• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2010

ҮКІМЕТ “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ” АПТАЛЫҚ ҚОСЫМШАСЫ

598 рет
көрсетілді

ХАЛЫҚТЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ — ҮКІМЕТ ЖҰМЫСЫНДАҒЫ БАСТЫ БАСЫМДЫҚТАРДЫҢ БІРІ Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің солтүс­тік облыстарға сапары барысында көп айтылған проблемалардың бірі халықты ауыз сумен қамту мәселесі болатын. Бұл проблема Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына тегіс қатысты болып шықты. Демек, осы мәселені бүкіл елімізге тән деп айтуға болады. Жалпы, су ресурстары мәселесін кең көлемді қарастыратын болсақ, ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін оның ең толғақты тақырыптар қатарына шығатындығын байқаймыз. Қазіргі күні тұщы су көздерінің мәселесі, соның ішінде халықтың таза ауыз сумен қамтылуы жайы жер шарындағы эко­ло­гия­лық ахуалдың ушыға түсуінің астарында адам­заттың ортақ проблемасына айналды. Көпте­ген сарапшылар ендігі кезекте ел мен елдің, өңір мен өңірдің арасында болуы мүмкін дау жанжал­дар нақ осы мәселеден өрбуі мүмкін деген қауіп ай­тады. Демек, әр мемлекет өздеріндегі су ресурс­тары мен оны тиімді және үнемді пайдалану ісіне алдағы уақытта барынша мән бере түспек. Еліміздің су ресурстарын нығайту мен оның қорларын сақтау мәселесіне Қазақстан басшы­лығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан қатты көңіл бөлуде. Елбасымыз бізбен көрші мемле­кеттер басшыларымен болған кездесулерінде трансшекаралық өзендер суларын пайдалану ісін әрдайым мемлекетаралық қарым-қатынастардың негізгі мәселесі ретінде көтеріп келеді. Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп Су концорциумын құру, Сібір өзендерінің суларының бір бөлігін Қазақстан мен Орталық Азияға қарай бұру, Арал­ды қалпына келтіру ісін халықаралық деңгейде жүзеге асыру, Ертіс пен Іленің, Сырдарияның суларының азаюына жол бермеу, Қазақстанды ашық теңізге шыға алатын мемлекет ретінде қалыптастыру үшін Каспий мен Қара теңіз арасында канал тарту – міне, бұлар Елбасымыз бастамашы болып, үлкен халықаралық мінбер­лерде батыл да табанды түрде көтеріп келе жатқан біздің еліміздің су ресурстарын нығайту ісінің аса ауқымды тақырыптары және халқымыздың тағдырын, жас ұрпақтың болашағын алыстан ойлайтын көрегендіктің тағы бір дәлелі. Қазіргі күні Қазақстан су ресурстарына қатысты барлық мәселені кең ауқымда қарастыра отырып, оларды рет-ретімен мүмкіндікке сәйкес шешіп отыру ісін мықтап қолға алуда. Соның нәтижесінде, Кіші Арал қалпына келе бастады. Оңтүстік өңірді сумен қату және көктемгі тасқынның алдын алу үшін маңызды болып есептелетін Көксарай қарсы реттегіші салынды. Ауыл шаруашылығында суды барынша үнемдеп пайдалану үшін тамшылатып суару технологиясы белсенділікпен енгізілуде. Су қоймаларының жұмыстары да ретке келтіріле бастады. Ел басшылығын толғандырып келе жатқан тағы бір үлкен проблема халықты таза ауыз сумен қамту мәселесі. Өйткені, бұл мәселенің халық денсаулығына тікелей қатысы бар. Оны шешудің маңызды бір жолы ретінде елімізде Елбасының тапсырмасымен 2002-2010 жылдарға арналып “Ауыз су” бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында ауылдық елді-мекендерді ауыз сумен қамту үшін қаржыландырудың барлық көздерінен 195 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Мұның сыртында қалалық жерлердегі проблема­ларды шешу үшін 140 миллиард теңге бөлінді. Сөйтіп, аталған мақсатқа бүгінгі күнге дейін бү­тін­дей алғанда 335 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Дегенмен, соған қарамастан Үкімет басшы­сының солтүстік облыстарға жасаған сапары аталған проблеманың әлі толық шешілмегендігін әйгілеп берді. Сондықтан Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің осы бағытта Елбасының жаңа тапсырмасын ала отырып, мәселені қайта бір қарастырып түбірінен шешуге талпыныс жасағандығы Үкіметтің осы аптада өткен отырысында айқын көрінді. Бұл отырысқа Үкімет мүшелерімен қатар интерактивтік байланыс арқылы барлық облыстар басшылары қатысты. Отырыста халықты ауыз сумен қамту мәсе­лесін жақсартуға арналған жаңа тұжырымдама­ның жобасы талқыға түсті. Бұл тұжырымдама 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтымақ. Тұжырымдама жобасы жөнінде Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Қуандық Бішімбаев баяндады. Баяндамадан байқалғанындай осыған дейінгі “Ауыз су” бағдарламасы халықтың осы жөніндегі проблемасын шешуге едәуір дәрежеде ықпал еткен. Ең бастысы, бұл бағдарлама ауыз су мәселесінің ушығыуына жол бермеген. Ал Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан секілді облыстарда жағдайдың бұрынғыға қарағанда анағұрлым жақсара түсуіне игі ықпалын тигізген. Бірақ, өкінішке орай бұл бағдарлама еліміздің барлық өңірлерінде бірдей деңгейде орындалма­ған. Сөйтіп, мәселені түбірінен шеше алмаған. Мұның өзі, ең алдымен, бағдарлама жұмыс істеген кезеңде ауыз су желілерінің тозуы бар болғандығы екі пайызға ғана азайғандығынан көрініп отыр. Сонымен қатар елімізде әлі күнге дейін жұмыс істемей тұрған 140 су құбыры бар. Әлі де 83 мың адам суды бұрынғыдай тасымалдап ішуде. Ал қалалық жерлерде су желілерінің тозуы 6 пайызға арта түскен. Бір жақсысы, орталықтан­дырылған су көздеріне халықтың қолжетімділігі 7 пайызға артса, судың ысырабы 8 пайызға төмендепті. Бағдарламаның ең жақсы жетістігі ретінде ауылды жерлердегі тасып жеткізетін суды пайдаланушылар саны 2002 жылғы 445,2 мың адамнан 82,9 мың адамға дейін азайғандығын айтуға болады. Яғни елміздегі ауыз суға барынша мұқтаж адамдар саны соңғы сегіз жылда 82,4 пайызға азая түскен. Отырыс барысында бұрынғы бағдарламаны орындаудағы кемшіліктердің негізгі себептері айқындалды. Солардың қатарында бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыруда жүйелен­ген, сараланған бірыңғай әдіс-тәсілдердің болма­ғандығын, орталық және жергілікті органдардың арасында өзара іс-қимыл әрекеттестігінің жүйелі де оңтайлы жолдарының қалыптаспағандығын, бөлінген қаржының тиімсіз пайдаланылғандығын, соның салдарынан кейбір болашағы жоқ, бірақ қымбат тұратын жобалардың бірінші кезекте жүзеге асып кеткендігін, жобалау-іздестіру жұмыстарының сапасының төмен болғандығын, іске қосылған су құбырлары мен нысандарын дұрыстап, талапқа сай пайдалануға жеткілікті мән берілмегендігін айтуға болады. Жаңа тұжырым­даманы әзірлеу кезінде осы кемшіліктердің барлығы ескерілген. Оны әзірлеу үшін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жедел тапсырмасы бойынша Экономикалық даму және сауда министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы мүдделі мемлекеттік органдардың барлығын қатыстыра отырып, жаңа тұжырымдама жобасын бірлесіп жасаған. Жұмыс тобы мемлекеттік және жекеменшік су арналарының қызметін талдау барысында мемлекет меншігіндегі мекемелерге қарасты су жүйелерінде есептегіш құралдарды орнатудың жекеменшік су құбырларына қарағанда әлдеқайда төмен екендігін анықтады. Осы ретте су құбыр­лары кезең-кезеңімен жекеменшік қолына тапсы­рылған Шымкент қаласының тәжірибесі жете зерттелінді. Бұл қалада сумен қамту құбырлары мен желілері бюджет қаржысының құйылуынсыз тиімді дәрежеде жұмыс істеп келеді. Мәселен, осы қаладағы “Водные ресурсы-Маркетинг” ЖШС өзінің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыра отырып, барлық жерлерге су өлшегіш құралдарын орнатқан. Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен келісе отырып, өзін өзі ақтайтын орта кезеңдік тариф жүйесін жасап шыққан. Кәсіпорындарды дамыту үшін өз қаражатын пайдаланған. Демек, осындай жақсы тәжірибелерді негізге ала отырып халықты сумен қамту мәселесін одан әрі дамыта түсудің тиімді жолдары қарастырылып, айқындалуы қажет. Жұмыс тобы қаржы министрілігімен бірлесе отырып жаңа тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін 2020 жылға дейін әр жыл сайын 90 миллиард теңгенің қажет болатындығын есептеп шыққан. Мұның 60 миллиард теңгесін республикалық бюджеттен, 30 миллиард теңгесін жергілікті бюджеттерден қарастыру көзделген. Тұжырымдаманы тиімді жағдайда жүзеге асыру үшін мынандай әдіс-тәсілдер екшеленіп алынып отыр. Бірінші, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптес­тіктің әртүрлі формаларын енгізу қажет. Сенімді басқаруға беру, жартылай және бірте-бірте жекешелендіру, консессияға тапсыру секілді әдіс-тәсілдер арқылы еліміздің су шаруашылығы саласына жеке инвесторлардың келуіне жол ашқан жөн деп табылады. Осы үшін еліміздің солтүстік, шығыс, батыс және оңтүстік өңірлеріне мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің пилоттық жобалары жүзеге асырыла бастайды. Осы жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда олар кеңінен өріс алатын болады. Екінші әдіс халықты сумен қамтуға қажетті жаңа нысандарын салу мәселесін жүйелеу және біріздендіруді көздейді. Осы үшін бағдарламаны жүзеге асырудың белгіленген кезеңі бойынша тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады. Оның құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, мамандандырылған жобалау ұйымдарының өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар енгізіледі. Олар жүзеге асырылатын және асырылу үстіндегі барлық нысандарда болып олардың қаншалықты тиімді екендіктерін анықтайтын болады және осы зерттеулердің қорытындысында Үкіметке арнайы есеп тапсырады. Сөйтіп, ауылдық және қалалық елді мекендерді сумен қамту жобаларының бірыңғай тізімі әзірленеді. Оны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жетекшілік жасайтын ведомствоаралық комиссия әр жыл сайын бекітіп отыратын болады. Үшіншіден, елді мекендерге жақын орналас­қан жер асты суларын пайдалануға барынша мән беріледі. Осы үшін жер асты суларын іздестіру-барлау жұмыстары күшейтіледі. Бұл жұмысты жүзеге асыруға 2018 жылға дейін әр жыл сайын 6,2 миллиард теңге қажет болады. Әр жыл сайын шамамен алғанда 400 ауылға қажет болатын жер асты су көдерінің қорлары іздестіріледі. Мұның сыр­тында 63 қаланы сенімді су көзімен қамтама­сыз ету үшін осы уақытқа дейін айқындалған 194 орындағы су қорларының көлеміне қайта бағалау жасалынады. Себебі, ұзақ уақыттан бері пайдаланылып келе жатқандықтан олардағы қалған қорлардың көлемінде елеулі өзгерістердің болуы әбден мүмкін. Халықты ауыз сумен қамту жөніндегі жобаларды қаржыландырудың басымдықтары мен өлшемдері алдын ала айқындалып отыр. Мәселен ауылдық елді мекендер үшін бірінші кезекте аудан орталықтарындағы жобаларды қаржылан­дыру басымдыққа ие болады. Онан кейін адам саны 1 мыңнан асатын, онан кейін адам саны 500-ден 1 мың аралығындағы елді мекендер қаржылан­дырылады. Осылайша рет ретімен кете береді. Ал қалалар үшін бірінші кезекте сумен қамту нысанының апатты жағдайда тұруы және халықтың орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қолжетімдімділігі, одан кейін қаладағы халықтың саны есепке алынады. Бюджет арқылы қаржыландырылатын жобаларды жүзеге асыру қалалар және аудандар бойынша бөлініп қарастырылып, бірақ бірыңғай тізім негізінде жүргізіледі. Осыған дейінгі “Ауыз су” бағдарламасын жүзеге асырудағы бір кемшілік – оған енгізілген жобалардың орындалуына бақылау жүйесінің болмағандығы еді. Осыған орай жаңа бағдарламаға енетін жобаларға ендігі кезекте жарты жылда бір рет мониторинг жүргізіп отыру көзделінуде. Сондай-ақ әр жыл сайын олардың орындалуына баға белгіленеді. Олар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады. Тұжырымдаманы жүзеге асыру биылғы жылдан бастау алады. Осы үшін 2010 жылдың бюджетіне жаңа түзетулер енгізе отырып, 11 миллиард 568 миллион теңге қарастыру қажет. Мұның 1 миллиард 23 миллион теңгесі ауылдық елді мекендердегі жағдайды зерттеу үшін, 1 миллиард теңгесі қалалық жерлердегі жағдайды зерттеу үшін, 5 миллиард 880 миллион теңгесі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін, 3 миллиард 665 миллион теңгесі ауылды жерлерде жаңа нысандардың құрылысын жүргізу үшін пайдаланылады. Үкімет отырысында сөз алған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі агенттік төрағасы Серік Нокин бұрынғы бағдарламада кеткен бір кемшілік ауыз сумен қамту нысандары мен құбырларын жобалау ісіне қатысты болғандығын айтты. Осыдан барып аталған нысандардың сапасыз салынуы белең алған. Қазіргі күні сараптауға тапсырылған нысандарды жобалау жұмыстарының тең жарымына жуығы талапқа сай болмай отыр. Себебі оларды осы іске дұрыс маманданбаған және қажетті материалдық-техникалық базасы жоқ ұйымдар жасаған. Жаңа тұжырымдаманы жасағанда, міне, осы кемшіліктер де ескерілмек. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күріш­баев ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту мәселесіне қатысты бірнеше құнды ұсы­ныс­тарын ортаға салды. Су кодексі бойынша халықты сумен қамту ісі субсидиялануы керек. Ауылды жерлер үшін ауыз судың тарифі белгіленген кезде міне, осы мәселе ескерілуі керек. Екіншіден, бұрынғы бағдарлама бойынша ауыз су мәселесін шешуге бөлінген қаржының 74 пайызы республикалық бюджеттен қарасты­рылып, тек 25 пайызы ғана жергілікті бюджетке жүктелінгенімен еліміздің бірқатар облыстары осы маңызды мәселеге дұрыс мән бермеді. Яғни өздеріне жүктелген жоспарды тіпті жартылай да орындамады. Осының салдарынан басталған бірқатар жұмыстар аяқсыз қалды. Енді осындай кемшіліктерге жол берілмегендігі жөн. Үкімет отырысында басқа да көптеген іс басындағы адамдар сөз алып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасының тапсырмасы бойынша республика халқын ауыз сумен толық қамту үшін жаңа әдіс-тәсілдерді іске қосатын 2011-2020 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленіп отырғандығын айта келе, бұл жобаны 15 тамызға дейін жергілікті жерлерде талқылау жөнінде тапсырма берді. “2010-2013 жылдардың бюджет жобасында су біздің басымдықпен қарастыратын мәселеміз. Мемлекет басшысының бізге тапсырғанындай, таяудағы бірнеше жылдың ішінде біз бұл мәселені болашақ үшін түбірінен шешіп, сала жұмысын тәртіпке келтіретін боламыз. Әрине, бұл істе проблема көп, бірақ оларды шешуге болады. Олардың шешімі біздің қолымызда”, деді Премьер-Министр. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. БӘРІН ДЕ МАМАНДАР ШЕШЕДІ Үшінші мыңжылдықта адамзат баласының саны 2025 жылы 8,5 млрд.-қа дейін өссе, ал 2050 жылға қарай олардың саны 11 млрд.-қа жетпекші. Бұл жағдай біздің пла­нетамызда азық-түлік тапшы­лығына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сон­дықтан, біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша көздерін іздестіруге мәжбүр боламыз. Ауыл шаруашылығы өнімдері­нің қосымша көздерін арттырудың бірден бір жолы – ол зиянды орга­низмдердің егістіктерге, бау-бақ­ша мен жайылымдықтарға тигізер кері әсерін күрт төмендету немесе біржолата жою болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік қоры мекемесінің мәліметтері бойынша, дүниежүзілік барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі зиянды организмдер әсерінен 35 пайыз, оның ішінде зиянкестерден 13,8 пайыз, арамшөптерден 12,0 пайызы және өсімдік ауруларынан 9,2 пайыз төмендейді екен. Өнімділіктің тікелей азаюымен қатар, олардың сапасы да на­шарлап, өнім­ді сақтау ке­зінде оны 10-12 пайыз тағы да жоғалтады екенбіз. Белгілі Ресей ғалымы академик В.А. Захаренконың келтірген мә­ліметтері бойын­ша зиянды организмдерден 37,0 ±5% дақылдар өнімі жойылады екен. Біздің ауыл шаруашылығы өндірісінде бұл көрсеткіш көп болмаса, аз емес, себебі, біздің ша­руа­шылық жүргізу деңгейіміз олар­дан көш кейін қалып отыр емес пе? Біздің ойымызша, өнімділікті артты-румен қосымша өнім алу көздері міне, осы жерде жатқан сияқты. Жоғарыда көрсетілген цифрлар, дүниежүзілік қауым мойындаған шындық, себебі бұл дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ғалымдарының ғылыми ізденістерінің нәтижесі. Егер де біз егістеріміздің бау- бақ­ша­ларымыздың, ормандары­мыздың, жайылымдықтарымыздың өнімділігін жоғарылатып, ауыл шаруашылығы өндірісін дүниежү­зілік деңгейге көтереміз десек,  өсімдік қорғау саласын аса маңызды  әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелер тұрғысынан қарауымыз керек. Сонымен қатар, өсімдік қорғау саласы еліміздің азық -түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етер фактор, егіншілік жүйесін дамытар сала ретінде қаралуы тиіс. Соңғы кездері өкінішке орай, қоғамымызда агрономия маманды­ғын игергендер ішінде өсімдік қор­ғау маманы болып кез келген кісі жұмыс істей алады деген біржақты  пікір қалыптасты. Өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдары жүргізілген аты шулы оңтайландыру науқаны кезінде ауыл шаруашы­лығы жоғары оқу орындарында өсімдік қорғау факультеті жойылып, сол себепті “Өсімдік қорғау” маман-дығы да келмеске кетті, ал, бұл про-филь­дегі кафедра дербестігін жоғал-тып, басқа профильдегі кафед­раларға қосылып кете барды. Кейбір билік басында отырған шенеуніктердің бұлайша ойлауы неге әкеліп соқтырғанын қазіргі өміріміздің ащы шындығы көрсетіп отыр. Бүгін біз, осы жағдайдан “көптен күткен” келеңсіз жайларға, яғни шегірткенің жаппай көбеюіне, тат ауруларының эпифитотиясына, танаптарда арамшөптердің қау­лауына, еліміз аумағында шет елдерден енген жаңа карантиндік объектілердің көбеюіне  куә болып отырмыз. Күні кеше ғана өсімдік қорғау мамандарының өздеріне жетер атақ, абыройлары бар болатын. Оларды “өсімдік дәрігерлері”, яғни “жасыл крест” қызметкерлері деп атайтын.  Осыған қоса оларды “көрінбейтін май­данның қызметкерлері деп атай­тын, өйткені зиянкес организм­дерден келетін шығын көзге көрін­бейді. Қазіргі таңда шетелдерде өсімдік қорғау абыройлы мамандық­тар санатында. Жасыратыны жоқ, кешегі біздің институт ғылыми қызметкерлері Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік фирмаларда қызмет атқарып жүр. Біздің кешегі мамандарымыздың қолы арқылы шетелдік фирмалар Қазақстан нарығына өздерінің технологиясы мен препараттарын енгізіп жатыр. Осындайда көңілге бір ой келеді: өсімдік қорғау мамандығының қандай қасиеттері бар, неге біз оны дербес мамандық ретінде танығы­мыз келеді? Шындығын айтқанда, өсімдік қорғау жұмысының өзіндік қыр- сыры бар және ол сан қырлы. Басты қағида, медицинадағы сияқты – “зиян келтірмеу”. Өсімдік қорғау маманы қандайда бір пестицидті “ядохимикатты” қолданбас бұрын, оның тигізер әсерін алдын ала ой елегінен өткізуі тиіс. Нақтылай айтсақ, агробиоценоздың тіршілігі бұзылмай ма, топырақтың, судың, ауаның пестицидтермен ластануы болмай ма, ауылшаруашылығы да­қылдарының өнімі пестицидтермен ластанбай ма? Тағы да осы тектес көптеген сұрақтардың оң шешімін табу үшін еңбек етеді. Сондықтан да, өсімдік қорғау саласының маман­дары ХХІ ғасырдың жаһандық мәселесі – қоршаған орта тазалы­ғына атсалысуы тиіс. “Қазақстан Республикасы аймағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтердің (улыхимикаттар) тізімі” 240-тан астам атаулардан тұрады. Олардың бәрі күрделі ор­га­но­химиялық қосылыстар, ал бірқа­тары адам өміріне өте қауіпті. Ауыл шаруашылығы өндірісінде кей кездерде пестицидтердің бинарлық қосылысын пайдалануға тура келеді, бірақ олардың бәрі химиялық қосы­лыс жасауға жарамды емес. Сон­дықтан, бұл профильдегі маманның химия саласынан терең білімі болуы керек. Ол пайдалануға арналған пестицидтердің  химиялық қасиет­терін, олардың әсерлі затын, қол­данудың регламенттерін, препарат­тардың химиялық қосылыс қасиеттерін жете меңгеруі тиіс. Өсімдік қорғау маманының СЭС мамандарына берілген сияқты, пес­тицид қалдықтарын ауыл шаруашы­лығы өнімдерінде бақылау және тексеру, сонымен қатар өнімдерде пестицидтердің метаболиттерін, нитраттардың, ауыр металдардың тұздарын анықтау құзыры берілген. Яғни, өсімдік қорғау маманы, меди­циналық қызмет сияқты пестицид­тердің және басқа да химиялық құ­рал­дардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне атсалысып, тұрғындардың денсаулығын сақтау ісінде қырағылық танытуы тиіс. Бірақ та өсімдік қорғауды пести­цидтерді пайдалану төңірегінде ғана сөз қозғасақ, бұл қателік болар еді. Химиялық әдіс, зиянды организм­дерге қарсы басқа әдістер тиімділік танытпаған жағдайда ғана қолдана­тын шаралардың бірі болып есепте­леді. Нағыз өсімдік қорғау маманы алғашқы кезде химиялық емес, яғни агротехникалық – зиянкестердің қыстап шығатын қорын, арамшөп­тердің өскінін культивация, дискілеп жою арқылы, ауру қоздырғышта­рына қарсы у қолдану, ауыспалы егісті пайдалану мен төзімді сорт­тарды қолдану сияқты шараларды іске асыруы тиіс. Экологиялық және биологиялық факторларды толық көлемде пайдалана отырып, агро­био­ценоздарды игере алатын басқа­ру тетіктерін жасау, сонымен қатар агроэкологиялық факторлар арқылы өсімдік төзімділігін биологиялық стрестерге қарсы қолдану, энтомо­фагтардың белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау, жер­гілікті микроорганизм штамдары негізінде отандық биопрепараттарды жасап шығару көзделуі тиіс. Көп жағдайда өсімдік қорғау маман­дары көзге ілінбейтін нысан­дармен жұмыс істейді. Мысалы, өсімдік ауруларының қоздырғыш­тарын тек микроскоп арқылы ғана көруге болады, көптеген ұсақ зиян­кестерді бинокуляр арқылы ажырата аламыз. Тіпті көптеген арамшөп­тердің ұқсастығын дақылдардан ажырату өте қиынға соғады. Өсімдік ауруының дамуын немесе зиянкес­тің зияндылығын тап басып айту көп жағдайда қиындықтарға кез болып жатады. Себебі, зиянды организмдер көзге көрінбей тіршілік етеді. Көп жағдайда нақты диагноз қою үшін күрделі лабораториялық жұмыстар жүргізуге тура келеді. Бұл жағдайларда өсімдік қорғау маманы жігерлі натуралист және ғылыми жұмыстарды жүргізе алатын жақсы экспериментатор болуы да қажет. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін республика аумағын каран­тиндік шетжерлік зиянды организм­дерден қорғау мемлекеттік іс болып табылады. Егер де, біздің астық қоймаларымызға капр қоңызы еніп кетсе, біздің сыртқа шығарар астық­ты ешбір де мемлекет сатып алмас еді. Елімізге индиялық қаракүйе ауруы еніп кеткен жағдайда, астық дақылдарының өнімділігі күрт төмендеп кетер еді. Калифорниялық күнбағыс тұқым арқылы енсе, егістік пен алқаптар бұл арамшөппен жаппай ластанар еді. Әр жылдары еліміз аумағына карантиндік нысандардың 14 түрі енсе, енді олардың 48 түрінің ену қаупі сақталып отыр. Шынын айту керек, өсімдік қорғау маманда­рының тапшылығынан еліміздің кеден постыларында басқа маман­дық иелері жұмыс істеді және әлі де жұмыс істеуде. Бұлар кешегі мұға­лімдер, дәрігерлер, зоотехниктер, механизаторлар, милиционерлер. Ал экспертиза дәлдігі, карантиндік қосымша тексеру нәтижелері кеден қызметкерлерінің біліктілігіне тікелей байланысты. Жаңа жағдайға сәйкес Қазақ өсімдік қорғау ғылыми – зерттеу институты 2008 жылдан бастап Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Өсімдік қорғау қызметі мен ғылымы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне де қызмет етеді. Оның себебі, биологиялық соғыстың бірден-бір әдісі өсім­діктер ауруларының жасанды эпи-фитотиясын тудыру, зиянкестердің жаппай көбеюін жасау, өте зиянды арамшөптердің тұқымын тарату. Биологиялық құралдарды зерттеп, дайындаумен дүние жүзінде көптеген елдердің биологиялық лабораториялық айналысады. Мұндай зерттеулер кешегі КСРО аумағында да жүргізілді. Оған Отардағы фитопатология жабық ғылыми-зерттеу институты дәлел бола алады. Сондықтан, өсімдік қорғаудың еліміздің қорғаныс саласында да маңызы бар. Егер де жаһандық биологиялық соғыс болмаса да, жекелеген мемле­кеттерге қарсы биологиялық лаң­кес­тіктің қолданылуы ғажап емес. Өсімдік қорғау ісінің елімізде төтенше жағдайлар енгізілуіне де қатысы бар. “Еліміздегі төтенше жағдай” жөніндегі заңда мынадай  пункттер бар. “Ауыл шаруашы­лығы өсімдіктері мен ормандарын аурулар мен зиянкестердің жаппай жайлап алуы”. Мысалы, 2004- 2005 жылдары Алматы облысы аумағында Жоңғар Алатауында алма ағаштары ормандарында алма күйесі көбелегінің жаппай көбейіп кетуіне байланысты тө­тенше жағдай жарияланды. Зиянкес мәдени алма ағашта­рының негізін қалайтын жабайы өсетін алма ағаштарының гено­фон­ына қатты қауіп төндірді. Сондықтан зиянды организм­дердің өсіп дамуын бақылайтын жүйелі мониторинг жұмыстары үнемі жүргізілуі тиіс. Міне, қысқаша айтқанда, еліміз үшін өсімдік қорғау қызметі мен ғылымының алар орны осындай. Қайталап айтар болсақ, егерде өсімдік қорғау жұмысына жеткілікті көңіл бөлінбесе, жыл сайын ауыл шаруашылығы дақыл­дары өнімінің үштен бірі жойы­лады, оның сапасы нашарлап, біліктіліксіз жүргізілген химиялық қорғау шараларының кесірінен экологиялық мәселелер туындауы мүмкін. Осы ретте сүйінші деп айтуға лайық жаңалық, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы ми­нистрліктері тарапынан, өсімдік қорғау қызметі мен ғылымының қажеттілігін түсінгендіктен, “Өсім­дік қорғау” мамандығы жоғары оқу орындарында қайтадан қалпына келтіріліп жатыр. Үкімет шешімімен, жыл сайын 220 өсімдік қорғау және карантин мамандарын дайындау үшін қаржы бөлінді. Жыл сайын әр бір студенттің оқуы үшін 650 мың теңге, ай сайынғы стипендия үшін де 15 мың теңге шамасында қаржы бөлініп отыр. Қазақ Ұлттық Аграр­лық Университеті жанында “Өсімдік қорғау” факультеті қайтадан ашылып, аграрлық профильдегі университеттерде осы сала бойынша жаңадан кафед­ралар ашылмақшы. Біздің аграрлық еліміз өсімдік қорғау жөніндегі білікті маман­дарға зәру. “Жасыл крест” қызметінің қайтадан жандануы бүгінгі күннін өзекті мәселесі және ол тікелей жастарға байланысты. Орта мектеп бітірушілерді аграрлық университеттерге оқуға түсуге шақырамыз және олардың еліміздің ауыл шаруашылығы өндірісіне өз үлестерін қосуына тілектеспіз. Абай САҒИТОВ, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының  докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі. Мағжан ИСИН,  бас ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының  докторы, профессор. АУЫЛДЫ ЖАСТАР ҒАНА КӨРКЕЙТЕДІ Ұзынкөл ауданындағы  түлектер мен жас мамандар форумында осындай тұжырым айтылды Қазір жоғары және орта  оқу орнын бітірген жастардың алды­нан анталап шығар  сұрақ көп. Ең бастысы диплом қолға тиген соң жұ­мысты қайдан іздеу керек? Қа­лада қалған дұрыс па, әлде ауылға бару керек па? Рас, қалада жастар үшін қызықты өркениет жетістік­тері мол. Алайда, баспана мәсе­лесі  талпынған жастың алдына көл­­денең тұрады. Қалада жұмысқа ор­на­ласқан жас маманға ешкім де  айлық жалақыны уыстап төле­мейді. Жұмыс тапқанмен де  жа­ла­қысы өзінің  тамағы мен  пәтер­ақысына зорға жететіні диплом алған жастардың барлығына мәлім. Ал адам өмірінің мағына­лы, қызықты болуы  оның тек қалада тұруына байланысты ма? Қараша үйде өсіп-өнген халқы­мыздың бүкіл болмысын, дәстүр-салтын қалыптастырған ауыл емес пе еді? 90-шы жылдары  на­рық қиындықтарынан әлсіреп қалған ауылдардың қазір еңсесі көтеріл­ген. Оны  тоздыратын да, оздыра­тын да адам. Адам қолымен жа­салады бәрі де. Ұзынкөл ауданын­дағы жастар мен жас мамандар форумы  “Президентпен бірге мықты Қазақстан үшін!” акциясы шеңберінде өтті. Онда мемлекеттік жастар саясатының бағыттары, ауыл-селоны  көркейтуге жас­тарды қатыстыру,  жас мамандарға арналған “Дипломмен ауылға!”, “Ауыл жастары” жобаларын жүзеге асыру, жас мамандардың үйренісіп, қалыптасып кетуіне қамқорлық жасау мәселелері сөз болды. Форумда аудан әкімі Амантай Сейфуллин  жастарға  аудандағы атқарылып жатқан істер туралы баяндап берді. Ауданға өткен жылы қолында дипломы бар, жалындап тұрған 59 жас маман келді. Солардың арқа­сында ауруханада, аудан мектеп­терінде маман тапшылығы біртін­деп шешімін тауып келеді. Әкім жастарға  әңгімесін бюджеттен бө­лінген қаржыны тізбектеп, құрғақ  цифрға құрмады. Форумға келіп отырғандардың  басым көпшілігі ауылдан кеше ғана қалаға оқу іздеп кеткен балалар. Амантай  Қаратайұлы өзін жастардың алдында тек әкім ғана емес, олардың ағаларындай  ұстады. – Қазақта “құрғақ қасық ауыз жыртады” деген сөз бар. Құр қы­зыл тілге салып, “ауылға келің­дер” дегенмен де бомайды. Оқуыңды бітіріп, ауылға келсең–басыңда баспанаң, жұмыс орның, жалақың,  бір рет берілетін жәрдем қаржың даяр. Бұл өмірді енді бастап жатқан адамға үлкен көмек,–деді әкім.–Мысалы өткен жылы  аудандық ауруханаға келген жас дәрігер мамандарға  берілген үйлерде олар от жағып әуре бол­майды. Үйлер арнайы оқшау қазандықтан  жылытылады, ыстық су, суық суы  шүмектен келіп тұр. Оның үстіне  бір рет берілетін жәрдем ақшаларын алды. Қаладан далаға келген жастар ешқандай да қоңылтақсуды, қиындықты сезін­ген жоқ деп ойлаймын. Ұзынкөл орта мектебінің  жас мұғалімі Азамат Сандыбаев сондай жас мамандардың бірі. Ол ешнәр­седен кем болып отырған жоқ. – Ауылдың өз қызығы өзінде. Мұнда да ортам, ұжымым, доста­рым бар. Өмірдің қызығы айна­лаңдағы адамдармен қарым-қатынасыңда жатқан жоқ па? Ал қалған игіліктерді өзіміз жасаймыз. Ауыл бұрынғыдай емес,  көркейіп келеді. Аудан орталығындағы мейрамханалар, дүкеннің неше түрі, демалыс паркі қаладағыдан ешқандай  кем емес,–дейді Азамат. Ұзынкөл ауданынан бес студент жоғары оқу орындарында облыс  әкімінің грантымен оқып жатыр. Олардың  төртеуі ауданға мұғалім, біреуі дәрігер болып оралады. Оның үстіне аудан әкімі мен  ша­руашылықтар гранттарына облыс­тағы колледждерде оқып жатқан жастар да жеткілікті. Ұзынкөл ауданында да басқа жерлердегідей  оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Студенттер мен түлектер басқо­суында Ұзынкөл ауданындағы  жас мамандармен жұмыстың жақсы тәжірибелері кеңінен  әңгіме болды. Мұнда мектептердегі әр жас мұғалімнің  ақылшы-ұстазы бар. Олар бірге отырып  оқу, жұмыс жоспарын жасайды, балалармен жұмыс істеуде өзінің ақыл-кеңесін айтып отырады. Аудан әкімшілігі еліміздегі және облыстағы көптеген жоғары және орта  оқу орындары­мен тығыз қарым-қатынас жасап отырады. Мысалы, өткен жылы аудан басшылығы медициналық оқу орындарымен 4 дәрігер және бір акушерка үшін 4 келісім-шарт жасады. Олардың барлығы қазір аудандық аурухананың белді мамандары болып жүр. Қазір аудан әкімінің грантымен  13 жас педа­гогикалық жоғары оқу орында­рында   білім алуда. Аудандағы селолық  округтерде жас мамандарға қамқорлық-қолдау жасау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмысқа сол өңірдегі қалталы  ауыл­шаруашылық кәсіпорындары басшылары да тартылады. Өйткені жас маман мәселесінің өзектілігі ауылдағылардың бәріне ортақ. Ұзынкөл ауданындағы шаруашы­лық басшылары Болат Қарабаев, Рүстем Көшербаевтар  ауылға келген жас маманға баспана салып беріп, олардың тұрмыстық мәселе­леріне көмек беруімен басқаларға үлгі болды. Ауылға келген жас маманға жан-жақты жағдай жасау, туған жерге деген патриоттық сезімін ояту, ауылды көркейтуге олардың белсенділігін күшейту әлде де жұмыстарды, жұртшылықтың, басшылардың назарын аударуды талап етеді. Сондықтан “алма піс, аузыма түс” деп ауылға келген жастардың да қарап отыруына болмайды, жастық жалынмен қимылдау керек. Мұны осындағы жас мамандар бастама етіп көтерді әрі сол үшін “Түлектер мен жас мамандар ассоциациясын” құрды. – Аудан жас мамандарға әлі де зәру. Биыл ауданға 19 медицина маманы және 24 мұғалім  керек. Олардың барлығы да  жергілікті жерге үйренісіп,  ең бастысы тұрақ­тау үшін атқарылар жұмыс көп. Оны бәріміз бірігіп, жұдырықтай жұмылып шешуіміз керек. Пре­зидентіміз жастарға қамқорлықты жасауындай жасап отыр. “Бола­шақ”, “Ауыл жастары” бағдар­ламалары соның жақсы дәлелі. Президент жастардың қамын ойлағанда біз неге оған қолдау көріспейміз?! – дейді жас маман Олеся Попова.–Біздің аталарымыз бен аналарымыз ауылды  мұнан да қиын кезде көтерген болатын. Ұзынкөлде жиналған жас түлектер мен мамандар, аудан басшылары бірігіп, жастарға  үндеу қабылдады. Онда “Ауылдың бола­шағы – жастардың қолында!” делінген.  Ұзынкөл ауданының орталығында  жас мамандар мен түлектердің форумы өтіп жатқан кезде Федоров селосында  “Бірлі­гіміз жарасқан!” акциясы мен “Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бә­ріміз!” жастардың  марафон-эста­фетасы шеңберінде ауыл жастары мен осындағы мектепті биыл бі­тірген түлектер асар ұйымдас­тырып, мектептің спорт залын өздері жөндеді. Оның құрылыс материалдарын жергілікті кәсіпкер В.П.Нередь алып берді. Бұл асарға каникулда жүрген мектеп оқушы­ларына дейін тартылып, олар ауылды күл-қоқыстан тазартты. Алдағы уақытта ауыл көшелеріне гүл егуді, жастар саябағын жасауды да  ойластырып қойыпты осындағы  орта мектептің  педагогика ұжымы. Бірліктің жасандылығы жоқ жарасымды көрінісі еді бұл. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы.