Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заңының жобасы екінші оқылымда қаралды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген Конституциялық заң жобасы жаңа шаһардың орнықты дамуына қажетті құқықтық және экономикалық жағдайлар жасауға бағытталған. Маңызды құжат 20 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған еді. Осы заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында Бірлескен комиссия Парламент депутаттары мен тұрақты комитеттерінің ұсыныстарын қарап, жан-жақты талқылады.
Алқалы жиында Бірлескен комиссия төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов баяндама жасап, ұсыныстар негізінде заң жобасының нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкестендірілгенін мәлімдеді. Айталық, заң жобасының атауы енді «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы болып өзгертілді. Сондай-ақ Алатау қаласының даму келешегін ескере отырып, арнаулы құқықтық режімнің жекелеген ережелерін қала маңындағы аймақта да қолдану мүмкіндігі нақтыланды.
– Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары мен инвестициялық ынталандыру шараларын айқындайтын «Алатау қаласының басым салалары», «бизнес-лицензия», «реттеуші рұқсат», «салықтық преференция» сияқты жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл ретте бизнес-лицензия резиденттерге Алатау қаласының аумағында қызметін жүзеге асыру құқығын бере отырып, осындай қызметті жүзеге асырудың түрлері мен шарттарын айқындайды. Инвестициялық жобалар бойынша салық режімінің тұрақты болуына «қаржылық орнықтылық» және ашықтық қағидаттары күшейтілді. Инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде инвестициялық міндеттемелердің сомалары, берілген жеңілдіктер мен преференциялар туралы мәліметтер ашық түрде қолжетімді болатындай орналастырылуға тиіс. Сонымен қатар цифрлық бастапқылық қағидатын жетілдіру мақсатында депутаттардың түзетулерімен қала шаруашылығы салаларының, яғни абаттандырудың, инженерлік, көліктік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйелерінің барлық дерегі бірыңғай цифрлық платформада болады деп бекітілді, – деді Н.Сабильянов.
Осы орайда депутат кәсіпкерлер мен инвесторлар құқықтарының қорғалуын күшейтуге ерекше назар аударылғанын, бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуді тек Бас прокуратура органдарының жүргізе алатыны туралы норма енгізілгенін, бұл іскерлік ортаның тұрақты әрі болжамды болуына қосымша кепілдік беретінін атап өтті.
Бұған қоса еліміздің негізгі аумағында, оның ішінде өндірістік-өткізу тізбектерінің жекелеген элементтерін қалаға көшіру есебінен бизнесті қолдау үшін салықтық преференцияларды пайдалану мүмкіндігін болғызбайтын түзетулер егжей-тегжей пысықталып, бекітілді. Бұл ретте депутаттар экономикалық аймақтар жұмыс істейтін үздік халықаралық тәжірибелерді, соның ішінде Шэньчжэнь сияқты Қытайдың арнайы экономикалық аймақтарының тәжірибесін негізге алыпты.
Келесі түзетулер бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейтуге қатысты болды. Енді Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Құрылтайға ұсынылатын жыл сайынғы есептерінің ішіне Алатау қаласы әкімшілігінің республикалық бюджетті атқаруы туралы есебі енгізіледі. Сондай-ақ әкімшіліктің бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті интернет-ресурстарда жариялап отыруға міндеттеу қарастырылды. Сонымен қатар әкімшіліктің және әкімшілікті басқарудың жоғарғы алқалы органы ретіндегі Кеңестің құқықтық жағдайы нақтыланды. Алатаудың арнаулы құқықтық режімінің негізгі мәселелері бойынша шешімдерді Кеңестің қабылдайтыны туралы қағидат та ұсынылды.
Депутаттардың түзетулерінде Әкімшіліктің лауазымды адамдарының (бас атқарушы директор мен әкімшілік қызметшілерінің), сондай-ақ Алатау қаласының әкімі мен оның орынбасарларының өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігін енгізу көзделді. Одан бөлек, әкімшілік актілеріне сот тәртібімен шағым жасау және олардың күшін жою мүмкіндігі нақтыланып жатыр. Мұндай жағдай әкімшілік актілер Конституциялық заңның қағидаттары мен ережелеріне сәйкес келмеген кезде орын алуы мүмкін.
Сонымен қатар «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының басшысы – депутат Ерлан Әбдиев халықтың жүріп-тұруы шектелген топтарының қала ішінде еркін қозғалысына қолайлы жағдай жасауға қатысты түзетулер енгізді. Бұған қоса ол сәулет және қала құрылысы қызметін реттеу кезінде инклюзивті әрі жайлы орта қалыптастыру мақсатында универсалды дизайнды қолдануды да ұсынады.
Парламент депутаттары енгізген тағы бір маңызды түзету – қоршаған ортаны қорғау мәселесі. Жаңа талаптарға сәйкес, Алатау қаласы әкімшілігі қабылдайтын актілер Экология кодексінде белгіленген нормаларымен салыстырғанда қоршаған ортаны қорғаудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.
Жалпы, екінші оқылымда заң жобасын жетілдіруге қатысты басқа да ұсыныстар қарастырылды. Заң жобасын Мәжіліс пен Сенаттың комитеттері жан-жақты талқылап, оң қорытындыларын берді. Конституциялық заң жобасы бойынша қорытынды салыстырма кесте қабылданған 331 позициядан тұрады.
Осыдан соң заң жобасын депутаттар дауысқа салынып, нәтижесінде, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданғанын хабарлады.
Парламент палаталарының бірлескен отырысының соңында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев заң жобасының маңыздылығына тоқталды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген құжат Алатау қаласын дамытудың бірегей құқықтық негізін қалап қана қоймай, елімізде бұрын-соңды қолданылмаған соны тәсілдерді қамтитынын атап өтті. Үкімет басшысының орынбасары бұл бастама жаңа қаланың дамуына тың серпін беріп, кең мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол заң жобасын қарау әрі қабылдау барысында зор жауапкершілік танытқан Парламент палаталарының бірлескен комиссиясына, депутаттық корпусқа, сонымен қатар Мәжіліс пен Сенат аппаратының ұжымына ризашылығын жеткізіп, олардың ұсыныстары құжаттың сапасын одан әрі жетілдіріп, мазмұнын байыта түскенін алға тартты.