• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 10:25

Жарамасақтық жарысы

Осыдан он бір жыл бұрын Төрегелді аға Шарманов газетімізге «Құндылық­тар құлдырауы» деген мақала жазып, ғылымның құнсыздануы мен ысырап­шылдықты, арзан атақ­құмарлық пен даңғаза тойқұмар­лы­ғымызды, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүретін тоғышар ұрпақты өткір сынға алған еді. Мақаланы оқып оты­рып, қоғамдағы адал еңбек пен адам­гер­ші­лік құндылықтың әлсіреуі академик ақ­сақалдың да жанына батқан екен-ау деп ойлағанбыз. Ал қазір осы құлдырау ша­рық­тау­ шегіне жетіп, жарамсақтықтың жарысына ұласып кеткендей көрінеді...

Қазақ адам бойындағы қадірсіз мінезді сипаттағанда «жарамсақтанып» деп жатады. Жалпы, мағынасы да, түп төркіні де жақсы сөз емес. «Жағынған хан болмас, жалпақтаған жар болмас» деген халқымыз жарамсақтықты ешқашан жақсы қасиет деп те бағаламаған. Керісінше, адамның ар-ожданын аласартатын, мінезді бұзатын, шындықты тұмшалайтын жағымсыз қылық ретінде таныған. Дәстүрлі қазақ қоғамында тура сөз, мәрттік, намыс, кі­сілік жоғары баға­ланғандықтан, жағымпаздық пен жал­тақтыққа сын көзімен қараған. Бірақ бұл мінез қазір біздің қоғамның дертіне айналып барады.

....Бірде дәріс кезінде Тауман аға Амандосов әлденеге таусыла сөйлеп келе жатты да, алдында көздері жәутеңдеп отыр­ған біздерге – 1-курс студенттеріне қарап тосылып қалды. Сосын: «Оқтай түзу теректен де қисық бұтақтар өрбімей ме? Қоғам болған соң, аласы да, құласы да болады ғой» деп, ең алдымен бізді емес, өзін-өзі жұбатқандай болып еді. Тауман ағай секілді біз де осындай сүйкімсіз, сұрқия көріністерге көз жұма қарап, «өтер, кетер, өшер, өзгерер» деп өз-өзімізді «жұбатқандай» боламыз. Алайда кейінгі уақытта жарамсақтар мен жағымпаздардың жарысы ашық жүргізіле бастады, ең өкініштісі мұндай жарыстарға «бәс» те тігіледі. Яғни жарамсақтық жасаудың өз «құны» бар. Бұл жарыста кімнің шабандозы топ жарып, бағы жанады, ал кімнің аты сүрініп, орта жолда қа­лады – оған, өкінішке қарай, ар-ождан, ұят, намыс төреші емес, бәс тіккендердің беделі судья.

Рас, тобырлық психология бұрын да болған, бола да бермек. Бұл – ақиқат. Алай­да жоғарғы жаққа жағымпаздану мен билігі барға ыңғайлана кетуді әлеуметтік желі­лерде жарнамалап, сәнге айналдырып жібер­геніміз соншалық, мұны қалыпты құбы­лыстай қабылдайтын болдық. Жанға бата­тыны да, жүйке жұқартатыны да осы. Неге дейсіз бе? Себебі бүгінгі қоғам «Әділдік кім­нің жағында?» деп емес, «Билік кімнің қо­лын­да?» деп, жоғарғы жаққа жалтақтап, жағым­пазданумен өмір сүруді әдетке айналдырып алды. Ал өзгелер мұны қалыпты құбылыс ретінде қабылдайтындай күйге түстік.

Әлемдік саясатта да, бастан өткерген өз тарихы­мызда да жарамсақтықтың ең қор­қыныш­ты формасын көрсететін оқиғалар аз емес. Әкесін айдауға жіберіп, ағасын ату жазасына кескен Сталинді «күннен жарық тұлғаға» балап, «данышпан көсем» санағанымыз да белгілі. Аштық пен қуғын-сүргін кезеңінде шын құрметтен емес, аман қалу үшін мадақ айтып жарысты жұрт. Бұл – ащы да болса ақиқат.

Адам ақиқатты емес, билік не айтса соны шындық деп қабылдай бастаған кезде қоғам таза психологиялық бағындыруға мойынұсынады. Егер жүйе «2 × 2 = 5» дегізсе, және оны барша жұрт мақұлдаса, бұл жай ғана абсурд емес. Бұл қоғамның құлдырап бара жатқан ауыр атмосферасын көрсете­ді. Ал бұл – әлеуметтанушылардың айтып отырғаны.

Жоғарғы жаққа қарап ойын да, бойын да тез түзей қойып, пікірін өзгерте салатын, ұстанымынан оп-оңай тайқып кететіндерге қарап отырып, әлемдік саясаткерлердің «Билікке ең қауіпті адам – жау емес, бәрін мақұлдайтын адам» екенін іштей болса да мойындайсың. Абай айтпақшы, «Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіріп…» жүргендер қазір әлеуметтік желіде де жетіп артылады.

Естеріңізде ме? Бейімбет Майлиннің «Шаншар молдасы», «Күлпашы» мен «Мыр­қым­байындағы» кейіпкерлер болысқа, ауыл­найға, өкімет өкіліне жағынушы еді ғой. Жан-жағыңа бажайлап қарасаң, жазушының сол «пысық», «икемделгіш», «жағынғыштары» бүгін де тірі сияқты. Тек олардың ұрпағы әлеуметтік желіге көшкен. Айырмашылығы – олар бүгінде шапан кимейді, сторис салады, пост жазады.

Қазақ бұрын жарамсақ адамды «пысық» деп кекететін. Өйткені ел ішінде жағым­паз­дық ұят саналатын. Қазір керісінше, кім көп мақтаса, кім көп қошемет айтса, сол «мәде­ниетті», «позитивті», «дұрыс адам» болып көрінеді. Кім білсін, Майлиннің кейіпкерлері біздің заманға тап болса, бәлкім, блогер болар ма еді?..

Соңғы жаңалықтар