Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын мәртебелі атап өту шарасына орай «Ұлтаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі: жетістіктер мен жасампаздықтың 20 жылы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қаласындағы сарапшылық тобы бірлесіп ұйымдастырған бұл конференцияға АҚШ, Германия, Чехия және Ресей сарапшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ассамблея мүшелері мен қалалық этномәдени бірлестіктер өкілдері, жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары қатысты.
Конференцияның пленарлық отырысында Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың аталған шараға қатысушыларды құттықтаған жеделхатын оқып берді. Ұйымдастырушылар атынан Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Уәлихан Қалижанов кіріспе сөз сөйлеп, Германиядағы Билефельд университетінің профессоры Маркус Кайзер, Чех университетінің профессоры Цивин Любомир, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Әбдімәлік Нысанбаев секілді конференция қонақтары Қазақстандағы этносаралық толеранттылықтың жарқын үлгісі мен оның әлемдік саясатқа қосар зор үлесі турасында баяндама жасады.
Отырысты Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, профессор Зарема Шәукенова жүргізіп отырды. Келелі кеңес аясында «Мультикультурализм теориясы мен тәжірибесі: этносаралық және конфессияаралық сұхбат мәселесі» деген тақырыппен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесі мүшелері бірлесіп 3 тілде жарыққа шығарған «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 жылдық тарих» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының басты жетістіктерінің бірі елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырудың маңызды шартына айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің қалыптасуы талқыланған ғылыми-тәжірибелік конференцияның қарары қабылданып, онда Білім және ғылым министрлігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтардағы хатшылықтарына ұсыныс жасалды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР.