• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Балалар Бүгін, 11:33

Аида Балаева: Бала қауіпсіздігі – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Халықаралық балаларды қорғау күні – әр баланың бақыты, амандығы мен қауіпсіздігі қоғам үшін ең қастерлі құндылық екенін айқындайтын ерекше мереке. Әрбір бала сүйіспеншілік пен мейірімге бөленіп, қадір-қасиеті құрметтелетін ортада өсіп, өз қабілеті мен дарынын еркін дамытуға мүмкіндік алуға тиіс. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде балалардың құқықтарын қорғау жүйесі дәйекті түрде жетілдіріліп келеді. Бүгінде бала қауіпсіздігі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында балалық шақты, ана мен әкені, отбасы институтын қорғау кепілдіктері күшейтілді», деді министр.

Балаларды қорғау күні: Президент тапсырмалары қалай жүзеге асырылып жатыр? 

Министрдің айтуынша, сонымен қатар Ата заңда ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі «Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi» деп айқын бекітілген. Бұл қағида баланың құқығы мен мүддесін қорғау мемлекет пен отбасының ортақ парызы екенін айқындайды.

«Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде биыл 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Бұл маңызды құжат балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтуге және отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Сонымен қатар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бүгінде шамамен 7 миллион жас осы бағдарлама арқылы өз болашағына арналған қосымша қолдауға ие болып отыр. Бағдарлама іске қосылған алғашқы жылы әр балаға 100,52 доллар есептелсе, 2026 жылы бұл сома 130,71 долларға дейін өсті. Бұл қаражат бала кәмелет жасына толғаннан кейін қолжетімді болып, оны білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға мүмкіндік беріледі», деді Аида Балаева.

Министрдің сөзінше, елімізде балалық шақты қорғаудың институционалдық негізі де нығайып келеді. 2025 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы басқармалар құрыла бастады.

Еліміздің әр өңірінен келген оқушылар Ақорданы аралады

Осы саладағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – кәсіби қабылдаушы отбасылар институтының енгізілуі. Енді қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар уақытша негізде арнайы даярлықтан өткен, жауапкершілігі жоғары отбасылардың қамқорлығында тәрбиелене алады.

«Бала құқықтарын қорғау, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық қолдау жүйесін дамыту, қорғаншылық пен қамқоршылық тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ жетім балаларды қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Балалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек аясы кеңейіп, балалар денсаулығын сақтау жүйесі жаңғыртылып, әр баланың білім алуына, жан-жақты дамуына және өзін танытуына жаңа мүмкіндіктер жасалып жатыр.

Бүгінде біз балалардың мүддесі әрдайым бірінші орында тұратын, әрбір бала өзін қауіпсіз сезінетін, арманын еркін жүзеге асыра алатын Қазақстанды бірге қалыптастырып келеміз», деп түйіндеді министр Аида Балаева.

Соңғы жаңалықтар