұрыптар – бәрі де жас ұрпақтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік ұялатады. Біздің мектебімізде қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде білім беріледі. Іс-шараның бір мақсаты олардың бәріне ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тағылымын таныту», дейді Әл-Фараби атындағы №31 орта мектептің директоры Анаргүл Мәндібаева.

Дәстүрлі өнерге арналған шеберлік сағаттары бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігіне айналды. Мұнда қонақтар домбыра жасау, қыш құмыра дайындау, киіз басу, ши тоқу сияқты ұлттық қолөнер бағыттарымен танысып, шеберлердің жұмысына тәнті болды. Білікті ұстаз Қайырғали Атабайұлы жетекшілік ететін «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің жеткіншектері ерекше ойын тәсілін көрсетті. «Бұл бөлім дәстүрлі өнердің қыр-сырын заманауи форматта көрсетуге бағытталған», дейді ұстаздар.

Іс-шарада Талғар аудандық әдістемелік орталығының әдіскері Анар Әбеуова ғасырға жуық тарихы бар мектептің тағылымды тәжірибесіне жоғары баға беріп, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, «Екі жұлдыз» ән байқауымен жалғасын тапты.

Алматыда Наурыз мерекесіне орай «Nauryz Sale» акциясы өтеді

Соңғы жаңалықтар