Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде 2015 жылғы 26 сәуірге Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының тағайындалуына байланысты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді.
Ортсайлауком төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін 26 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіткені туралы, сондай-ақ, «2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы» қаулы қабылдағаны жөнінде хабардар етті.
Төрағаның атап өткеніндей, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ел Президентін Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Республика Президенті болып қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады. Президенттікке кандидаттарды ұсыну 2015 жылғы 26 ақпанда басталып, 15 наурызда аяқталады.
«Президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ, өзін-өзі ұсыну тәртібімен азаматтарға тиесілі, – деді Қ.Тұрғанқұлов. – Президенттiкке кандидатты облыстардың, Астана және Алматы қалаларының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр пайызы қолдауға тиiс. Президенттікке кандидаттарды тіркеу кандидаттар барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін басталады және 2015 жылғы 25 наурызда аяқталады».
Президенттікке кандидат тіркелгенге дейін және оның Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ, кандидатты қолдап жиналған қолдардың растығы тексерілгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының шотына 1 млн. 60 мың теңгеге жуық мөлшерде сайлау жарнасын енгізеді. Кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына 2015 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырулары қажет. Ал Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті 26 наурызда басталып, 24 сәуірде сағат 24.00-де аяқталады.
ОСК басшысының хабардар етуінше, сайлау болатын күні және оның қарсаңындағы күні кез келген үгітке тыйым салынады. Президент сайлауы республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады. Мемлекеттің кепілдігі ретінде бюджет қаражаты есебінен кандидаттардың үгіт жұмысын жүргізу шығыстары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде ішінара жабылады. Сондай-ақ, президенттікке кандидаттар үгіт науқанын жүргізу үшін кандидаттың жеке қаражатынан, кандидатты ұсынған қоғамдық бірлестіктің қаражатынан және азаматтар мен ұйымдар ерікті түрде көрсететін қаржылай көмегінен тұратын сайлау қорларын құруға құқылы. Президенттікке кандидаттың сайлау қорының ең жоғары мөлшері шамамен 577 млн. теңгені құрайды.
«Сайлаушылардың толық және дұрыс тізімдерін жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларына 5 сәуірден кешіктірмей жолдауы, ал 10 сәуірден кешіктірмей оларды азаматтарға танысу үшін ұсынуы тиіс, – деп жалғастырды сөзін Қ.Тұрғанқұлов. – Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін азаматтың нақты сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі негіз болып табылады. Дауыс беру күні болатын жері ауысқан жағдайда, азамат учаскелік сайлау комиссиясына дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін беру туралы өтінішпен жүгіне алады. Бұл 10 сәуірден бастап 25 сәуірде сағат 18.00-ге дейін мүмкін болады».
Сөзі барысында төраға дауыс беру уақытына да тоқталып өтті. Дауыс беру 26 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат жетіден бастап кешкі сағат жиырмаға дейін болады. Орталық сайлау комиссиясы 3 мамырдан кешіктірмей, Президент сайлауының қорытындыларын анықтап, тиісті қаулы қабылдауы тиіс. «Сайлау науқаны барысында сайлау комиссиялары сайлауды ұйымдастыру, әзірлеу мен өткізудің негізгі халықаралық қағидаттарын, сондай-ақ, сайлау үдерісінің оның барлық кезеңдерінде ашық, жариялы және транспарентті болуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Бұған сайлау үдерісін байқауға отандық және халықаралық сарапшылардың белсенді қатысуы да ықпал ететін болады. Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп халықаралық байқаушылар институты ашылады», – деп атап өтті төраға.
Қуандық Тұрғанқұлов, сондай-ақ, дайындық жұмыстары шеңберінде облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары учаскелік сайлаукомдардың мүшелерін науқанды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі құқықтық және тәжірибелік аспектілерін талқылау арқылы оқытуды ұйымдастыру қажеттігіне де тоқталды. Оның айтуынша, Ортсайлауком сайлау органдарына қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік және ақпараттық сүйемелдеу көрсетеді. Тиісті әдістемелік құралдар, брошюралар, сондай-ақ, баспа, дыбыс және бейне материалдар әзірленеді. Сонымен қатар, азаматтардың конституциялық сайлау және сайлану құқықтарын неғұрлым тиімді іске асыруға көмектесетін ақпараттық, жұмылдыру бейне және дыбыс роликтері, плакаттар, билбордтар, түсіндірмелік сипаттағы баспа өнімдері дайындалуда екен.
Сөзінің соңында Ортсайлауком басшысы сайлауды әзірлеу мен өткізу уақытына тұрақты жұмыс істейтін баспасөз орталығының ашылатыны туралы хабардар етті. Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».