• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 11:40

Дәурен Серғазин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Алдар – уақытпен бірге жаңғырған кейіпкер

50 рет
көрсетілді

Көрермен үшін ерекше жаңалық. Көпшіліктің сүйікті кейіпкеріне айналған Алдар бейнесі араға жылдар салып, жаңа тыныспен, тың интерпретацияда үлкен экранға қайта оралды. Бірақ бұл жолғы ізденістің ізі де, идеясы мүлдем бөлек. Иә, қазақ киносының классигі Шәкен Аймановтың Алдарынан кейін әйгілі кейіпкерді жаңа буынға қайта танытқан актер Дәурен Серғазин болса, енді міне, сол Дәурен тұп-тура 15 жылдан кейін халық жадында сақталған жарқын образды бүгінгі заманға бейімдеп, қайта жандандыруды мақсат етіпті. Тек бұл жолы бас кейіпкер ғана емес, фильмнің продюсері ретінде де тер төккен өнер иесінен төл туындысы турасында сұрадық. Сонымен, 23 сәуірде үлкен экранға жол тартқалы отырған ұлттық жоба – «Алдар. Махаббат туралы аңыз» фильмінің көрерменге ұсынар қандай жаңалығы бар? Бүгінгі Алдар бұрынғы Алдарлардан несімен ерекшеленеді? Оны актердің өзінен сұрадық.

– Дәурен Серікбекұлы, сіз­ді көрерменіңіз осыдан 15 жыл бұрын-ақ «Алдар көсе» теле­хикаясындағы сомдаған сәт­ті бейнеңіз арқылы мойын­дап қойды емес пе? Араға уақыт салып Алдарға қайта ора­луыңыз­дың сыры неде?

– Иә, Алдар көсе – санамызда бала кезден бар кейіпкер. Бірақ уақыт өте келе оны тек же­ңіл әзілдің, қулықтың нышаны ретінде ғана қабылдай бастадық. Ал шын мәнінде, оның аста­рында үлкен философия жатыр. Осыны қайта ашқымыз келді. Екі жыл бұрын сол ой пісіп-жетіліп, «неге біз өз кейіпкерімізді жаңа деңгейде көрсетпейміз?» деген сұрақ туды. Ойыма бірден 2011 жылы түсірілген «Алдар көсе» телехикаясында бірге жұмыс істеген ресейлік режиссер Дин Махаматдинов түсті. Дин мырзаға хабарласып, толықметрлі тарихи фильм түсіру мүмкіндігін талқыладық. Ол кісі идеяны қол­дап, қаржыландыру табылған жағдайда сценарий жазуға болатынын айтты. Осылайша, сценарий бойынша бірлескен талқылаулар жүргізіліп, кейіп­керлер мен оқиға ауқымы нақ­тыланды. Кейін «NAURYZ production» шығармашылық бір­­­­­лестігі қолдау білдіріп, режис­серге ресми түрде тапсырыс бе­рілді. Сценарий шамамен екі ай жазылып, өткен жылдың қаңтар айынан бастап жобаға дайындық басталды. Үш-төрт ай ішінде команда жасақталып, түсірілім жұмысы бір айда аяқ­талды. Қазіргі уақытқа дейін постпродакшн кезеңі жүргізілді. Ал енді «Басқа кейіпкер емес, неге Алдар?» десеңіз, себебі Алдар­дың ауқымы кең. Бұл образды ке­зін­де Шәкен Айманов үлкен экран­ға шығарған. Біз осы дәстүрді жалғастыра отырып, кейіпкердің мазмұнын жаңаша түсіндіруге тырыстық. Бұрынғыдай тек бай мен кедей арасындағы тартыс емес, бұл жолы Алдар көсе – әді­лет жолында күресетін, мұқтаж жан­дарға риясыз көмектесетін тұлға ретінде көрсетілді. Алдар арқылы өскелең ұрпақтың өзі­міздің ұлттық кейіпкерлерге, фольклорлық қаһармандарға, аңыздарға деген қызығушылығы оянып, сүйіспеншілігі артса деген ниетті негіз еттік. Фильмде қазақтың болмысына тән еркін­дік, шешендік, тапқырлық, кең­пейілділік секілді қасиеттер дә­ріптелді. Алдар көсе – еркін рух­тың, тәуелсіз ойдың рәмізі ретінде ұсынылды. Оның әрекеті жеке адамдар шеңберінен шығып, елдік деңгейдегі мәселелермен байланыстырылды. Хан, сұл­тан­дармен кеңесетін, үлкен ше­шімдерге қатысатын тұлға ре­тінде бейнеленді. Бір сөзбен айтқанда, бұл Алдар – уақытпен бірге жаңғырған кейіпкер. Себебі қазіргі қоғамда жастардың назарын шетелдік суперқаһармандар жаулап алғаны белгілі. Marvel әлемінің кейіпкерлері қызықты болғанымен, өзіміздің ұлттық болмысымыздан алыстап бара жат­қан­даймыз. Осы фильм ар­қылы көрерменге: «Өз кейіп­ке­ріңді таны, өз тамырыңды ұмыт­­­па» деген үндеу тастағымыз келді.

– Алдар бейнесі актерлік ізде­нісіңіздегі алғашқы тәжірибе болмағанымен, бұл жоба – про­дюсерліктегі дебютіңіз ғой. Қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіз?

– Оныңыз рас. Фильмнің толықтай ұйымдастыру жұ­мы­­сын арқалау оңай емес. Ең қиыны – жауапкершілікті мойныма алу болды. Өйткені бұл жай ғана шағын жоба емес, үл­кен қаржы, үлкен команда, үлкен тәуекел. Режиссер емес­пін, бірақ жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы ретінде барлық үрдістің ішінде болу керек екенін түсіндім. Монтаж, музыка, сценарий өзгерістері­нің бәрін бақылауымда ұстадым. Бұл – шығармашылықпен қатар, басқарушылық қабілетті де талап етеді. Енді рөлің ғана емес, қолға алған жобаңның табысы, алдағы тағдырыңа алаңдай­сың. Оның үстіне мемлекеттің ешқандай қолдауынсыз, жекелеген азаматтардың ұлттық дү­ниеге деген махаббаты мен жана­шырлығының арқасында ғана тарихи жанрда фильм түсіруге бел буу – үлкен тәуекел. Жоба ауқымды болғандықтан, бірнеше продюсер білек сыбана кірістік. Олардың қатарында «NAURYZ production» шығармашылық бір­лестігінің негізін қалаушы, бас продюсеріміз Наурыз-Бек Тастанбек, Әділ Ахметов, Нұрболсын Құлбатыр және мен, төртеуміз бірлесе жұмыс істедік. Әу баста ұлттық жобаларды қол­дау мақсатында құрылған про­дакшнның алғашқы ауқымды жобасы ретінде фильмге көп күш жұмсалды. Түсірілім еліміз­дің әртүрлі табиғи аймақтарын­да өтті. Шөл, тау, жайлау, өзен – бәрін қамтуға тырыстық. Ал­дағы уақытта халықаралық фес­ти­вальдарға қатысып жатсақ та, қазақ жерінің сұлулығы бар қы­­­рынан көрінгенін қаладық. Сон­дықтан әр көрініс ерекше мағына беруі керек болды. Бұған дейінгі тарихи фильмдерде көрсетілмеген локацияларға басымдық бердік. Әсіресе Алма­ты­дан 300 шақырым қа­шық­тықтағы Мыңжылқы жай­лауында жұмыс істеу үлкен қиындық тудыр­ды. Жүзге жуық адамнан тұратын топты жеткізу оңай болмады. Бірақ соған қарамастан, Қарқара табиғаты кадрға ерекше атмосфера сыйлады.

– «Алдар. Махаббат тура­лы аңыз». Фильм атауының өзі елең еткізетіндей...

– Фильмнің жанры – аңыз, яғни нақты тарихи деректерге емес, қиял мен фольклорлық сю­жеттерге негізделген. Қиял бар жерде романтиканың да қа­тар жүруі заңды. Сондықтан ма­хаббат желісін қостық. Бұл шы­ғар­машылық топқа костюм, грим, кейіпкер бейнесін жасауда еркіндік берді. Өйткені бізде нақты кезең, дәуір жоқ. Ал аңызға көп дүние сыйдыруға болады. Костюмдердің барлығы арнайы тігілді, тіпті кей материалдарды табуға Қырғызстан мен Қытайға баруға тура келді.

– Құпия болмаса, фильмнің бюджеті қанша?

– Түсірілімге 500 миллион теңгеден астам қаржы кетті. Бұл бастапқы жоспарымыздан екі есе көп. Жалпы, мұндай дең­гей­дегі фильм бір мил­­лиард теңге­ден астам қаражатты қа­­­жет етеді. Бірақ өнерге жанашыр жандардың арқасында, қол­дауының күшімен көп қиын­дықты жеңіл еңсер­дік. Киноға деген махаббат, ұлт­тық идеяға деген сенім – басты қозғаушы күш болды. Бір сөзбен айтқанда, жоба достардың, жанашыр жандардың қолдауының арқасында жүзеге асты. Сенесіз бе, тіпті актерлердің көпшілігі шын көңілден жай ғана өнер деп жұмыс істеді. Ешқандай қаламақысыз, өзінің төл жобасы деп жанашырлықпен атсалысты. Осы үшін де барлық түсірілім тобына алғысымды білдіремін.

– «Қаламақысыз жұмыс істе­ді» деп қызықтырып қойды­ңыз ғой. Фильмнен кімдердің ізденісін көре аламыз? Жалпы, актерлік құрам қалай іріктелді?

– Кәсіби актерлермен қатар жаңа есімдерге мүмкіндік беріл­ді. Жаңа туындыда ұстазымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Нұрқанат Жақып­бай, Асан Мәжит, Әділ Ах­метов, Жандәулет Батай, Әшім Ахмет, Мұхтар Тұрсынбай, Ариан Худаштиан, Мұхамедсаид Бағашаров, Ақкенже Әлімжан, Ернар Жұматаев, Мәдина Май, Назерке Серікболқызы, Данияр Оразаев, Бекжан Керімбаев, Асланбек Жанұзақов, Асылбек Әйтіш бастаған кіл кәсіби актер­лер өнер көрсетеді. Әр рөлге үлкен кастинг ұйымдастырылып, әр кейіпкердің табиғаты мұқият ашылды. Сонымен қатар жобаға Қырғызстаннан Атай Омурбеков­ті арнайы шақырдық. Бұл туын­дының халықаралық деңгейге ұм­тылысын көрсетті. Ілгеріде атап өт­кенімдей, фильмнің сцена­рий авторы әрі қоюшы режиссері де шетелдік мықты маман – Дин Ма­хаматдинов. Киносүйер қауым жақ­сы біледі, ол бұған дейін «Алдар көсе» телехикаясы арқы­лы танылған. Айтулы жоба сол жұмыстың жалғасы іспетті, бірақ мазмұны мен ауқымы жағынан әлдеқайда кең.

– Ал өзіңіз ше? Алдарды сағын­дыңыз ба?

– Иә, рөлді шынымен сағы­нып қа­лыппын. Түсірілім басталар ал­дында аздап қорқыныш болды — «Бұрынғы Алдарды қай­та елестете аламын ба, тап­тау­­­­рындылыққа түсіп кетпей­мін бе?» деп қобалжыдым. Бірақ ка­мера алдында бұрынғы сезім қайта оралып, әрі қарай бәрі же­ңіл жүрді. Әрине, 15 жыл бұрын түсі­рілген Алдардан бұл Ал­дар­дың өз­гешелігі көп. Бүгінгі Алдар – есей­ген, өмір көрген, тә­жіри­бесі арт­қан кейіпкер. Бір сөз­бен айт­қан­да, барлық жағынан терең­де­ген Алдар.

– Қалай ойлайсыз, Алдар көсенің бүгінгі қоғамдағы құн­дылығы қандай?

– Алдар – көзқарас, тұтас бір дүниетаным. Әділетке сену, еркін болу, адам болып қалу – осының бәрі бүгін де маңызды. Егер те­реңі­рек қарасақ, ол қазақтың өмірге деген көзқарасын, фило­софия­сын бойына жинаған образ. Оның қулығы жай қулық емес, әділетке жетудің амалы, ер­кіндігі – ішкі тәуелсіздік. Ал еркіндік – қазақ болмысының не­гізі. Ке­зінде ата-баба­­­­мыз кең далада өмір сүрген, ойы да, рухы да еркін болған. Қазір сол еркіндік жоғалып бара жатқандай. Алдар көсе арқылы сол рухты қайта сезін­­діргіміз келді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар